10.04.2025, 17:30
Оқылды: 507

«Ауыл ойындары-2025»

Асық ату, ләңгі тебу, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, футзал және арқан тартыс бұл – республикалық «Ауыл ойындары-2025» турнирінің бағдарламасына енген спорт түрлері. Жуырда «Jaiyq Arena» спорт кешенінде «Ауыл ойындары-2025» турнирінің облыстық іріктеу кезең өтті. Ауыл спортын дамытып, аймақтардағы талантты жас спортшыларды іріктеуге және ауылдағы спортшылардың әлеуетін арттыруға арналған жарыстың ашылуына «Ауыл» партиясы облыстық филиалының аппарат басшысы Ғайса Қапақов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов қатысты.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 17.58.22 (2)

Бұрын ауыл ойындарының бағдарламасына ұлттық спорт түрлерінен тоғызқұмалақ пен қазақ күресі ғана кіретін еді. Биыл арқан тартыс, ұлттық спорт болып тіркелмеген ләңгі тебуді де қостық. Бұл ауыл балаларына қолжетімді спорт түрлері. Бұлай жасаудағы басты мақсатымыз – ауылдардағы қыз-жігіттердің машыққан спорт түрлерін қолжетімді етіп, шеберліктерін шыңдау,–деді Бақдәулет Маратұлы.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 17.58.22 (1)

Биылғы ауыл ойындарының ерекшелігі – сол халық арасында ұмыт болып бара жатқан ойын түрлерін жандандырғаны. Биылғы сайыстың ұйымдастырушысы Ғайса Қапақовтың айтуынша, мұндай жарыс ауылдағы жастарды спортқа баулып, ұмытыла бастаған спорт түрлерін қайта түлетуге мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 17.58.22

–Жарыста үздік деп танылғандар Ақтөбе қаласында өтетін аймақтық іріктеу кезеңінде өңір намысын қорғайтын болады. Ол жақта үздік атанған спортшылар Астана қаласында өтетін елішілік жарыста бақ сынайды,–деді Ғайса Хамидоллаұлы.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 17.58.23 (1)

100-ден астам жастың басын қосқан жарыс қорытындысында асық ату сайысында БҚИТУ студенті Жігер Сағын үздік шықса, ләңгі тебу сынын БҚУ студенті Қанат Нұрсұлтан жеңіп алды. Дәстүрлі садақ атқандар жарысында БҚАТУ намысын қорғаған Жігер Ғалымов, тоғызқұмалақ сынының қыздар бәсекесін БҚИТУ студенті Ақмоншақ Нағашыбай, ұлдар сынын БҚИТУ студенті Батырхан Тұқтыбай жеңіп алды. Қазақ күресінде БҚУ намысын жыртқан Махамбет Мұратбек үздік шықты. Ал футзалшылар сынын Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің командасы жеңіп алды. Соңғы бәсеке – арқан тарту жарысында Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университет командасы үздік шықты.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 17.58.23

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен медальдар тарту етілді.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале