3.10.2023, 10:00
Оқылды: 59

Ауылдан шыққан профессор

 

Ұлдай Дауқариева 1956 жылы бұрынғы Тайпақ ауданының Есенсай ауылында дүниеге келген. Ауылдағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте 4-сыныпқа дейін оқып, одан кейін Орал қаласындағы №11 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алады. Ұлдай Қабаханқызы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сөйтіп, ол Комсомол ұйымының хатшылық қызметін атқарған. 1973 жылы мектеп бітірген соң, А.Пушкин атындағы педагогикалық институттың шет тілдері факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы ойдағыдай аяқтайды.

52134123-173e-4fc7-a856-7cda943cc2a9

Алғашқы еңбек жолын Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында шет тілдер кафедрасының лаборанты болып бастайды. Кейін ағылшын тілінің аға оқытушысы болды.

Ұлдай Қабаханқызы 1992 жылы дүниежүзілік таңдау­лы он жоғары оқу орнының қатарына енген М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне аспирантураға түседі. Бұл оқу орнына түспес бұрын аталған университеттің ағылшын тілі кафедрасының талабы бойынша сол жерде кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ольга Александрованың жетекшілігімен жыл бойы қызмет етіп, тәжірибеден өтеді. Осы уақыт ішінде Ұлдай Қабаханқызы кандидаттық минимум – философия және екінші шет тілі емтихандарын ойдағыдай тапсырады.

Бір жылдан соң Ұлдай ханым Зинатбану Мусинаның қолдауымен «Еуразия» Батыс Қазақстан тілдер және менеджмент институтына қызметке шақырылады. Осы институтта аударма ісі және шет тілдер факультетінің деканы болып, 13 жыл қызмет етті. 1998 жылы Ұлдай Қаба­ханқызы Манчестер (Ұлыб­ритания) қаласында өткен ағылшын тілі оқытушыларының халықаралық конференциясына барады. Іс-шараға қатысқан 3800 делегаттың арасында Қазақстаннан бір өзі болған екен.

Шетелде алған білім-білігін күнделікті қызметінде кеңінен қолданған еңбекқор Ұлдай – шығармашылық ізденісте жүретін адам. Оның еңбегін ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары бағалап, еліміздің түрлі университетінде мемлекеттік аттестациялау комиссиясының төрайымы болып тағайындалады. 2002 жылы Ұ. Дауқариева Британдық кеңесте грант иегері атанып, көптеген тренинг-семинар өткізген. Педагог мамандар даярлады. Ұлдай кезінде еліміздегі шет тілі пәндері мұғалімдерінің республикалық қауымдастығының вицепрезиденті болған. Ол – білікті ұстаз ретінде бәріне үлгі. Әріптестері мен студенттерінің арасында беделді.

Ұлдай ғылым докторы, профессор Ольга Александрованың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғайды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Ольга Гаспарян (Москва), филология ғылымдарының докторы Наталья Козерева (Москва) оппоненттері болып тағайындалады. Сонымен диссертациялық кеңестің 23 мүшесі – филология ғылымдарының докторлары 100% дауыс береді. Дауыс беру арқылы профессор атағына ұсынылады. 40 жыл бір салада қызмет еткен Ұлдай – Есенсай ауылынан шыққан тұңғыш профессор. Кейіпкеріміздің жұбайы Мақсот Дауқариев – білімді, жанашыр, отбасына қамқор азамат. Балаларын ер жеткізіп, төрт немере  сүйіп отыр.

Мерует Қауымбаева,

ардагерлер кеңесінің төрайымы,

Есенсай ауылы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале