31.01.2023, 10:45
Оқылды: 63

Ауылды өркендететін жоба басталмақ

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі тиісті қаулысымен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына сәйкес Ақ Жайық өңірінде ауыл халқының табысын арттыру бойынша Жамбыл облысының тәжірибесін енгізу тапсырылды. Соған орай озық тәжірибені тиімді түрде іске асыру үшін облыс әкімдігі бекіткен жобаны жүзеге асыруға арналған қадамдық жоспар жасақталған.  

98704865B50A357FB49A57DFE2F605E8

Жоспарға сәйкес облыстық, аудандық деңгейлерде скрининг жүргізу және оның нәтижелерін анықтау мақсатында тиісті жұмыс топтары құрылды. Әр аудандағы жұмыс топтары 147 ауылдық округті, 416 ауылды, 79 342 ауланы аралап, әр отбасының нақты табыстарын анықтады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс тұрғындарының 43,8%-ы (301,1 мың адам) ауылдық жерде тұрады. Ауылдағы 169,5 мың адам еңбекке жарамды, соның ішінде 86,4 мың адамның тұрақты табысы бар болса, ал 83,1 мың адамның тұрақты кіріс көзі жоқ. Жүргізілген скрининг нәтижесінде пилоттық жобаға қатысатын 42 (94 АЕМ) ауылдық округ анықталды (тізім әлі де пысықталуда). Алайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қорытындысы бойынша пилоттық ауылдық округтер санын 10-12-ден асырмай айқындау ұсынылды, –  деді облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.

6,4 миллиард – ауылдарға!

Өңірге осы мақсатқа, яғни қанатқақты жобаны іске асыру үшін республикалық бюджет есебінен 6,4 млрд теңге бюджеттік несие қарастырылған. Іріктелген ауылдық округтерде жобаны төрт бағыт бойынша дамыту көзделуде.

Соның ішінде сүт және жасыл белдеулерді дамытуға басымдық беріледі. Атап айтар болсақ, егіс, сүтті мал және құс шаруашылықтарын, кооперативтерді, шағын бизнесті дамыту ауыл-ауданды өркендетудің, тұрғындардың табысын арттырудың жолы болмақ. Биыл республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлеміне қарай жобаны қаржыландыру басталады. Қаражат аталмыш бағдарламаның әкімшісі   –  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есепшотына түседі. Содан кейін ауыл шаруашылығы басқармасы бюджеттік несиені игеру бойынша жобаны жүзеге асыратын қаржылық агентті (оператор) анықтау үшін конкурс  жариялайды. Конкурста жеңіп шыққан операторға аталмыш басқарма 6,4 млрд теңгені аударады. Кейін оператор ауыл тұрғындарына жобаларды іске асыру үшін шағын несиелерді ұсынады.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша жобаны нәтижелі іске асыру мақсатында барлық аудан әкімдерінің қатысуымен екі рет селекторлық кеңес өтті. Аудандарға жобаның мәнісін түсіндіретін  ақпараттық материалдар жолданды.

Сонымен қатар 2022 жылы 15 қараша күні облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен, аудан әкімдерінің, барлық жауапты орындаушылардың қатысуымен жобаны тиімді іске асыру бойынша семинар-кеңес ұйымдастырылды. Одан басқа, өңірімізден бір топ Жамбыл облысына тәжірибе алмасу мақсатында барып келді. Қазіргі уақытта іріктелген ауылдық округтер бойынша қайта пысықтау жұмысы жүргізілуде.

Шағын несиелер кімге беріледі?

Өңірімізде Жамбыл облысының пилоттық жобасын жүзеге асыру бекітілген қадамдық жоспарға сай атқарылады. Соның ішінде іріктелген ауылдық округтерде бизнес-жобаларды әзірлеу, ауылдың мамандануын, яғни қандай кәсіппен айналысатынын анықтау, өткізу нарықтарын қалыптастыру, жаңадан кооперативтер құру, «зәкірлік кооперация» тәсілдерін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылуы тиіс. Өткен жылдың соңына дейін іріктелген ауылдық округтерде кепілге қойылатын мүліктерді түгендеу, құжаттандыру және мүліктерді бағалау жұмыстары  жүргізілді.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға берілетін  шағын несиелер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 14 шілдедегі №263 бұйрығында айқындалған талаптарға сәйкес ұсынылады. Ол кімдерге беріледі десек, бірінші кезекте «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның 23-бабының 1-тармағында және «Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарын айқындау туралы» ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі №178 қаулысына сәйкес жұмыссыздарға беріледі. Сонымен бірге ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің, зейнеткерлік жасқа жетпеген, қысқартуға іліккен жұмысшылардың да несие алуға мүмкіндігі бар.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кіріс алу мақсатында тауар өндіретін, өткізетін және қызмет көрсететін  (кәсіпкер емес) азаматтар,  кәсібі өрге баспай  тұрған  бизнес иелері, отбасылық кәсiпкерлiкте еңбекақы алмайтын адамдар да шағын несиеден үміткер бола алады. Жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз адамдар және  өндірістік кооператив мүшелері аталмыш жоба арқылы несие алып, табыс тайқазанын тасыта алады.

Жоба аясындағы жеңілдіктер 

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарының өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуына мүмкіндігі бар, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Жоба аясында ауыл тұрғындары елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласы бойынша шағын бизнес ашуға, мал шаруашылығы (7 жылға дейін) мен өсімдік шаруашылығын (5 жылға дейін) дамытуға, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға мүмкіндік алады. Несие алу үшін ауыл азаматтары тұрғылықты жерінде заңдастырылған жылжымайтын мүліктерін кепілдікке салады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Сыйақы мөлшерлемесі  2,5 пайыздық несие тұрғындарға тиімді болары хақ. Мәселен, бүгінде еліміздегі ешбір коммерциялық банк ауыл тұрғындарына мұндай шарттармен несие бермейді. Әлемдегі инфляция деңгейін ескеретін болсақ,  2,5  пайыздық несие – баршаға арман іспеттес. Сондықтан мұндай мүмкіндікті қолдан калт жібермеген жөн. Ауылда  қандай да бір өндіріс орнын ашып, оны дамытуға мемлекет  үлкен көмек бергелі отыр. Тек ондай төмен пайыздық қаржыға қол жеткізу үшін өмірге бейім жоба-жоспарыңыз  болуы шарт. Жобалар ауыл-аудандарда мал және егін шаруашылықтарын дамытуға, кооперативтерді жабдықтауға, шағын және орта кәсіпкерліктің санын арттыруға жол ашады. Кез келген ауыл тұрғыны жобаны жүзеге асыру үшін өз елді мекенінде кооперативтерге бірігіп, соның арқа-сында лизингке қажет  техника сатып   алуына болады.

Өткен жылы Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіп­керлік бастамаларын қолдаймыз», – деген болатын. Ендеше, қапы қалмаңыз, ағайын!

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале