12.09.2022, 10:00
Оқылды: 43

Автогаз тағы тапшы ма?

Бір апта бойы сұйытылған газ тапшылығы автокөлік иелерін әбігерге салды. Әсіресе кейінгі үш-төрт күнде автогаз бекеттерінде іркес-тіркес көлік тізбегі жиі көзге шалынатын болды. Соған байланысты жағдайды барлау үшін бейсенбіде жанар-жағармай және сұйытылған газ бекеттерін аралап шықтық. Бекеттер маңайындағы абыр-сабыр қарбалас саябырсыпты. «Тәуекел» ЖШС-ның директоры Александр Кондратенко уақытша қиындыққа тап болғанын, әзірше газ тапшылығына қатысты мәселе шешілгенін айтты. Әзірше деуіміздің себебі бар, аталған серіктестік басшысы ай соңында сұйытылған газ тапшылығы тағы мазалауы мүмкін екенін жасырмады. 

7

– «Тәуекелге» қарасты 16 сұйытылған газ құю бекеті істеп тұр. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Біздің бекеттерге «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ аутогаз тасымалдайды. Аталған компания өздеріне қарасты нысанға күрделі жөндеу жүргізуіне байланысты аутогаз жеткізуді тоқтатты. Соған байланысты қыркүйектің 4-інен бері талонмен беруге мәжбүр болдық. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» күрделі жөндеу басталар алдында газ тасымалы тоқтайтынын ескертті. Соған байланысты келісілген қаражатты қыркүйектің 2-сі күні компания шотына ерте аудардық. Бірақ Ақтөбе қаласындағы теміржолға вагондар дер кезінде келмеуіне байланысты тасымал тоқтады. Тағы бір айта кетер жайт, облысқа бөлінген аутогаз көлемі сұранысты қамтамасыз етпейді. Қазіргі уақытта сұйытылған газ қоры жеткілікті. Ай соңында тағы да газ тапшылығына байланысты мәселе туындауы мүмкін. Біздің бір бекетте айына 1000 тоннадан астам сұйытылған газ сатылады. Автогаздың бір литрін 60 теңгеден сатып жатырмыз, - деді Александр Кондратенко.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Әсел Абуеваның мәліметі бойынша 2021 жылы ішкі нарықта 33 220 тонна сұйытылған мұнай-газ сатылған. Биылғы қаңтар-шілде айларында 31 506 тонна аутогаз тасымалданды. Қыркүйек айында 3007 тонна сұйытылған газ жеткізіледі. Қазіргі уақытта облыс бойынша 53 автокөлік газ құю стансасы өнімді шектеусіз қолма-қол ақшаға сатуға көшкен.

6

9 қыркүйек күні стансаларда 250 тонна сұйытылған газ қалдығы есепке алынған. «Облыс бойынша 103 газ құю бекеті бар. Бөлшек сауда бо­йынша олардың кейбірі талонмен сатуда. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында Жаңажол мұнай-газ кешеніндегі жабдықтың күрделі жөнделуіне байланысты сұйытылған мұнай-газды тасымалдау тоқтатылатынын хабарлады. Осыған байланысты сұйытылған газ құю бекеттерінің бірқатары өнімді сатуды доғарды. Сұйытылған газ тапшылығына қатысты мәселе толық шешілген жоқ. Соған байланысты Батыс Қазақстан облысына қосымша өнім бөлуді сұрап, ҚР Энергетика министрлігіне хат жолдадық», - деді Әсел Абуева.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале