15.01.2026, 17:00
Оқылды: 75

Автобустағы  «кітапхана»

Орал  қаласында  кітапты  күнделікті  өмірдің  ажырамас  бөлігіне  айналдыруды  көздейтін  тағы  бір  тың  бастама  іске  қосылды.  Ж.  Молдағалиев  атындағы  облыстық  орталық  әмбебап-ғылыми  кітапхананың  ұйымдастыруымен  12  қаңтар  күні  Жұбан  саябағында  «Кітаппен  бірге  жолда»  жобасының  салтанатты  ашылуы  өтті.  Жоба  Мемлекет  басшысының  қоғамда  кітап  оқу  мәдениетін  орнықтыру  жөніндегі  тапсырмасына  сай  «Кітап  оқитын  ұлт»  ұлттық    жобасы  аясында  жүзеге  асырылуда.

DSC09802

Қоғамдық көлікте өтетін әрбір минутты пайдалы іске айналдыруды мақсат еткен бастама – бүгінгі урбанизацияланған өмір ырғағына дөп келген идея. Жобаның басты мақсаты – жолаушыларға жол үстінде кітап оқуға мүмкіндік жасау арқылы оқуды дағдыға айналдыру, зияткерлік ойлау мен рухани құндылықтарды дәріптеу.

– Жоба аясында қалаішілік №2 және №5 бағыттардағы 10 аутобос арнайы іріктелген әдебиеттермен жабдықталып, шағын оқу аймақтарына айналды. Енді бұл көліктер тек жолаушы тасымалдаумен қатар қозғалыстағы кітапхана қызметін атқарады. Аутобос ішіне орнатылған кітап сөрелерінен жолаушылар көркем әдебиеттен бастап танымдық  және мотивациялық кітаптарды таба алады. Болашақта жобаның ауқымын кеңейтіп, кітап сөрелерін ауданаралық аутобостарға да орнатпақ ниетіміз бар. Біз жолда жүріп те ойымызды дамытып, рухани байи алатынымызды көрсеткіміз келді. Кітап – адам-ды тәрбиелейтін, ойландыратын, бағыт беретін күш. Ал қоғамдық көлік – күн сайын мыңдаған адам мінетін орта. Осы екеуін ұштастыру – заман талабынан туған шешім, – дейді Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова.

Игі бастамаға өңірдің зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары  қолдау білдірді.

«Мен өзімді кітапсүйер жанмын деп нық айта аламын. Алғаш қолға алған кітаптарым Алаш зиялыларының тағдыры мен мұрасын танытқан еңбектер еді. Кейін Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқыдым. Сол кезден бастап кітап менің рухани серігіме айналды. Содан бері қаншама жыл өтті, бірақ кітапқа деген ықыласым бір сәтке де бәсеңдеген емес. Бүгінде қаламыздағы Жұбан және Хамза атындағы екі бірдей кітапхананың тұрақты оқырманымын. Осындай тағылымды жобаларды ұйымдастырып отырған азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – жол үстіндегі уақытты тиімді пайдалануға берілген тамаша мүмкіндік. Күнделікті тіршілігімізді тұсаулап алған телефоннан бір сәт серпіліп, кітапқа қайта оралу керегін еске салатын, рухани жаңғыруға жетелейтін бастама», — дейді физика пәнінен 39 жыл үздіксіз ұстаздық еткен Заврура Қарабалина.

«Кітаппен бірге жолда» жобасы – білімге құштар, ойы сергек қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Бұл бастама Орал қаласының мәдени өміріне серпін беріп қана қоймай, әрбір жолаушының күнделікті сапарын мәнді әрі мазмұнды етуге мүмкіндік сыйлап отыр. Жол үстінде парақталған әрбір кітап – рухани дамуға жасалған тағы бір қадам.

 

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале