28.09.2021, 9:09
Оқылды: 16

Азаттықтың алғашқы он жылдығы жөнінде жанды ой-пікірлер қозғалды

Құрметті оқырман!

 Биылғы тамыз айының алғашқы он күндігінде «Жайық Пресс» ЖШС мен облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясының бірлескен шығармашылық жобасына сәйкес басылым бетінде «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» атты арнайы бет ашылған еді. Соған сәйкес аталған айдар аясында толғауы тоқсан әңгімелер мен сұхбаттар және тағы басқа да сараптамалық талдау тұрғысындағы материалдар жарияланып келді.

WhatsApp Image 2021-09-28 at 09.08.06

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарих тұрғысынан алғанда отыз жыл көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт екенін айта келіп, дегенімен бұл қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас бір дәуірге татырлық кезең екенін атап көрсеткені мәлім. Сондай-ақ қастерлі тәуелсіздігіміздің қадыр-қасиетін тайға таңба басқандай айқындап берген Мемлекет басшысы осы мақаласында тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болатынын мәлімдеді.

Оның әрқайсысы ғасыр жүгін арқалап тұрғаны анық. Соның ішінде мақала авторы азаттықтың алғашқы он жылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атаған екен. Осы кезеңде жаңадан қызметке кіріскен жергілікті атқарушы құрылымның жетекшілері жас, егемен елдің іргетасының берік болуына өз үлестерін қоса білгеніне куә бола аламыз. Олар өтпелі кезеңнің салдарынан орын алған ауыртпашылықтармен әрі «Бұл өткелден қалай өтеміз» деп не істерін білмей, дағдарып жүрген ел-жұртпен бетпе-бет келді. Сонымен бірге өмірдің өзі туғызған сан алуан сұрақтардың жауабын тұрғындарға ашып көрсетуге тырысты. Қысқасы, тұтас бір дәуірге татырлық шақта жаңадан тағайындалған аудан әкімдерінің ел-жұрттың арасында атқарған қызметтеріне ешқандай баға жетпейді. Ерте ме, кеш пе олардың бұл еңбектері жоғары атқарушы билік тарапынан тиісті бағасын алуға әбден лайықты.

Сондықтан да біз «Қазақ-стан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» айдары бойынша жоспарланып жарияланатын материалдар легін бірінші кезекте аудан әкімдерінен бастауды жөн көрдік. Бүгінгі мақаламыздың тақырыбына қойылғандай Азаттықтың алғашқы он жылдығында қызмет жасаған әкімдер қолға алған жобамыздың басты белгілеріне айнала алады деген ойға табан тіредік. Өмір бар жерде, қаза бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге тұтқа, жанашыр бола білген басшы азаматтардың бірқатары бүгінде арамызда жоқ екені де қабырғаны қайыстырмай қоймайды.

«Осы орайда алғашқы әңгімені солардан бастайық, рухы риза болсын», – деп ой-пікір қосқан «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаровқа ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ. Солай жасалды да. Шынын айтқанда о баста «Өтпелі кезеңде ел-жұртқа тұтқа бола білгендер» деген тақырыппен жарияланған айқарма беттен тұратын материалымыз оқырмандар арасында осыншама үлкен жаңғырық туғыза қояды деген ойда болған жоқ едік. Қателескен екенбіз. Қоңырау шалушылар өте көп болды. Олардың арасында «Орал өңірінің» тұрақты оқырмандары, ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, зейнеткерлер және іс басында жүрген азаматтар бар еді. Міне, қалта телефон тағы да дыбыс берді. Көтеріп құлағыма тостым. Әр жақтан биязы әйел даусы естілді.

– Темір, бұл Дина жеңгең ғой, бүгінгі материалыңда Төкеңді жақсылап жазып көрсеткен екенсің. Оқып шықтым, рахмет деді, – сәл босай үн қатып.

Мен облысымыздың мақ-тан тұтар азаматы, шалғайдағы Жаңақала ауданының өсіп-өркендеуіне және экономикасы мен мәдениетінің дамуына көзі тірісінде бар күш-қайратын сарп еткен Төлеген Мерғалиевтың адал жары, өз елінің сүйкімді де сүйікті қызы Дина жеңгеміздің көзіне жас шыланып тұрғанын сезгендей күй кештім сол сәтте.

– Рахмет деуіңіз артық болар. Бұл біздің Төкеңнің рухы алдындағы парызымыз ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде елге еңбегі сіңген бір басшы Төлеген ағамыздай болар, – дедім үнсіз қалудың ретін таба алмай.

Бұдан кейінгі кезекте арамызда аман-сау, алшаң басып жүрген тәуелсіздік тарландарымен сұхбат алудың да сәті түсті. Оның алғашқысы сол кездегі Орал облысының әкімі Нәжімеден Есқалиевтің шешімімен тағайындалған тұңғыш аудан әкімі Есберген Әжібаев болатын. Сөйтіп, ол кісімен сұхбат жүргізілді, жазылды, нүктесі қойылды, содан соң газет өндірісіне тапсырылды. Келесі күні Есағаң тағы да телефон шалып тұр.

– Тыңдап тұрмын, тағы да қандай айтарыңыз бар, – дедім сыйласып жүрген ағамызға.

– Екеуара тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атқарылған істерге қатысты біраз мәселені ортаға салдық қой. Алайда саған бір шындықты айтуды ұмытып кетіппін. Біз халыққа жаңа қоғамдық қатынастар мен формация жөнінде айттық, бағыт бердік, түсіндірдік дейміз ғой. Мүмкін мұныңыз да дұрыс шығар. Ал ең дұрысына, ашығына әрі ақиқатына келгенде халық өтпелі кезеңнің қиыншылығынан өздерін өздері алып шықты. Ешкімге салмақ салған жоқ. Өздерін өздері асырады. Сол үшін де біз қарапайым тұрғындарға басымызды июіміз керек. Саған айтайын, қосайын дегенім осы еді, - деді ол. Сол сәтте сұхбат басылған басылым нөмірі баспаханаға кетіп қалғандықтан сұхбаттасушымыздың осынау ойлы пікірін қосып жазып жіберудің реті болмаса да, сондай мүмкіндік бүгін туып отырғаны қандай ғанибет.

Тағы бір ой тиегі – облыстағы әр ауданның қандай да бір болмасын тек өзіне ғана тән ерекшелігі болуынан туындады. Қойылған сұрақ төркініне орай экс-әкімдер осы ерекшеліктерді дөп басып һәм қойылған сауалға нақты әрі тұжырымды жауаптар қайтарды. Тағы бір айта кетерлік мәселе тәуелсіздік тұсында оның талаптарына сәйкес біраз көкейкесті мәселелердің шешімі табылғанымен, әлі күнге дейін отандастарымызды толғандырып жүрген кейбір мәселелердің түйіні шешілмей келеді.

Соның бірі облыстың ең шалғай аудандарының орталығы Сайхын және Жәнібек стансаларына жолаушылар пойыздарының тоқтамауы болып отыр. Мұның басты себебі Максим Хасановпен жүр-гізілген сұхбатта жан-жақты қамтылғандықтан, оны қайталаудың жөнін таба алмай отырмыз. Бұл ретте ең басты айтайын дегеніміз жүргізілген сұхбаттарда тек өтпелі кезеңнің көріністері ғана жазылып қоймай, бүгінгі күннің бірқатар өткір проблемалары да қоса қамтылғанын жеткізу еді.

Нысана – біреу. Бұл егемендіктің елең-алаңындағы қиындықтар. Оны еңсеру жолындағы атқарылған істер. Сұхбат берушілер де бір қызметтің өкілдері. Мұндай жағдайда әңгіме-сұхбаттардың бір-біріне егіз қозыдай ұқсап кетуі – табиғи жәйт. Мұндай қауіптен де қаламымызды барынша аулақ ұстауға ұмтылдық, құрметті оқырман!

Сонымен біз бүгін тәуелсіздіктің отыз жылын үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болатын секілді, өзіміз қолға алған шығармашылық жобаларды да үш бөлікке бөліп жүзеге асыруды ойластырған едік. Бүгінгі күні соның бірінші бөлігі өз мәресіне жетіп отыр. Мұнда ортаға тасталған әңгімеге негізінен азаттықтың алғашқы онжылдығы тұсындағы оңды істер мен олқы тұстар басты желі болып тартылды. Бұдан алынатын тағылым мен сабақ мол деп санаймыз.

Тәуелсіздіктің екінші және үшінші онжылдығы тұсында да жергілікті атқарушы биліктің басты тұтқалары – аудан әкімдері көптеген жасампаз жобаларды жүзеге асыруға белсене араласып келеді. Бұл кезеңде аудандық, облыстық және республикалық бюджеттердің «бүйірі бұлтиып», мемлекеттік бағдарламаларды жүргізуге бөлінетін қаражат көздері ұлғая түсті. Сондықтан бұл тұстағы әкімдер қызметін жазуды жалғастыра беру шарт емес деп санаймыз.

Оның есесіне әлеуеметтік-экономикалық және мәдени-қоғамдық өмірдің әр саласында тәуелсіздік тұсында қандай жұмыстар атқарылды, нендей кедергілер болды деген мәселелерге басымдық беруді ұйғарып отырмыз. Сондай-ақ шығармашылық жоба аясында тәуелсіздіктің тұғырландыра түсуге өз үлестерін қосқан жеке және заңдық тұлғалар, сондай-ақ тәуелсіздік құрдастары жөнінде ой толғаудың да әбден жөні бар деп білеміз.

 Темір Құсайын

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале