Денсаулық сақтау министрлігі шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында медицина ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы өзгерістерге сәйкес, енді халық саны 50 адамға дейінгі елді мекендер медицина қызметкерімен үйде қамтамасыз етіледі.
Тұрғындар саны 50-ден 500 адамға дейінгі ауылдарда медициналық пунктер ашу, халық саны 500-ден 1500 адамға дейін (бұрын 800-ден 1500-ге дейін болған) елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пунктер құру көзделеді.
Желінің жаңа нормативін енгізу нәтижесінде 502 медициналық пункті ФАП - қа, 185 дәрігерлік амбулаторияны МСАК орталықтарына қайта ұйымдастыру белгіленген.
Осы өзгерістер аясында 500-ден астам орта медициналық қызметкер, фельдшерлер мен акушерлер пайда болады.
Халық саны 1500-ден 5000 адамға дейін (бұрын 1500-ден 10 000-ға дейін болған) елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар ашылады, сондай-ақ 5000-нан астам тұрғын тұратын ауылдарда МСАК орталықтары ашылады.
Ауыл халқына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету, «алтын сағат» қағидатын сақтау және жаңа медициналық технологиялардың қолжетімділігі мақсатында көпбейінді аудан аралық ауруханалар көпбейінді орталық аудандық аурухана болып қайта құрылады.
Түрлендірілген КОАА базасында мынадай қызметтер жұмыс істеуі тиіс: инсульт орталығы, аз инвазивті кардиологиялық орталық (ТКА орталығы), медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, перинаталды орталық немесе босандыру бөлімшесі, триаж жүйесі бар қабылдау бөлімшесі, жоғары технологиялық жабдықпен (КТ, МРТ, ангиографтар) жарақтандырылған тәулік бойы жұмыс істейтін клиникалық зертхана.
Аталған медициналық ұйымдар бірнеше ауданның тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл шалғай аудандар мен ауыл тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.