5.05.2022, 9:15
Оқылды: 104

Азан-хаумет, тәж-дәулетімен нұр шашқан қазанат еді

Бисен ағамыз 90 жасқа толарында, осыдан он жыл бұрын «Тұсауым жоқ аяқта, Сүйенбеймін таяққа. Сексенге келдім, мінекей. Ал тоқсаның қай жақта?!» деп бәрімізді күлдіріп еді. Журналист інілерінің ортасында шешіле сөйлеп, беріле әңгімелеп, жадырап, жайраңдап отыратын.

IMG-20220505-WA0007

Бисақаң 1922 жылы 22 желтоқсанда бұрынғы Тайпақ ауданындағы  Сайқұдық ауылында, шаруа отбасында дүниеге келіпті. Балалық шағы аты шулы ашаршылық жылдарымен тұстас келсе, енді есейіп, оң мен солын танығанда Ұлы Отан соғысы басталады. Әкесі Жұмағали Жақсығұлов Ұлы Отан соғысында Калинин майданында қаза тапса, анасы Күнсүйген сол соғыс жылдарында колхоз басқарған. Ағамыз әу баста Жалпақталдың орталығы Фурмановтағы педагогикалық училищені бітірген. Соғыс алдында  Тайпақтағы Кеңсуат орталау мектебінде мұғалім болды. Міне, осы жылдарда оның алғашқы мақалалары облыстық газетке шыға бастаған. «Менің газетпен байланысым сол кезден басталған еді» деп еске алатын Бисен аға. Ол қан майданда жүргенде де қару мен қаламды қатар ұстаған. 1942 жылы майданда тұңғыш рет қазақ тілінде шыққан «Отан қорғауда» жауынгерлік газетінің шығарушысы болды, әскери тілшісі ретінде қалам сілтеді.

«1942 жылы қарашаның 7-сінде біздің «На страже Родины» газетіміздің алғашқы саны шықты» деуші еді ағамыз сол бір қаһарлы күндерге ойша саяхаттап.

– Осы газетке тілшілік жұмысқа алынып, Түймебай Әшімбаев, Ақмұқан Сыздықбеков сынды жігіттермен бірге жұмыс істедік. Ол кезде майдан газеттерінде еңбек еткендер аз болған жоқ. Бірде жерлесім Жұбан Молдағалиевтен хат алып, содан байланысымыз өмір бойы үзілген жоқ. Қазақтың көрнекті ақыны Сағынғали Сейітов, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтар майдан газеттерінде шыңдалды. Көбінесе соғыста ерлік көрсеткен батырлар жөнінде жазатынбыз, олардың ішінде сержант Ержан Тасымбаев, жаужүрек барлаушы Қубасовтың ерен ерліктері және басқалар туралы газетке беріп, жауынгерлерге таныстырдық, – деп еске алып отыратын ағамыз.

Елге аман-сау оралғасын қазақстандық майдангерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында ол «Қазақтар Ленинград майданында» атты естелік кітап жазып шығарды. Осы арада сәл алға озыңқырап баяндасақ, сонау бір жылдары біздің газетімізге («Орал өңірі», 25 қазан, 2012 жыл) «Қазақтар Наполеонмен де соғысқан» атты мақала жазғаны есте. Тың дерек, тосын жаңалық болған ондай мақала кез келген жазарманның уысына түсе бермейді. Тоқсанға келдім деп томаға тұйық қалмай, тынымсыз ізденетіні бізді таңғалдыратын. Журналист, идеолог  ағамыз кезінде заманымыздың заңғарлары болған Дінмұхамед Қонаев, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков және басқа да танымал жандар жайлы талай көркем очерктер жазды. Сондай-ақ Бисен ағамыз аты жер жаһанға жайылған әйгілі жазушы Михаил Шолоховпен кереметтей сыйласқан, қарым-қатынаста болған. Көзінің тірі кезінде жыл сайын М.Шолоховтың туған жері Вешенская стансасында өтетін шараларға тұрақты барып тұрды. Қырғыздың тау тұлғасы Шыңғыс Айтматовпен, Социалистік Еңбек Ері, ленинградтық жауынгер ақын Михаил Дудинмен достығы – өз алдарына бір дастан.

Жеңімпаз сарбаз елге оралған соң да журналистикадан қол үзген жоқ, қайта біте қайнаса жұмыс істеді. 1947-1949 жылдарда БҚО партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы болды. 1949-1951 жылдары ол облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде алдымен редактордың орынбасары, ал 28 жасында осы газеттің редакторы болды. Кейіннен Орал және Көкшетау обкомдарының хатшысы қызметінде болғанда да идеология, соның ішінде баспасөз саласына тікелей жетекшілік жасады. Сондықтан «Орал өңірі» газетінің тарихын, онда жұмыс істеген адамдарды жақсы білді. Бірқатарымен қоян-қолтық жұмыс та істеген еді ғой.

«Сен оның ішін ашып қара!..»

Сонау бір жылдарда газетіміздің мерейтойын атап өтпек болып, соның қамына қызу кірісіп кеткенбіз. Сондай күндерде мынандай бір оқиға орын алып еді.

Бисақаң ол кезде облыс әкімінің кеңесшісі. Өз алдына бөлек кабинеті бар. Кейде «Қолың бос болса, келіп кетсейші...» дейді. Бұлай дейтіні екеуміз Тайпақ ауданынанбыз, ауылымыз бір-бірінен ет пісірім уақытта жетіп баратын жерде жатыр. Ол кісі Сайқұдықтан болса, мен Қарауылтөбе ауылынанмын. «Ел жақтан не хабар бар, ауылға барып тұрасың ба? Бәленшекең қайда, бар ма?» дейді. Әйтеуір тәптіштеп бәрін сұрайды. Адам жасы ұлғайған сайын туған жеріне, оның адамдарына деген сағынышы ұлғая түсе ме, қалай? Мен білгенімді айтамын. Сондай бір шақыруында «Орал өңірі» газетінің мұражайын жасамақшы болып жатыр екенсіңдер, сен соған жауапты көрінесің, не бітіріп жатырсың?» деп бетіме барлай қарады. Ол тұста біз «Орал өңірі» газетінің 95 жылдығын тойлауға мықтап әзірленіп жатқанбыз. Еліміздің республикалық, облыстық газеттеріне сауын айтылып, арнайы қонақтар шақырылып, газеттің тарихын саралап, кітап әзірлеп дегендей етегімізге сүрініп жатқан күндер еді. Қазбек Құттымұратұлына және маған газетімізде әр жылдарда қызмет атқарған қызметкерлердің өмірбаянынан өрнектеп кітап құрастыру жүктелген еді. Оған қоса осы басылымда отыз жылдан астам қызмет атқарып келе жатқанымды алға тартып, маған газет тарихынан мұражай жасақтау тапсырылды. Оған, ең алдымен, газеттің сарғайған ескі сандарынан басқа, қызметкерлердің тұтынған заттары, киімдері, әсіресе, баспахана мен  редакцияның  ескілікті жабдықтары, қызметке пайдаланған құралдары  қажет болды. Аты аңызға айналған адамдардың газетке, оның қызметкерлеріне қатысты материалдар табылып жатса, тіпті керім. Міне, осы мұражайға қатысты тапсырма мені арқасына ері батқан аттай қинады. Қинағаны – мұражайға сонау есте жоқ, ескі заманда газет шығаруға пайдаланылған құрал-жабдықтарды табу оңайға түскен жоқ. Сұрастырмаған, аяқтай бармаған жеріміз қалмады. Арамызда жоқ, алдыңғы толқын ағаларымыздың соңында қалған ұрпақтарына сұрау салдық. Кейбіреулерінің көзі тірі жұбайларына арнайы барып жолықтық. Сонда қолымызға тигені қойын дәптер-блокноттар, қолжазбалар, хаттар, қаламсап, көзілдірік сияқты журналистер тұтынған заттар болды.

Бұл тірлігімізден Бисақаң жақсы хабардар болатын. Мен мұражайға жәдігерлер жинаудың мандымай жатқанын айттым. Бисақаң да сонау бір жылдарда, дәлірек айтқанда, 1949-1951 жылдары бас редактордың орынбасары, кейін 1951-1955 жылдарда бас редактор  болып, біздің «Орал өңірі» газетінде қалам сілтеген ғой... Мені байыппен тыңдап алған ағамыз жасына қарай шау тартқан денесін асықпай қозғап, бір бүйірде тұрған темір сейфтің таңдайына ашқышын салды. Сәлден кейін әбден тозыңқыраған, шырт етіп кілттенетін қос шығыршықты, батырма құлпы бар, оған қоса қос айылы және бар  көнетоз портфельді шығара берді. Бірден сездім. Сонау 50-60 жылдардың «По, шіркін!» дейтіндей  атқа мінерлері ұстаған портфель. Алдына қойып әлгіні алақанымен аялай сүртіп, қарай бастады. Сірә, сонау бір жылдардағы жоғары қызметтерінде серік болып, талай жерге барған портфелі сияқты. Бисақаң да менің ойымды оқып қойғандай «Мынау менің бас редактор, одан соң обкомның хатшысы болғанда ұстаған сөмке-портфелім еді. Өткенде тауып алдым. Жарты ғасырдан асқан дүние... Уақыттан күшті не бар, кейін ұстамасам да, жата-жата тозыпты, шіркін..» деп қойды. Даусынан уақыттың қаталдығына өкініш табы сезілгендей болды. Шынында, бір кезде таза, сапалы былғарыдан жасалған дүние уақыттан асып қайда барады, баяғыдағы  күрең түсі әбден оңып, кейбір жерлері жарылып, тілініп дегендей тозған.

– Ой, аға, мынау бір керемет дүние ғой, мұны не істемексіз? - дедім қуанғанымды жасыра алмай.

– Не істейін, сіздердің мұражай жасақтап жатқандарыңызды естіп, «Орал өңіріне» сыйламақшымын. Өзіммен бірге ана жаққа алып кетеді дейсің бе? – деп зілсіз ұрысты. Портфельді қолыма алып қарап жатырмын. Блокнот-қойын дәптер мен қаламсаптардан тұратын болашақ мұражайымыздың жадау қорын мына дүние байытып тастайтындай қуандым. «Сен оның ішін ашып қара!» деді Бисақаң қулана жымиып. Қос шығыршығын зыңылдатып ашып келіп жібердім. Үшке бөлінген үлкен қалталардың бірінен сарғая бастаған қос парақ шыға келді. Біреуі қарындашпен, екіншісі қаламсиямен жазылған хаттар. Оқып келіп кеткенде біреуі Шыңғыс Айтыматовтың, екіншісі қазақ әдебиетінің алыптарының бірі – Сәбит Мұқановтың хаты болып шықты. Екеуі де «Орал өңірі» газетінің бас редакторының орынбасары, кейін бас редакторы, одан соң Орал обкомының хатшысы болған Бисен ағамызға жолданыпты. Қуанғаннан ұшып тұрып, ағамызды құшақтай алдым. Ол кісі де мәз болып жатыр.

Қызықтың көкесі сосын болды. Қуанышым қойныма сыймай, көшеде келе жатырмын. Қолымда Бисақаң мұражайға сыйлаған портфель. Әлгіге ерсіл-қарсылы өткендер шүйіліп келіп қарайды. «Мынаның есі дұрыс па, тозған сөмкені ұстап, далақтап келе жатқан?» дейді-ау, сірә... Тіпті бір танысым тоқтатып тұрып, осы тақілеттес сұрақ қойғаны да есімде. Бисақаң сыйға тартқан сол портфель мұражайымызда тұр. Алда-жалда келген қонақтарды ертіп бара қалсам, бәрінің көзі сол портфельге түседі. «Сіз оның ішіндегісін көріңізші?...» деймін баяғыдай, Бисақам сияқты қулана жымиып. Зулаған уақыт, оған да оншақты жыл болып қалыпты ғой...

«Сен неғылған директорсың?..»

Партия, совет ардагері, Х сайланған Қазақстан Жоғарғы Советінің депутаты, облысымыздың қадірменді ақсақалы Ғазиз Хаймулдин былай деп еске алады: «Мен ол кезде «Есенсай» совхозының директоры едім. Дәл осы ауылда Бисақаңның туған інісі Кәрім де тұратын. Ол мектеп директоры, қолында Бисақаң екеуінің анасы Күнсүйген шешеміз де тұрып жатты. Бисақаң ара-тұра Есенсай ауылына келіп тұрады. 1968 жыл болатын. Ағамыз егін орағының алдында ауылға келді. Дастарқан әзірлеп, күтіп отырғанбыз. Бірақ ағамыз «Әуелі егінді аралап көрейік» деді. Егінжайды араладық. Сол жылы ауа райы оңынан болып, егіннің ажары жақсы еді. Ішімізден «Иә, сәт!» деп жүргенбіз. Егістік алқаптарды аралап келгеннен кейін кеңсеге кірдік. Кабинетте екеуден-екеуміз. «Ал, директор жолдас, айтыңызшы, егініңіздің әр гектарынан қаншадан аламын деп отырсыз?» деді. Мен аса сақтықпен «5-6 центнерден алармыз» дедім. Бисақаң болса:

– Оу, сен неғылған директорсың, егін шаруашылығын білмейтін? Дұрыстап орып алсаңдар, 13-14 центнерден еркін аласыңдар. Қанша комбайн әзірлеп қойдың? - деді.

– Алты комбайн әзір, – дедім. Ағай болса, «Алты комбайнмен алты центнер де ала алмайсыңдар»  деді шегелеп. Обком хатшысы осылай деп кетті. Директор болғаныма онша көп бола қоймаған, қатты састым. Содан арада он күн өткенде Оралдан хабар түсті, біздің совхозға су жаңа он комбайн бөлініпті, оған он комбайншы қоса келмекші. Мұның бәрін ретіне келтірген мың жасағыр Бисен ағам! Сөйтіп, біз сол жылы егінді төкпей-шашпай жинап алдық. Ырысты алқаптың әр гектары Бисақаң айтқандай 13-14 центнерден өнім беріп, қарық қылды да тастады. Сол жылды шаруашылық мол пайдамен аяқтады. Бисағам кейін шаруашылыққа асыл тұқымды қашарлар аларда да, мал қыстағынан қатты қиналған бір жылы да үлкен көмек жасады. Ортақ шаруаға қақырата кірісіп, түбіне жеткізбей қоймайтын іскер адам еді ағамыз...».

«Бес ер туралы әлі де жазыңыздар...»

«Орал өңірі» газетінен сонау жылдарда қанқұйлы соғысқа бес журналист аттаныпты. Есіл ерлер сол соғыста бәрі бірдей мерт болып, біреуі де оралмаған. Мен солардың ішінен Сағит Құдайбергенов туралы «Бес ердің біреуі» деген мақала жаздым. Жұмыста отырғанмын, алдымдағы қызмет телефоным қолды-аяққа тұрмай кетті. Көтерсем, Бисақаң. Қарт адамдарға тән қарлығыңқы дауыспен «Есенжолмысың?..»  деп мұқияттап сұрап алды.

