Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдерінің проблемалық оқыту қағидатын қолдану арқылы дайындалған тапсырмалар жинағы авторлық құқық куәлігін алды.
Зерттеуші мұғалімдердің сөзінше, проблемалық оқыту оқушылардың өз бетінше оқуына, проблеманы шешуде шығармашылық, зерттеу, сыни ойлау дағдыларының дамуына алып келді.
Тапсырмалар оқу мақсаттары және оларға сәйкес келетін критерийлер бойынша құрылған және зертханалық жұмыс, кесте, графика, сурет, сандық және сапалық эксперименттік есептер түрінде ұсынылған. Проблемалық жағдаяттарға жауап беруге қиналған оқушыларға бағыттаушы сұрақтар ұсынылып, бағдар беріліп отырады.
Жаратылыстану-математика пәні мұғалімдері кәсіби қауымдастығы құрамында Гүлзухра Нұрмұханова, Әлия Конурова, Гүлсезім Ишанова және Гүлзина Нагибова бар.
Айта кетейік, өткен жылы аталған зерттеу Ереванда өткен өзгермелі әлемдегі білім: жаһандық шындықтың білім беру зерттеулерінің болашағы мен тәжірибесіне әсеріне арналған «ECER 2022» халықаралық конференциясында таныстырылған болатын.
Ұлттық құндылықты дәріптеуде жаңашылдығымен ерекшеленген мектептің 10-сынып оқушысы Санжар Сәлімжан да қолданбалы өнер туындысы -
қамшы-қалам салғышы үшін авторлық құқық сертификатын алды.
Қаламсалғышқа оқушы қалам, қарындаш, өшіргіш, ұштағыш және тағы басқа оқу құралдарын сала алады және құрылғы арқылы смартфондарды қуаттандыру мүмкіндігі бар.
– Жоба идеясы⠀Оралхан Бөкейдің⠀«Қамшыгер» атты⠀мифтік мазмұнда жазылған⠀әңгіме желісінен туындады. Этнографтар қазақ қамшыны қашан да жанына⠀серік еткен, ал қолына қамшы ұстаған әр азаматта⠀әрдайым жігіттік жігер мен намыс еселене түскенін алға тартады. Бұл менің жобаларымның бастамасы деп білемін, – дейді Санжар.
Жоба жетекшілері де өткен күннің аманатын сақтай алмау жас ұрпаққа абырой бермесі анық екенін айтып қана қоймай, өздері осы жолда үлгі болып жүр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Замзагүл Тәжіғалиева сабақтарында қамшы қадірін көркем проза арқылы игертуді мақсат етсе, жатақхана тәрбиешісі Арман Жұмағалиев өзінің «Ғажайып шеберхана» қолөнер үйірмесінде оқушыларға жаңа үлгідегі қамшы өрудің тәсілдерін үйретуді қолға алған.
Айдана Хамидуллина,
Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы