22.01.2024, 12:15
Оқылды: 44

Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты басталды

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астанада ауыл мектептерінің 10-11(12) сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағытының үшінші кезеңі басталды.

966a6391-1cd1-4378-99f2-bb748e6b050f

Үшінші (республикалық) кезеңге олимпиаданың екінші кезеңінен өткен еліміздің әр өңірінен 1 088 оқушы іріктелген. Олардың 476-ы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша қатысады.

Республикалық кезең қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша дәстүрлі форматта екі турдан өтеді.

«Олимпиада жаратылыстану- математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңде өтеді. Бастапқы кезеңге 78 404 оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 844 мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың финалдық кезеңіне 1 088 оқушы жолдама алса, оның 476-сы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша», – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.

Айта кетсек, III кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале