Батыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы «Жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 492 бұйрығы бойынша уақытша қозғалысты шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына көктемгі кезеңде шектеу енгізілетінін хабарлайды.

Фото: iStock
Көктемгі кезеңде Батыс Қазақстан облысында 2026 жылдың 23 наурызынан 1 мамырына дейін шектеу енгізіледі.
Автокөлік құралдарының жалпы рұқсат етілетін массасы «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №342 бұйрығымен бекітілген, автокөлік құралдарының рұқсат етілетін жалпы массасынан 20%-ға төмендету арқылы айқындалады.
Осы орайда, 2026 жылдың 27 ақпанында Инспекция мамандары көктемгі кезеңде уақытша қозғалысты шектеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жолда қабылдау» акциясын өткізді.
Көктемгі кезеңде:
1) халықаралық келісімдерге сәйкес жүктердің және жолаушылардың халықаралық тасымалдарын жүзеге асыратын;
2) төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын;
3) зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуді жүзеге асыратын;
4) азық-түліктерді тасымалдауды жүзеге асыратын;
5) жолаушылар мен багаж тасымалын жүзеге асыратын;
6) дәрі-дәрмектерді тасымалдауды жүзеге асыратын;
7) мердігер ұйымдарға реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін берілген учаскелердегі жол-құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын;
8) қарулы күштері, басқа әскери күштер және әскери қалыптастыру, және әскери тасымалдауларды жүзеге асыратын автокөлік құралдарына шектеулер таратылмайды.
Анықтама үшін: Батыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, тел.: 51-00-06.