Бүгін Батыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Ауыл жастарының өңірлік форумы салтанатты түрде ашылды. Бұл форум – ауылдың ертеңін қалыптастыратын, ел болашағына жауапты жас буынның басын қосқан маңызды алаң. Жиын барысында жастарға арналған жаңа идеялар, тың бастамалар және өзара тәжірибе алмасудың мүмкіндіктері ұсынылды.

Форум «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы Темірғали Ескендіровтің құттықтау сөзінен басталды. Өз сөзінде ол ауыл жастарының ел дамуына қосар үлесі зор екенін, партияның жастар бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.
Келесі сөз кезегі «Ауыл» партиясы Төрағасының орынбасары, Орталық аппарат басшысы Ғалымжан Мұратұлы берілді. Ол Батыс Қазақстан жастарына ерекше сәлемін жолдап, ауылдық жерлердегі жас буынның табысты дамуы партияның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Спикер жастарды батыл идеялар ұсынуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға шақырды.
Сонымен қатар форумға БҚО әкімінің орынбасары Мирас Рүстемұлы қатысып, жастар саясатына қатысты өз ойымен бөлісті. Ол өңірде жастарға арналған жобалардың жоғары дамып келе жатқанын және болашақта да қолдаудың арта түсерін айтты.

Форумның маңызды қонақтарының бірі – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Файзоллаұлы болды. Ол елдік мәселе, ұлттық құндылық және жас буынның жауапкершілігі туралы терең ой қозғап, жастарды білім мен ізденіске шақырды. Оның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі залда отырған жастарға ерекше мотивация сыйлады.
Форум барысында «Ауыл» партиясының қатары жаңа жас мүшелермен толықты. Темірғали Қаратайұлы партияға жаңадан қосылған белсенді жастарға ресми түрде партия билеттерін табыстады. Жиналғандар жас партияластарды жылы ықыласпен қарсы алып, жаңа жауапкершілік жолында табыс тіледі.

Бүгін форумның алғашқы күні. Ертең форум аясында тәжірибелі спикерлердің қатысуымен мотивациялық кездесу өтеді. Бұл шара ауыл жастарының жаңа бастамаларына серпін беруді, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған нақты кеңестер ұсынуды мақсат етеді.
Ауыл жастарының өңірлік форумы – жастарды біріктіретін, оларды жаңа белестерге жетелейтін, ауыл болашағына оң өзгеріс әкелетін маңызды алаңға айналғаны анық.
Бекзат Қанәділ
zhaikpress.kz