– Сағит Құдайбергенов ағаң туралы жазыпсың, қызыға оқып шықтым. Шынында да, «Орал өңірінен» майданға аттанған бес журналист туралы мен көрмей қалмасам, бұрын ештеңе жазылған жоқ. Ниетіңді құптаймын. Ал енді Сағит ағаңның жары Ғазиза жеңгеміз Оралдың ең сұлу келіншектерінің бірі болған ғой. Сосын Оралда соғысқа дейін ашылып, жұмыс істеген қазақ театрының белді актрисасы. Сағит ағаң да көз тоқтатар көрікті журналист, сол кездің оқығаны мол, мәдениетті азаматтарының бірі екен. Екеуі қол ұстасып, көшеде кетіп бара жатқанда, қастарынан өткен орысың да, қазағың да, көшенің арғы бетімен өтіп бара жатқандар да мойындарын созып қарайды екен... Сағит ағаң майданда ерлікпен қаза тапқасын, Ғазиза жеңгеміз Оралда жүре алмаған ғой. Үлкендердің рұқсаты мен батасын алып, Алматыға кетеді. Екеуінің ортасында перзент те болмаған. Аяғына оралып жатқан баласы болмағасын, әрі жас адам Оралда көзге күйік болып жүре бергісі келмеген шығар... Ал сол Ғазиза жеңгеміз кейін қазақтың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтың түтінін түтетіп, шаңырағын ұстаған жары болды ғой, сен оны білемісің? – деп ағамыз мені мүлдем таңғалдырып тастап еді. Бисақаң осылайша жасы тоқсаннан асқанына қарамастан, «Орал өңірі» газетінің әр санын қалт жібермей, оқып отыратын. Ой қосатын. Бисақаң әлгідей дегесін, мен Сағит Құдайбергенов ағамыз туралы оның Астанадағы бауырын тауып алып, газетімізге қос беттік материал бердім. Оған Бисақамның айтқан әңгімесін кірістірдім. Ағамыз қатты риза болды. «Бес ер туралы әлде де жазыңыздар» деп еді.

Отызға жуық фашисті жер жастандырған

«Остановил я свой выбор на дватцатилетнем заместителе политрука Бисене Жумагалиеве. Тоненький, застенчивый, он совсем не походил на военного человека. До войны Жумагалиев работал учителем, но напоминал скорее только что сдавшего экзамены десятиклассника. Впрочем, этот юноша, как о том свидетельствовала его боевая характеристика, был не только отличным заместителем политрука роты в 13-й стрелковой дивизи, но и снайперем. На его счету числилось около трех десятков уничтоженных им фашистов.Что особенно привлекало в Жумагалиеве – он хорошо знал историю своей республики, его сегодняшнюю жизнь». Бұл естелікті соғыс кезіндегі «На страже Родины» атты майдан газетінің редакторы болған жазушы Максим Гордонның «Невский-2» кітабынан кездестірдік. Осы жөнінде бір кездескенімізде «Аға, сіз мерген болып, отыз фрицті жер жастандырыпсыз ғой...» дедім. Бисақаң әуелі жымиды. Сосын «Қиын сәттер туындағанда «Мен тілшімін, газет шығарамын» деп қарап отырмайсың ғой...

Талай қырғын, атыс-шабыс кезінде қаламды винтовкіге айырбастап, алғы шептен табылуға тура келді. Снайперлікке кәдімгідей төселіп қалған едім. Бірақ біздің міндет газет шығару болғандықтан, әскери тілші болдым. Материал жинау үшін алғы шепке талай баратынбыз. Сондай да өзіміздің жауынгерлермен бірге жаудың қоршауына да түсіп, қырғын атыспен қоршауды бұзып шыққан кезіміз де болды ғой... » деді.

Көргені көп, тағылымы мол ағамыз еді

Облысымыздың алдыңғы толқын ағаларының бірі, ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер Нұрлан Ізтілеуов Бисен ағамызды жақсы білген. Сырлас, пікірлес болған. Аяулы ағасының жарқын бейнесін Нұрағамыз былайша еске алды: «Бисақаң БҚО партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып 10 жылдың үстінде істеді. 1970 жылы оны осындай жұмысқа Көкшетау облысына ауыстырды. Ол республикадағы  3-орындағы ірі астықты аймақ болатын. Тың көтеру кезінде басқа ұлт өкілдері қаптап кетті. Әрине, мұндай жағдайда жергілікті халықтың, әсіресе қазақтың тіліне, дініне, мәдениетіне зор қауіп төнетіні белгілі. Оны сол кездегі республика басшылары Дінмұхамед  Қонаев, Байкен Әшімов, Саттар Имашев жақсы біліп, қазақ азаматтарын аудан, облыс көлеміндегі басшы жұмыстарға жіберіп, ұлттық дәстүрімізді сақтап қалуға жандарын салған ғой. Кезінде мұндай жағдайға көп онша мән бере қойған жоқпыз, жай әншейін кадр алмастыру ғой деп ойладық. Ал негізінде бұл үлкен саясат екен, қазақ халқының болашағын ойлаған саясат екен!

1970 жылдың көктемі еді.  Еспол Мамайұлы Абдушевтың жаңадан құрылған облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және сапа жөніндегі инспекциясына  бастық болып келген кезі-тұғын. Бір күні мені шақырып, «Нұрланжан, (ол кісі қарауындағы қазақ жігіттерін осылай еркелетіп атайтын) сен естідің бе, Бисен Жұмағалиевті Көкшетауға аударып жатыр, беркіп келіпті. Көп жылдан бері сырлас, жақсы жолдас, арқа сүйеріміз еді, қонақ етіп, шығарып салу керек» деді. Сөйтіп, әкемдей болған, менің болашағыма сүйеу болған Еспол ағаның үйінде абзал ағамыз Бисақаңды қонақ етіп, шығарып салуға қатысқанмын.

Бисақаң Көкшетауда 30 жылға жуық тұрды. Жақсы адам қай жерде де жақсы ізін қалдырады ғой, ол жақтан да қимас дос, жолдас тапты, Көкшетаудың  құрметті азаматы атанды. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де облыс деңгейіндегі көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Соңғы жылдары келіп-кетіп жүргенде «Би аға,  елге қайтпайсыз ба?» дегенімізде «Ол жер де қазақтың жері,  кілең сал-серілер туып-өскен, ән салып жүрген жер» деп Ақан Серінің, Мәдидің, Біржан салдың өлеңдерін  шалқытып  жіберетін. Қанша дегенмен, туған жер, кіндігінің қаны тамған жер ғой, ағамыз  1998 жылдың күзінде еліне оралды. Елі құшақ жая қарсы алды. 2001 жылдың басында үлкенді сыйлай, қадірлей білетін кемел ойлы  Қырымбек Көшербаев – сол кездегі облыс әкімі, арнайы кабинет бөліп, өзінің «бас кеңесшісі» етіп алды. «Бас кеңесші»  деп отырғаным, ол кезде облыс әкімінің әр аудан бойынша да кеңесшісі болатын. Облыс әкімдігіндегі Бисақаңның кабинеті бейне бір «штаб» сияқты, жиі-жиі келіп әңгімелесіп, ақылдасып тұратынбыз. Бисақаңның келуі облыстың қоғамдық өміріне де тың  леп  берді. Жоғары оқу орындарының  студенттерімен жиі кездесті. Елдің ертеңі елсүйер жастардың еншісінде екені, елдік пен ерліктің  қалай қалыптасатыны сол кездесулерде кеңінен сөз болушы еді. Ағамыз өткен өмірінен  жастарға пайдасы тиеді-ау деген тұстарын  тұшымды әңгімелейтін. Былайша айтқанда, жастардың  ақылшысы ғана емес, сырласына айналатын. Бисақаң, әсіресе, облыста құрылған Д. А. Қонаев қоғамдық қорының жұмысына белсене араласты. Д.А.Қонаевты біздің өңірде одан жақсы білетін, талай кездесіп, пікірлес болған адам болған жоқ. Сонау 60-жылдардан 1985 жылға дейін обком хатшысы ретінде жиі кездескен. Ол кісі туралы көп білетін, оны «Асқаралы алып тұлға», «Тау тұлғалы Димекең»  атты мақалаларында біршама баяндаған болатын.

Бисақаңның біздің облыстағы айтуға тұрарлық еңбектерінің бірі –  Батыс Қазақ-станда ауыл шаруашылығы институтын ашудың басы-қасында жүргені. Республиканың батыс өңірінде аграрлық институт ашу мәселесі 1960 жылдан бері көтеріліп, қай қалада ашу туралы әр түрлі пікірлер болған. Сол кезде Д.А.Қонаев  Министрлер кеңесінің төрағасы ретінде (1963 ж.)  Оралда ашу керек екендігін дәлелдеп, шешімге қол қойған. Шешімді алғаннан кейін, сол кездегі обком хатшысы Ш. Қоспанов Бисақаңды шақырып алып, «Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының, мәдениетінің өсуіне, жоғары білімді маман, зиялы қауымның  қалыптасуына бұл жоғары оқу орны өте қажет еді, ол үлкен мүмкіндік бізге берілді, оны іске асыру үшін облыстық комиссия құрамыз, оны сенің басқарғаның жөн болар деп отырмын» дейді. Ол кезде қаладан институт ашу үшін ешқандай ғимараттың ыңғайы болмайды. «Орал ауыл шаруашылығын  механикаландыру техникумы болатын, соны Бөрлі поселкесіне көшіріп, соның орнына ауыл шаруашылығы институтын орналастырып, жұмысты бастадық. Институт үш жылда толыққанды оқу орнына айналды», деп еске алатын  Бисақаң.

Бисен аға қаншама лауазымы үлкен жұмыс атқарса да, ешқандай өркөкіректігі, менмендігі жоқ, барынша әділ, сыпайы адам еді.

Ағамыздың 90 жылдығы облыс көлемінде үлкен мәдени шара ретінде кеңінен тойланды. Сондай бір күндерде  сәлемдесуге келіп, «Аға, 80-ге келгенде 90-ның енді қай жақта?» деп айтқан едіңіз, бұған жеттіңіз, енді қандай бағыт болмақ» деп әзілдеп едім, ағамыз кішкене ойланып отырды да:

«Өмір деген қымбат қой,

Жаның оны қалайды,

Алладан қуат боп жатса,

Көрерміз әлі талайды» деп өмірдің қымбаттығын, одан күдер үзбеу керек екенін ескерткендей болды. Одан кейін ағамыз 2,5 жылдай ғұмыр кешті.  Ешқандай «қарттық»  ауытқушылық болған жоқ, сол баяғы әзіл әңгімесін, өлең-жырларын қосып айтып (ең соңғы әнін 8 наурызда шырқап еді), емін-еркін, ақ-жарқын көңілмен ортамыздан аттанды. 30 шілде күні түс кезі болатын, ауруханада жатыр дегенін естіп, көңілін сұрауға бардым. Ағамыз кісіні танымайтын жағдайда екен, қолдарын уқалап, маңдайынан сыйпап едім, ешқандай белгі берген жоқ. Сол күні кешке қарай  халқына қадірлі болған Бисен аға да осынау жарық дүниеден мәңгілікке көшті...»

*   *    *

Көзі тірісінде аты аңызға айналған Бисен ағамыз азан-хаумет, тәж-дәулетімен айналасына нұрын шашқан жан еді. Ақ Жайық пен Көкше өңірінде ізі сайрап қалған қазанат азаматтың асыл бейнесі сол жұртымен бірге жасай бермек.

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале