20.03.2025, 18:00
Оқылды: 113

Ауылдың өркендеуіне ықпал ететін жоба

Оралда облыс әкімдігі мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ-ның бірлескен кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Басқосуда «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының тәжірибесін зерделеу және жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді дамыту мәселелері талқыланды.

 WhatsApp Image 2025-03-17 at 09.51.14 (1)

Көшпелі отырысты ашқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдық аумақтардағы халықты тұрақтандыру, ауылдарды сақтап қалу және ауыл экономикасын жандандыруда «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының маңызы зор деді. 2024-2026 жылдарға арналған ілкімді жоба Мемлекет басшысының ауылдық  жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындауға да үлес қосады. «Жыл сайын ауыл-аумақта, соның ішінде шекара маңы ауылдарынан тұрғындардың көшіп кетуі байқалады. Бүгінде 49 ауылдағы тұрғындар саны 50 адамнан кем. Яғни олар дербес елді мекен мәртебесінен шығарылуға жатады. Ал шекара маңындағы аумақтарда халықтың тұрақтануы стратегиялық тұрғыдан аса маңызды екені айтпаса да түсінікті», – деген өңір басшысы пилоттық жобаның ауылдардың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенім білдірді. Мысалы, өңірде облыстық  және аудандық маңызы бар Орал және Ақсай қалалары, үш кент, 405 елді мекен және 147 ауылдық округ бар. Ресей Федерациясының бес облысымен шектесетін облыстың сыртқы шекарасының ұзындығы – 1532 шақырым. Өңірдегі 405 ауылдық елді мекеннің 145-і шекаралас аумақта орналасқан, онда 104 мыңнан астам адам тұрады.

Алыстан ат арытып келген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді дамыту жөнінде баяндады. Ол «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында» елдегі ауыл халқының 90%-ы тұратын, даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекенді жаңғырту қарастырылғанын айтты. Тұжырымдама ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға, жайлы өмір сүру ортасын құруға, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. «Мемлекеттің атқарып жатқан қыруар жұмысына қарамастан, ауылдан қалаға көшу толастаған жоқ. Былтыр  елде 111 мыңнан астам адам ауылдан шаһарға қоныс аударған. Негізгі себеп – жұмыс орындарының тапшылығы, инфрақұрылымның нашарлығы, өмір сүру сапасының төмендігі. Бұл мәселені шешуде мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі қандай?», – деп ортаға сауал тастаған Төлеубек Төлеуұлы ұсынысын айтты. Мысалы, әр округте қоғамдық бірлестіктер, бизнес, жастар мен ардагердердің және басқа да топтардың өкілдерін қамтып, жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құру қажет деді. Ал олардың жұмысын үйлестіруді сол жердегі мәслихаттың депутаттарына жүктеуді ұсынды. Мұндай кеңес халық пен билік арасын байланыстырмақ. Сонымен қатар ол мәслихат депутаттарына өздері сайланған округдердің тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнату қажет екенін айтты.

Бұдан соң сөз алған облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының іске асырылу барысын баяндады. 2025 жылы әр ауданға кемінде 10 отбасы көшіп келмек. Тұрғындардың қоныс аударуына бекітілген 57 елді мекеннің қатары көбеймек. Жобаға Орал және Ақсай қалаларында кемінде бес жыл тұрған және жұмыс істеген азаматтар, сондай-ақ сұранысқа ие мамандар, жұмыссыздар қатыса алады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, ветеринария, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына және көпбалалы отбасыларға басымдық беріледі. Пилоттық жоба жөнінде облыстық деңгейде орталықтандырылған 109-cаll-орталығынан және qoldau.bkogov.kz. сайтынан білуге болады.

WhatsApp Image 2025-03-17 at 09.51.14

Кеңеске қатысушылар аудандардың тәжірибесімен де танысты. Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың баяндауынша, ауданға тұрғындардың қоныс аударуы үшін 5 ауылдық округтің 8 елді мекені бекітілген. Ал Қайшақұдық бастауыш мектебінде оқушы саны жетіспейтіндіктен, Қайшақұдық ауылына да қоныстандыру жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданға 19 отбасы, яғни 108 адам көшіп келген. Олардың 38-і – ересектер, 71-і – бала.  Мысалы, 17 адам тұрақты жұмысқа, 8-і ақылы қоғамдық жұмыстар мен маусымдық жұмыстарға, 4-еуі мектепке орналасқан. Көшіп келген 19 отбасының 11-і бұрын сол елді мекенде туып-өсіп, қалаға көшіп кеткендер болса, 8-і өзге ауылдан келген. 19 отбасының 18-іне жаңа баспана, бір жанұяға ауыл тұрғындарының көмегімен ескі үй  жөнделіп  берілген.

Жамбыл және Павлодар облыстық мәслихаттарының төрағалары Абдалы Нұралиев пен Илья Теренченко, батысқазақстандық мәслихат депутаттары пилоттық жоба жөнінде пікірлерін білдірді. Өз өңірлеріне барып, сонымен қатар жобаны жетілдіруге, қоныстанушыларға көрсетілетін қолдау тетіктерін кеңейтуге қатысты ұсыныстар айтты. Кеңейтілген отырыс соңында Ақмола, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстық мәслихат төрағалары үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол
қойды. Сонымен қатар қонақтар Орал қаласындағы «Packaging Systems» ЖШС-ның өндіріс орнына, «Jaiyq Arena» спорт  кешеніне  барды.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале