«Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша Орал қаласы NIS педагогтері өңірдегі төрт мектептің мұғалімдерімен тәжірибе бөлісті. Бұл туралы Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы Мөлдір Латифова мәлімдеді.
Жәнібек ауданындағы Т.Жароков атындағы мектеп, Сырым ауданындағы Қ.Мырзалиев атындағы мектеп, Бөкей ордасындағы М.Бабажанов атындағы мектеп және Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №5 мектеп мұғалімдері бір күнін біліктілікті арттыратын тағылымдамаға арнады.
Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқартуды мақсат еткен аталған жобаға 75 мұғалім келді. Жобаның міндеті – тірек мектептерге мониторинг пен зерттеу жасауға, білім беру ортасын трансформациялауға көмектесу және әдістемелік қолдау көрсету.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары ауыл мұғалімдеріне оқу және оқыту тәсілдері және критериалды бағалау, тәрбие жұмысы, мұғалім мен оқушының әлеуметтік-эмоционалды дағдылары тақырыптары бойынша ашық сабақтар ұсынды.
Спикерлер сабақ берудің жаңа әдіс-тәсілдерін, әртүрлі оқушымен жұмыс істеу жолы және заманауи білім беру технологияларымен бөлісті. Сондай-ақ, Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері білім беру ісіндегі жаңа әдістерді ұсынды.
– Тағылымдама барысында өзімнің сабақ берудегі кейбір қателіктерімді түсіндім. Әр балаға жеке бағыт беру, сабақты жүйелі жоспарлау әдістерін меңгердім. Тренерлер сабақ процесін анық әрі нақты жеткізіп, ой тастай білді. Алған білік-дағдымызды әріптестермен бөлісіп, өз сабағымда қолдануға асықпын, - дейді Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №5 мектебінің биология пәнінің мұғалімі Элвира Өтепберген.
Тағылымдама соңында мұғалімдердің креативті қабілетін шыңдайтын ойын ұйымдастырылып, өзара жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.