20.12.2022, 10:00
Оқылды: 61

Автожолдарды жөндеу ақсап тұр

Мемлекет басшысы 8 желтоқсанда өз қабылдауында болған облыс әкімі Нариман Төреғалиевке жол құрылысы жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Осыған орай бейсенбіде облыс әкімдігінде өткен өңірдегі жолдардың құрылысы мәселелерін талқылаған кеңес өтті. 

3

– Облыс аумағындағы автожолдардың 46%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Жолдардың жай-күйін жақсарту мақсатында биыл 60 жобаны, яғни 350 шақырымнан астам жергілікті жолды жөндеу жоспарланды. Алайда битумның тапшылығынан және инертті материалдарды жеткізетін вагондардың жетіспеуінен, мердігер компаниялардың жауапсыздығынан жоспарлар орындалмады. 17 жоба бойынша құрылыс жұмысы аяқталмай отыр. Жол саласына жауапты мемлекеттік құрылымдар мен құрылыс компаниялары осы бағытта қордаланған  мәселелерді шешуіміз керек, - деді облыс басшысы.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев биыл жолдарды жөндеуге былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5-2 есе  көп қаражат бөлінгенін айтты. 2022 жылы барлық бюджет көзі есебінен 29 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге 24,5 млрд, облыстық және аудандық жолдарға 27 млрд, Орал қаласы және елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге 7,3 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражатқа 664 шақырым жолды жөндеу жоспарланды. Оның 235 шақырымы – республикалық, 350 шақырымы – жергілікті және аудандық, 75 шақырымы – Орал қаласының және аудандық, елді мекендердің көше жолдары.

2

– Оңтүстік аудандардағы республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу жобаларына, соның ішінде Казталов –  Жәнібек – РФ шекарасы, Өнеге – Бисен – Сайқын бағытындағы жолдарға бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді. Бұған 119 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды. Қазіргі кезде соның 74 шақырымы немесе 62%-ы жөнделді. Бөлінген қаражаттың 18,8 млрд теңгесі (85%-ы) игерілді. «Қазавтожол» компаниясы жол құрылысының қалған бөлігі келесі жылы аяқталады деп жоспарлаған. Алайда құрылыс материалдарының тапшылығын ескерсек, одан басқа келесі жылы жөнделетін   жолдарды қоса алғанда 106 шақырым жолды  мерзімінде аяқтау күмән туғызады, – деді Т.Меңдіғалиев.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеевтің баяндауынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 60, оның ішінде 2021 жылдан ауыспалы 22 жобаны іске асыру жоспарланды. Бөлінген 27 млрд теңгеге 350 шақырымнан астам жергілікті жолдар жөнделуі тиіс. Алайда битумның, дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауы, инертті материалдарды жеткізетін вагондардың жетіспеушілігі салдарынан жоспарлар орындалмаған. Ауқымды 60 жобаның 38-і жоспарланған нәтижеге қол жеткізді. Соның ішінде 11 жоба іске қосылды, ал 17 жоба бойынша жұмыстар толығымен аяқталмай қалды. Ал 5 жоба  мердігерлердің анықталмауы, сот талқылаулары секілді жағдайларға байланысты іске асырылмады.

Өткен 11 айдың қорытындысында жергілікті автожолдардың 246 шақырымы жөнделді. Соның нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 46%-ға жетті. Барлығы 21 млрд теңге (78%) қаржы игерілді. Бүгінгі таңда бюджетке 3,2 млрд теңге көлемінде қаржы қайтарылды. Одан басқа 4 млрд теңге көлемінде қаражат игерілмей отыр. Соның ішінде аудандар бөлінісінде 1,3 млрд теңгені құраса, алғашқы үштікке Бәйтерек (609,3 млн теңге), Теректі (288 млн теңге) және Казталов (120 млн теңге) аудандары кіреді.

Басқосуда алдағы жылы атқарылатын жұмыс ауқымы сараланды. 2023 жылы жергілікті автожолдарды дамытуға трансферттер бойынша 21,8 млрд теңгеге 71 жоба аясында 274 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 2022 жылдан ауыспалы 44 жоба болса, жалпы шамасы 11,6 млрд теңгені құрайтын жаңа 27 жоба іске асырылады.

1

Өңір аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың құрылысына жауапты «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Қазбек Мамбетов те жол құрылысының материал тапшылығынан  алға баспай отырғандығын алға тартты. Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына апаратын жолдардың құрылысы әзір аяқталар емес.

Облыс әкімі мердігерлердің құрылыс нысандарын алған кездегі міндет-жауапкершіліктеріне немқұрайлы қарамау керек екенін еске  салды. Құрылыс материалдарын тасымалдауда аяққа «тұсау» болып отырған вагон жетіспеушілігі мәселесін «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен сөйлесіп, шешетінін мәлімдеді. Алдағы 4 айда мердігерлер құрылыс жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары қорын жасауға міндетті. Н.Төреғалиев кейбір мердігердің жаңа жолды бастамас бұрын ескісін сүріп тастайтынын, айналма жолдардың салынбайтынын, кей жобада айналма жол салу мүлдем қарастырылмайтынын сынға алды. Соның салдарынан көктем-күз мезгілінде жолаушылар батпаққа белшесінен батып, жол азабын тартуда. «Жол құрылысына әбден дайын болмайынша, құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берілмейді. Жұмысшылары мен техникасын  көруіміз керек», – деген облыс басшысы  техникасы да, жұмыс күші де талапқа сай емес мердігерлердің  тайраңдауына жол бермейтінін ұқтырды. «Халықтың ақшасын шашуға жол бермейміз. Жолды не жасайсыз, не жасамайсыз. Екеуінің біреуі болады», – деп ескертті құрылысшыларға облыс әкімі.  Кеңесте «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалына, облыстық жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары басқармасына 2023 жылға арналған құрылыс материалдарын жеткізу кестесін 15 қаңтарға дейін жасау тапсырылды. Құрылыстың сапасын қадағалаушылар, мердігер компаниялардың басшылары нысанның басында үнемі болуы тиіс.

– Президент еліміздің көлік транзиті әлеуетін дамытуды, автомобиль жолдары инфрақұрылымы саласындағы түйткілді мәселелерді шешуді тапсырды. Облыс жолдарының нашар екені жасырын емес. Жол жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайды. Жол сапасына айрықша назар аударуды сұраймын. Жобаларды жүзеге асыру барысын жеке бақылауыма аламын, - деп қорытындылады жиынды Н.Төреғалиев.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале