«Бәрін де қойшы...
Бәрі де өтер тоқтаусыз,
Өмір ме, өмір, өнбей де өспей, жоқ-барсыз?
Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға,
Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз...», – деп марқұм Мұқағали Мақатаев айтқандай, азаматтық жолы естелікке лайық жандардың бірі – Серік Ғабдоллаұлы Рахымберлиев болатын. Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған ол адал еңбегімен аудан жұртшылығының жадында қалды. Қайтерсің, ел мақтанышына айналған жанды бұдан бес жыл бұрын қайырсыз ажал арамыздан алып кетті.
Серік Ғабдоллаұлы 1951 жылдың 20 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Зырянов ауданында дүниеге келген. 1953 жылы әке-шешесі Орал облысына жол тартады. Себебі әкесі Жайық бойында өскен еді. Сөйтіп, соғыстан соң жанұясымен еліне оралған екен. Тайпақ ауданының «Есенсай» кеңшарында әке-шешесі көп жыл мал бақты.
Серік бастауыш сыныпта Ақшкөлде, кейін Орал қаласындағы №11 қазақ орта мектебінде оқыды, соны бітірді. 1969-1974 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инженері мамандығын алды. Институттың соңғы жылында Кәкима Ахметқызымен шаңырақ көтерді. Сонан соң Тайпақ, Ақжайық аудандарында құрылыс саласында көп жыл еңбек етті. Таратып айтар болсақ,
1983-2001 жылдары «Котельников» және «Краснояр» кеңшарларында аға прораб болды. Жаңа мектептердің бой көтеруі, олардың жылыту жүйелері, тұрғын үйлердің көптеп салынуы, малшы-шопандардың жаңа үйлерге қоныстануы, т.б. жыл бойғы жұмыстарда үзіліс болмайтын.
Ескі ғимараттарды күрделі жөндеу арқылы оны балабақша, мәдениет үйлеріне айналдырып, халықтың игілігіне қайта табыстады. Бұл да бұрыннан мақтаулы жігіттің халық алдындағы беделін асырды.
Қысы-жазы таусылмайтын іссапарлар еңбекқор жанға тыным бермейтін. Әсіресе құрылысқа қажетті қарағайлар, күйдірілген ақ кірпіштер, жылыту жүйесіне қажетті темір-терсектер табу, өзге де қажетті жабдықтар қашанда Серік Ғабдоллаұлының назарында жүретін. Ресей жерінде дайындалатын кейбір құрылыс жабдықтарын қолға түсіру үшін кез келген жанмен тіл табыса кетіп, орайы келген шаруаның оң жағында жүргені де бәрімізге бірдей мәлім еместі. Сөйтіп, өзі жұмыс жасаған шаруашылықтың жетпесін жеткізді, жоғын тапты.
Қайда жұмыс жасаса да, қатардағы қызметкерлердің еңбек етуіне барынша жайлы жағдай туғызуды ұмытпайтын. Олардың мезгілінде еңбекақы алуын, үйінде отын-суының болуы, әлеуметтік жағдайын қадағалап, сұрастырып жүретін.
Алыс жерден ағаш дайындауға шығатын жігіттердің бәріне тұрмыстық жағдай қалыптастыру өнімді жұмыстың кепілі болатынын естен шығармады. Сөйтіп, қанаттас жігіттердің қамын күні бұрын қамдап жүретін. Үлкенге ізеті, кішіге қамқорлығы мол болды, оған куәгерлер бар арамызда. Басталған істің мезгілінде бітуіне барынша ынта қоятыны да абзал азаматтың асыл қасиеттерінің бірі-тұғын. Қызметіне тыңғылықты, асқан жауапкершілікпен қарайтын ол асығыстықты, ұқыпсыздықты жаратпайтын еді. Қауіпсіздікті мүлтіксіз қадағалайтын.
Серікпен бірнеше жыл әріптес те болдық. Сонау 2001-2008 жылдары мен жетекшілік ететін «Нұржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жоғары, орташа, төменгі қысымдағы газ құбырларының құрылысына және тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарға табиғи газ қосу жұмыстарына жауапты маман болып жұмыс істеді. Ақжайық және Жаңақала аудандарының Чапаев, Тайпақ, Ілбішін, Алмалы, Бірлік, Қызылоба, Пятимар, Жаңақала ауылдарына газ жүргізуде өзінің бар тәжірибесін шебер пайдалана білді. Жоғарыда аты аталған елді мекен тұрғындары азаматтың еңбекті ұйымдастырудағы іскерлігін әрдайым жоғары бағалады, оны күні бүгінге дейін әңгімелейді.
Оның ең бірінші назар аударатыны – жұмыстың сапасы еді. Нысанды тапсырмастан бұрын, қайта-қайта тексеруден өткізіп, жауапкершілік жүгін көбіне өзіне алатын. Маманның осындай мұқияттылығына қасындағы әріптестері де үйреніп, өздері де солай жұмыстануға талпынатын. Сөйтіп, бірлесе атқарылған істе «Бірі барлығы үшін, барлығы бірі үшін» деген қағида орнықты.
Серіктің бір кездерде Бағырлай өзені бойынан жер алып, көкөніс өсіргені де бар. Қарбыз-қауын, қияр-қызанақ т.б. бақшалықта көптеп өсті. Маңдай тер зая кетпеді. Көрші-көлем, ағайын-тума еңбектің қадірін сезсе, балалары маңдай тердің дәмін білді. Тұрмыстарын түзеді, айналаға үлгі болды.
Қазір Тайпақ ауылында жұмыс жасайтын «Алмагүл» тойханасы мен азық-түлік дүкені – осы Серіктің балаларға қалдырған еңбек өнегесі. Сөйтіп, сөз басында айтқандай, Мұқағали ақынның «Хабарсыз, ізсіз қалмасам екен жоқтаусыз» деген тілегі айна-қатесіз алдымыздан шығып отыр. Ол жоқтаусыз қалған жоқ, еске алатын ұрпағы, ел-жұрт әрі көзін көрген, өнегесін алған әріптестері бар.
Әлжан Досмақов,
Ақжайық ауданының құрметті азаматы,
«Нұржан» ЖШС-ның құрылтайшысы