3.03.2020, 15:15
Оқылды: 48

Ауыл шаруашылығы қайтсе дамиды?

Шаруалар екі мәселенің шешілгенін қалайды: біріншісі – ауыл шаруашылығы саласында қолжетімді ұзақ мерзімдік арзан несиенің берілуі, екіншісі – субсидиялау ережелерінің тұрақтылығы. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өткен басқосуда айтылды.
dairabai (1)

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығын өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Акбар Мәуленовтың сөзіне сүйенсек, өткен жылғы қазан айында агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы заң қабылданып, соның аясында бірқатар ережеге өзгерістер енгізілген. Соның негізінде өсімдік шаруашылығы саласындағы субсидиялау ережелері біріктіріліп, қоғамдық талқылаудан өтіп, мемлекеттік құрылымдарға пысықтауға берілген. Жаңа ережеде басым дақылдарға, тұқым шаруашылығына, тыңайтқыштарға, өсімдік шаруашылығына, көпжылдық екпе шөпке субсидия беру қарастырылған. Бұдан былай басым дақылдарға берілетін субсидия тізімінде тек қант қызылшасы қалған, өзге дақылдарға субсидия берілмейтін болған.  Тыңайтқыштарға субсидия беру тәртібінде өзгеріс жоқ. 2021 жылдан бастап тыңайтқыштарға субсидия алу үшін электронды агрохимиялық картограмма болуы (топырақтың өсімдіктер үшін сіңімді қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін түрлі-түсті көріністе көрсететін карта – авт.) шарт. Өсімдік қорғау құралдарынан гербицидтер бұрыннан субсидияланса, биылдан бастап фунгицид, инсектицидтер де субсидияланатын болды. Тұқым шаруашылығында 2018 жылғы субсидиялау тетіктері қайта қолданылмақ.

dairabai (2)

Кеңесте сөз алған ҚР АШМ-ның мал шаруашылығы саласын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы Ермек Әбуовтың айтуынша, 2020 жылға БҚО-ға ауыл шаруашылығы саласына 7 млрд. 868 млн. 633 мың теңге қаралған. «Бірақ бізге түскен қаулы бойынша ауыл шаруашылығы саласына 2 млрд. 789 млн. 636 мың теңге бөлінеді деп қол қойылды, сонда 3 млрд. 922 млн. 230 мың теңге қайда? Ертең жыл бойы бізге сіздерден өтініштер түседі, министрлікті кінәлайсыздар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, мал шаруашылығы департаментінің ешқандай кінәсі жоқ бұл жерде.  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламада ірі қара, қой шаруашылықтарын дамыту, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал сатып алу, субсидиялау жағы қарастырылған. Ертең осыншама қаржы жетпей қалады», – деген Ермек Әбуов бұл мәселені облыс басшылығымен бірге шешу керектігін айтты.

Кеңеске қатысқан «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаевтың сөзіне сүйенсек, еліміздің экономикасында ілгерілеушілік бар дегенмен ауыл шаруашылығына қатысты бұлай деп айта алмайсыз. Мысалға, өткен ғасырдың 90-жылдары 38 млн. қой болса, бүгінде оның саны 16-17 млн. шамасында. Ірі қара, жылқы  саны сәйкесінше 7,5 миллион, 7,2 миллион болды. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке ауыл шаруашылығын түбегейлі өзгерту, реформа жасау жөнінде талап қоюда. «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жөнінде Үкімет жанынан жұмыс істейтін комиссияның мүшесі ретінде еңбек адамына, шаруаларға жағдай жасау жөнінде өз ұсыныстарымызды берудеміз. Біріншіден, шаруа адамына қолжетімді несие керек. Кеңес заманында «Агробанк» деген банктен 0,01 пайызбен жарты бет қағаз толтырып, таңертең барып, түске дейін тапсырып, шаруашылыққа несие алатынбыз. «ҚазАгро» холдингінің 7 еншілес кәсіпорнының  төртеуі қысқарып, үшеуі қалды. Өткенде министрлікте өткен жиында шаруаларға несие беретін банк ұйымдастырайық деп ұсыныс айттық. Белоруссияда «Белагробанк», Ресейде «Сельхозбанк» жұмыс істейді. Қазір саланы «ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» қаржылық институттары қаржыландырады. Бірақ шаруалардың несие алып шылқып отырғаны шамалы, өйткені несие қолжетімді емес. Өткенде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жиынан қатысқанымда, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басшылығы 11 млрд. теңгені «Хоум кредитбанкке» депозитке салып қойғаны айтылды. Масқара ғой. Сондықтан әрбір шаруаның үні естілетін уақыт жетті. Өз құқығымызды қорғап, жағдайымызды жасауымыз керек, өйткені ауыл шаруашылығы сіз бен бізге керек. Қазақтың тамыры – ауылда. Ауылдың жағдайы оңалмай, мемлекеттегі түйінді түйткілдер шешілмейді. Біраз мәселе шешілуде. 2020 жылдан бастап бірыңғай жер салығы өзгертіліп, тапқан табыстан, жердің гектарына төленетін салық шамасы 6-7 есе көбейетін болып еді. Сол 4-5 жылға өзгертілмей, бұрынғы күйінде қалатын болды. Елімізде 180 мың шағын шаруа қожалығы жұмыс істейді. Солар 900 млн. теңге салық төлейді. Фермерлер одағы сол майда шаруашылықтарды салықтан босату жөнінде ұсыныс жасадық», – деді Ж. Дайрабаев. Оның айтуынша, ауылдағы фермерге тіршілік етуге қолайлы жағдай жасау үшін тек ауыл шаруашылығы министрлігін кінәлай беруге болмайды. Медпункт, тұрғын үй жағынан қамту, инфрақұрылым тарту мәселесіне өзге де министрліктер бет бұруы керек.

