19.01.2024, 9:15
Оқылды: 87

Азамат Дәулетбеков: Париж олимпиадасына дайындық қызу жүріп жатыр

Еркін күрестен Қазақстан командасы үздіктерінің бірі Азамат Дәулетбеков Париж Олимпиадасына дайындық барысымен бөлісті. Танымал балуан жақында Хорватия астанасы Загребте өткен рейтингілік турнирде күміс медаль иеленген болатын. Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген спортшы басты қарсыластары туралы да сөз қозғады. 

1705474725

Фото: olympic.kz

- Азамат, олимпиадалық маусым басталды. Жылдың алғашқы жарысынан күміспен оралдыңыз. Загребтегі турнир жайлы не айтасыз?

- Хорватия астанасынан күміспен оралдым. Жылдың алғашқы турнирі болса да, Загреб кілеміне әлем үздіктерінің басым бөлігі жиналды. Турнирде бес кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеттім. Финалда Болгария атынан сынға түсетін дағыстандық балуан Магомед Рамазановтан жеңіліп қалдым. Онымен бұрын соңды кездеспегенмін. Бұл да мен үшін үлкен тәжірибе болды. Магомедтің інісі де Болгария атынан сынға түседі. Бұл спортшы азаматтық ауыстыру мәселесімен ұзақ жүріп қалған болатын. Енді, міне, мықты қарсыластардың біріне айналды.

- Биылғы Қазақстан біріншілігінен сізді босатқаны белгілі болды. Бұл кезеңде қандай дайындық жүргізесіз?

 - Жыл басталған соң бапкерлеріммен ақылдасып, жаңа маусымға жоспар құрдық. Бірнеше дайындық кезеңін өткіземіз. Бұған дейін Осетияда жаттыққан едім. Енді Қырғызстанда өтетін Азия біріншілігіне ұлттық құрамамен бірге дайындаламын. Бұл жиында жалпы дене жаттығуына көңіл бөлеміз. Содан соң, Венгрияда тағы бір рейтингілік турнир өтеді. Жалпы, Олимпиадаға дейін үш халықаралық жарысқа қатысуды жоспарладым.

- Олимпиада қарсаңы спортшыларға қосымша жүк артатыны белгілі. Өзіңіз жауапкершілікті сезінесіз бе?

- Әрине, жауапкершілік жоғары. Олимпиадаға бүкіл әлем көз тігетін болғасын, саналы ғұмырымды күреске арнап келе жатқасын, жүлде алсам, елімді қуантсам деген мақсатым бар. Бірақ қазіргі кезеңде артық ойларға көп көңіл бөлгім келмейді. Бәрін кілем көрсетеді, ал менің міндетім – алаңсыз жаттығу.

- Әңгімеңізге рахмет!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале