13.09.2024, 12:01
Оқылды: 188

«Ауылдың дамуы – маңызды стратегиялық мақсат» – Сырым әкімі

Биыл көктемгі су тасқыны салдарынан Сырым ауданында төтенше жағдай жарияланды. Аудан аумағындағы 7 елді мекенде 265 тұрғын үй және 4 әлеуметтік нысан тасқын су салдарынан бұзылды. Су тасқыны салдарын қалпына келтіру барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен баспанасы жарамсыз деп танылған 114 отбасыға үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл жөнінде таяуда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов айтты. Бұған қоса аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

56D572CB-48AE-434E-A274-B2391D045566

Сырым ауданында су астында қалған әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда, бүгіндері Өлеңті ауылында 30 орындық жатақхананың, Жымпиты ауылындағы «Сырым» колледжі жатақханасы мен осы ауылдағы өрт сөндіру депосының, Сырым аудандық электр торабы ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылдары су тасқынының алдын алу мақсатында Бұлдырты ауылындағы бөгет қалпына келтіріліп, Қособа және Жымпиты ауылдарында Өлеңті өзенінің жағала-уы биіктетілмек. Жұмакелді Жолдыбайұлы аудандағы жол құрылысына тоқталып өтті.

Оның мәліметінше, жыл басынан бері 7 жолдың құрылыс-жөндеу жұмысы жүзеге асқан. Бұлан ауылына 2 шақырым, Шағырлой ауылына 1,15 шақырым кірмежол және Шолақаңқаты ауылдық округіндегі «Жұмағазы Хазірет» кесенесіне барар 2,6 шақырым аутокөлік жолы күрделі жөнделген. Қособа ауылына дейінгі 29 шақырым кірмежолды орташа жөндеу жұмыстарын «Тоби» және «Ануш Құрылыс» ЖШС жүргізуде. Сондай-ақ Бұлдырты және Жымпиты ауылдарындағы 10 көшенің ауылішілік жолы күрделі жөнделуде.

– Биылғы аудан бюджетінің жалпы көлемі – 6 млрд 991 млн теңге. Осы жылдың 7 айына жоспар 3 млрд 482 млн теңге болса, ол 3 млрд 414 млн теңгеге орындалып отыр. 2024 жылдың басынан өнеркәсіптік өндіріс көлемі 195,6 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 40,3 пайызға көбейген. Аудан экономикасына келер болсақ, оның негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда малдың барлық түрінен өсім байқалады. Ірі қара мал басы 23,3%-ға, қой 28,6%-ға, ешкі 16,9%-ға, жылқы 28,4%-ға өсіп отыр. Ауданда 417 шаруашылық құрылымы мал өсірумен айналысады. Соның ішінде 84 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіреді. Биыл 12 шаруашылық 94 млн 550 мың теңгеге 244 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Мал шаруашылығы өнімдерін субсидиялау бойынша ауданымыздың
150 шаруа қожалығына 215,5 млн теңге субсидия төленіп, 31 ШҚ лизинг арқылы және қолма-қол қаржыға 42 дана ауыл шаруашылығы техникасын алды. Ендігі кезекте мал қыстағына тоқталсақ, 2024-2025 жылғы қыстаққа 85 700 шартты мал басы кіреді деп жоспарлануда. Оған жоспар бойынша 161,5 мың тонна мал азығын дайындау қажет болса, бүгінгі танда 106,7 мың тонна өнім дайындалды. Сонымен қатар ауданда биыл егілген ауыл шаруашылығы  дақылдарының көлемі – 21 483 га. Атап айтқанда, дәнді дақылдар – 10 024 га, майлы дақылдар – 9376 га, мал азықтық дақылдар – 2083 га. Қазіргі уақытта егіс науқанына 24 шаруа қожалығы қатысып, жаздық дәнді дақылдардан 10 164 гектар егістік жер шабылып, гектарына орта есеппен 10 центнерден өнім алынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданға 369,5 млн теңге қаржы бөлінді. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі отырысында ауданда негізінен өндіріс бағытымен шағын және орта бизнесті кеңейтуге басымдық беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан басшысы.

Спикердің сөзінше, аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция биылғы 1 тамызда 1 млрд 889 млн теңгені құраған. Есепті кезеңде
1 569 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Бүгіндері аудан орталығында 149 жеке кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Биыл кәсіпкерлер мен инвесторлар арқылы жалпы құны 1 млрд 108 млн теңгеге 9 жоба жасақталып, 63 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазір 680 млн теңгеге 2 жобаның құрылысы аяқталып, өз жұмысын бастады. Аталған екі жоба бойынша жаңадан 25 тұрақты жұмыс орны ашылған. Осыдан кейін Жұмакелді Батырниязов аудандағы мәдениет және спорт, білім беру және денсаулық салалары турасында ақпарат берді.  

– Аудан аумағында мәдениет және спорт саласына қатысты 148 инфрақұрылым бар. Аудандағы мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жоба іске асты. Нақтыласақ, биыл аудан орталығынан балалар күрес залы ғимараты пайдалануға берілді. 2023-2024 жылдарға жоспарланған Тоғанас ауылындағы мәдени демалыс орталығы құрылысы аяқталды. Таяуда тұрғындарға берілмек. Бұған қоса Тамды ауылындағы спорт алаңы салынуда, құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылында кітапхананың құрылысы басталды. Аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 9 млн 910 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен 134 млн 750 мың теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда аудан халқының 43%-ы жүйелі спортпен шұғылданады.

Ауданда 27 білім беру ұйымы бар. 2023-2024 оқу жылын 3147 оқушымен аяқтасақ, 2024-2025 оқу жылын 3029 оқушымен бастадық. Биыл мектептерге 4 млн 500 мың теңгеге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауданда 28 нысан тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Онда 30 дәрігер және 174 орта буынды медициналық қызметкер жұмыс істейді. Алайда кадр мәселесі әлі де күн тәртібінен түсер емес. Бүгінгі күні аудандық ауруханаға акушер-гинеколог, педиатр, хирург, анестезиолог-реаниматолог, онколог, жалпы тәжірибе дәрігері мамандары жетіспейді.

Бұл мәселені шешу үшін жас мамандарға берілетін біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге және тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Ауданымыздағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында бірнеше медициналық ғимарат бой көтеруде. Мәселен, осы жылы Тасқұдық ауылында жаңа модульді медициналық пункт ғимаратының құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ Бұлдырты және Шағырлой ауылдарында жаңа медициналық ғимараттар салынуда. Бүгінгі таңда ауылдық аймақтардың тұрақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Биыл бірқатар жұмыс іске асты, дегенмен алда тұрған міндеттер одан да көп, – дейді Жұмакелді Жолдыбайұлы.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале