Мемлекет басшысының индустрияландыру және экономикалық өсімге қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында өңірімізде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы стратегиялық маңызды істің бірі – тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту.
Айта кету керек, «Ауыз су», «Ақбұлақ» «Өңірлерді дамыту-2020» салалық бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде 262 нысан салынып, қайта жаңартылды. Сөйтіп, 2002-2020 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 3558 шақырымды құрайтын су құбыры тартылды. Ал былтырдан бастап бұл жұмыстар «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы шеңберінде жүруде. 2020-2025 жылдарға арналған аталмыш бағдарлама аясында биылдың өзінде 16 мыңнан астам тұрғынды қамтитын қауқары бар 16 сумен жабдықтау нысаны салынып, жаңғыртылмақшы. Оған 4,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы, сумен жабдықтау құрылымдарының ұзындығы 266 шақырымды құрайды.
Нәтижесінде тұрғындардың сапалы ауыз суға қолжетімділігі 2,8 пайызға артпақшы. Сөйтіп, облысымыздың сумен қамту көрсеткіші 57,3 пайызды құрайды деп жоспарлануда. Бұл 244 елді мекеннің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуына мүмкіндік береді.
Мәди Ықылас,
zhaikpress