Жиынға қатысушылар ауылды, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жайын тиянақты ойластырып, АҚШ-тағыдай 10 жылға арналған бағдарлама жасау керек десті.  Субсидияның 56 бағыты, 14 ережесі бар.  Соңғы бес жыл ішінде субсидиялау ережелері 47 рет өзгертілген. Сондықтан субсидияны тиянақтап, тұрақтандыру мәселесі ұсынылды.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Халиуллиннің  хабарлауынша,  өңірдегі көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізу мақсатында арзандатылған 12 мың тонна дизелдік отын бөлінген. Оның операторы – «БатысАрна» ЖШС, дизель отынының 1 литрінің бағасы – 179 теңге. Наурыз айына – 3 мың тонна, сәуірге – 3 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусым айында 3 мың тонна жеткізу көзделген.  Биыл көктемнің ерте түсуіне орай көктемгі-далалық жұмыстар мамыр айында басталып кетуі кәдік. Сондықтан министрлік тарапынан мамыр айына жоспарланған 6 мың тонна дизель отынының 1 мың тоннасын наурыз айына жылжытуға оң шешім шығарылуы сұралды.

– Жылда ақпан айынан бастап мал шаруашылығына берілетін субсидияларға өтінімдерді қабылдап, төлей бастайтынбыз. Қаулыны алты рет жіберіп, енді келісім алдық. Алдағы аптада облыс әкімдігінің қарауынан шығарып, әділет органдарына тіркеп, субсидияны төлей бастаймыз. Мал шаруашылығына жылда қаражат жетіспейді.  Министрлікке жолданған өтінім бойынша мал шаруашылығына 6 млрд. 700 млн. теңге сұраттық. Бірақ жергілікті бюджеттің шектеулігіне байланысты әзірге 3 млрд. 900 млн. теңгеге кем бөлінген.  Қазіргі уақытта облыстың мал шаруашылығы саласына 2 млрд. 789  млн. теңге бөлу жөнінде қаулы шығарылуда. Сол қаулыда қаралған қаржы шамасы бірінші жартыжылдықта тұқымдық түрлендіру, өнім өндіру және басқа да бағыттар бойынша субсидиялауға толықтай жетеді. Одан кейін жергілікті немесе республикалық бюджетке өтінімдерді береміз, – деп түсіндірді қаржы мәселесіндегі жетіспеушілікке түсінік берген Жасұлан Халиуллин.

Жиында шаруа қожалығының жетекшісі Марат Оңғарбеков еңбек адамын дәріптеу, әлеуметтік пакет жасау мәселелерін көтере келе, ауыл шаруашылығы саласына жұмыс күші жетіспейтіндіктен квота бөлу жайын ұсынды. Жаңақалалық шаруа Талғат Бәйкенов, бәйтеректік Сергей Шунайбеков мал ішетін судың жоқтығын алға тартты. Өзге де шаруалар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптарын алды.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале