Биылғы бес айда ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі азайған.
Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылдың қаңтар-маусым аралығында ауыл, орман және балық шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемі - 342,9 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға аз. Инвестицияның 155,4 млрд теңгесі Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан сияқты астық егетін облыстарға бағытталды. Қаржының 63,2 пайызы бір және екіжылдық дақылдарды өсіруге, ал 25,9 пайызы мал шаруашылығын дамыту үшін жұмсалады. Биылғы бес айда өңдеу өнеркәсібіне 599,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға аз. Инвестициялардың 78,8 пайызы - меншікті қаражат. Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестицияның 68 пайызы металлургия өндірісіне, химия өнеркәсібі мен тамақ өнімдерін өндіруге бағытталды», - деп бес айдың қорытындысын жариялады Ұлттық статистика бюросы.
Айта кетсек, бұрын хабарлағанымыздай, Атырауда туризм саласында 10,8 млрд теңгенің 9 инвестициялық жобасы іске асады.