24.03.2024, 22:55
Оқылды: 83

Ауыл жастары ерекше турнир өткізді

Шыңғырлау ауданына қарасты Алмаз ауылы мектебінің 2005 жылғы түлектері ерекше волейбол турнирін ұйымдастырды. Өмірден өткен сыныптастары Асхат Қонысовты еске алу мақсатында өткен әуедоп додасы осымен екінші мәрте өтті.

IMG-20240324-WA0011

Ауыл балаларын спортқа баулып, волейболға деген қызығушылықты арттыруды мақсат өткен жарысқа Алмаз орта мектебін әр жылдары аяқтаған білім ошағының түлектері мен бірнеше отбасы мүшелерінен жасақталған 10 команда қатысты.

- Ауыл мектебінің 2005 жылғы түлектерінің ауызбіршілігі қуантады. Қызықты турнир ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз,-деді жарыстың ашылу салтанатында округ әкімі Самат Бақтыгереев.

Одан соң Асхат Қонысовтың әкесі Амантай ағамыз бен Ырысты анамыз жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

- Ұлым бұл өмірде болмаса да оның достары бар. Ұмытпай, еске алып жатқан достарына отбасымның атынан ерекше алғыс білдіремін, - деді Амантай Қонысов.

Таңнан кешке дейін ауылды думанға бөлеген турнир тартысқа толы болды. Әсіресе ауыл мектебінің, Айтқалиевтер, Жазықбаевтар әулетінің командалары жанкүйерді желпіндірді. Одан бөлек студенттер, 1991-1982 жылғы туған жігіттерден құралған командалар да шебер ойынымен көзге түсті.

Әр ұпай үшін жан алысып, жан беріскен волейболшылар ойын көрмекке келген ағайынды жалықтырмады. Ойыншыларға дем беріп, әр қиқуға қиқу қосқан көрермен де волейболдың сәнін кіргізді. Жанкүйер демеуінен күш алған командалар да ойынын ширата түсті.

Қорытындысында үшінші орын «Айтқалиевтер» әулетінің командасына, екінші орын ауыл мектебінің ұжымына бұйырса, бір әулеттің немере, жиендерінен жасақталған «Жазықбаевтар» командасы турнир жеңімпазы атанды.

IMG-20240324-WA0013

Сондай-ақ үздік ойын өрнегін көрсеткен волейболшылар арнайы аталымдарға ие болды. Жас болса да «Айтқалиевтер» алға сүйреген Ералы Айтқалиев «Үздік шабуылшы», «Жазықбаевтар» командасының ғана емес, бүкіл турнирдің жас ойыншысы Ерназ Қобыланды «Үздік қорғаушы» аталымына ие болса, Нұрдәулет Қалқаман турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан медаль мен кубок, қомақты қаржылай сыйақы берілді. Сондай-ақ Асхат Қонысовтың бөлелері мен нағашылары әр аталым иегерлеріне, турнирдің өтуіне ұйытқы болған жандар мен спорошыларды аспен қамтыған аспаздарға ұлттық нақыштағы бас киім мен кеудеше кигізді.

Ауыл кешіне сән берген турнир жалғасын таба бермек.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале