29.08.2023, 16:00
Оқылды: 41

Азаттықтың арайындай Ата заң

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні

Мұрат Тұйғынбетов еңбек жолын құрылысшы болып бастапты. Кейін партияның жолдауымен Чапаев аудандық ішкі істер бөліміне қызметке тұрып, тергеуші, аға тергеуші болды. Қарағандының жоғары милиция мектебін тәмамдаған. 1990 жылы облыстық прокуратураға қызметке ауыстырылады. 1995-2007 жылдар аралығында Тайпақ, Жаңақала, Ақжайық, Жәнібек, Қазталов аудандарында аудан прокуроры болды. Бертін келе, облыстық прокуратурада біраз жыл абыройлы қызмет істеп, зейнет демалысына шықты. Заң үстемдігін орнатудағы жылдар бойғы қажырлы еңбегі үшін 2004 жылы І дәрежелі Прокуратура үздігі төсбелгісімен марапатталған. «ІІМ саласының үздігі», «Прокуратура органының І дәрежелі озаты» белгілерінің иегері, прокуратура ардагері М. Тұйғынбетовпен Конституция күні қарсаңында кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

70b217f9-6961-4b45-801a-5a21b1b5e7fe

– Мұрат Санжарұлы, сіз саналы ғұмырыңыздың отыз жылдан астамын құқық қорғау, прокуратура саласына арнаған жансыз. Сол отыз жылда Конституциямыз, яғни Ата заңымыздың талай өзгергенін, толықтырылғанын  көре қалдыңыз. Айтыңызшы, өткен жылы жалпыхалықтық референдуммен қабылданған «су жаңа» Ұлы құжатымыздың қандай өзгерістері мен толықтыруларын ерекше атап өтер едіңіз?

– Қоғамның дамуына сай, мемлекеттік басқару құрылымдарына қатысты қадау-қадау өзгерістерге сәйкес елдің Негізгі заңы да өзгеріп отыруға тиіс. Өйткені дамудың басты шарты да өзгерістен тамыр тартады. Жаңа Конституция қабылдау арқылы еліміз жаңа дәуірге қадам басты. Конституция тыныштық пен бейбітшілікке негіз болуымен қымбат. Тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата заң отандастарымыздың теңдігі мен бостандығына кепілдік беруімен, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болуымен бағалы. Сондықтан Конституция күні халқымыз үшін ұлық мереке болып есептеледі.  Ал енді Ата заңымыздағы басты өзгерістер мен толықтыруларға келетін болсақ, өзімнің жеке пікірім мынандай. Ең алдымен, нақты президенттік басқару формасына біртіндеп көшуге және мемлекеттің ең жоғарғы лауазымды тұлғасының қолында билікті тым көп шоғыландыруға бағытталған суперпрезиденттік басқару жүйесінен ауысуға бағытталған конституциялық нормалардың мәні зор. Мұны қазіргі Мемлекет басшысының шамадан тыс президенттік өкілеттіктерден алыстап бара жатқан мәртебесін Конституциямен рәсімдеу десе де болады. Сайлау заңнамасының жаңа үлгісін, Парламент палаталарының жаңа құрылымын, парламенттік бақылаудың тиімділігін күшейтуді, Мәжілістің заң шығару үрдісіндегі жаңа өкілеттік құрылымдардың басшыларын тағайындау кезінде Сенаттың рөлін арттыруды көздейтін өзгерістер де халықтың көңілінен шыққанына күмән жоқ.

Ата заңымыз жердің және оның қойнауының, судың, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің, басқа да табиғи ресурстардың Қазақстан халқына тиесілі екенін тайға таңба басқандай айқындап берді. Ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны да нақтыланған. Бұл қазақстандықтардың экономикалық құқықтарына қатысты өте маңызды жаңалық болды дер едім. Дүние жүзі елдерінің бас ауруына айналған сыбайлас жемқорлық пен непотизмге (өз туыстарын қамқорлыққа алу, қызмет беру), қосарланған стандарттарға  және басқа да келеңсіз құбылыстарға тосқауыл қоя алатын жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін- өзі басқарудың рөлін күшейтетін конституциялық өзгерістер де еліміз үшін өте маңызды. Жаңа не-гізгі заңымызда Бірінші Президент және оның мәртебесі (статусы) ұғымымен байланысты нормалар жойылды. Бұл кез келген демократиялық, өркениетті елдегідей барлық экс-президенттерге кепілдіктер тең болуы тиіс және ешқандай арнайы иммунитет берілмеуі керек деген тұжырымға дөп келеді.

Халықаралық талаптарға сай, адам құқығы мәселесі де Ата заңда назардан тыс қалған жоқ. Адамның өмір сүру құқығы жөніндегі кепілдіктері Конституцияның 15-бабында (2-тармақ) өлім жазасын алып тастау арқылы жүзеге асырылған. Адамның еңбек ету құқығы бұрын да басты құжаттың 24-бабында бекітілген болатын. Бұл жерде жаңа норма ретінде мәжбүрлі еңбекке тарту «қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін соттау немесе төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол берілетіні» туралы нақтыланып көрсетілген.

Ата заңымызға өзгерістер енгізе отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қадағалайды. Осындай жаңа құқықтық нормалар елдің тәуелсіздігін толықтай құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге алтын қазық болады. Конституциялық сотты қайта жасақтау, Жоғары аудиторлық палата құру, Сенаттың заң шығару процесінен ішінара шеттетілуі, қоғамда абырой-беделі бар азаматтардың Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда депутат болу мүмкіндігі, өлім жазасының алынып тасталуы тұтастай алғанда, Ата заңымыздағы жағымды өзгерістер екені даусыз. Турасын айтсақ, бұл халық көптен күтіп жүрген Конституция болды деп есептеймін. Яғни қоғамды заңсыздықтан арылтып, Әділетті Қазақстанның негізін қалайтын Негізгі заң болды десек қателеспеспіз. Өйткені төл заңымызға енгізілген өзгерістерден барша қазақстандықтар оң бетбұрыс күтеді.

– Мұрат Санжарұлы, өзіңіздің «туған стихияңыз» болған прокуратура құрылымдарына қатысты Ата заңымыздағы өзгерістер мен толықтыруларға қатысты пікіріңізді де білгіміз келеді.

– Прокуратура мемлекеті-міздің билік құрылымдары жүйесінде осы Ата заң арқылы конституциялық орнын нақты еншіледі. Яғни билік бөлінісі институтының ара салмақта қалыпты болуына өзіндік үлесін қоса отырып, Қазақстан Республикасындағы бірыңғай мемлекттік билік бұтақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне ықпал ететін болады. Мемлекет басшысына есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын  прокуратура Конституцияның адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерін жүзеге асыруда  құқықтық тетігі (құралы) болып табылады. Прокуратура заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады. Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Жинақтап айтсақ, прокуратура өз өкілеттігін Ата заңымыз бен заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады. Күні бүгінде ол басқа мемлекеттік құрылымдар қызметін алмастырмайды, әртүрлі кәсіпкерлік қызметіне негізсіз араласпайды. Сонымен қатар прокуратура Конституцияның 83-бабына сәйкес мемлекттік құрылымдар мен лауазымды тұлғаларының жол берген заңбұзушылықтарын анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған талаппен жоюға ықпал етеді. Оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарының орындалуын қатаң қадағалайды. Бұған мысалдарды өзіміздің облыстан да келтіруге болады. Облыстық прокуратураның (облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі С. Р. Шалабаев) заңдылықтарды сақтаудағы рөлі мен қызметі айтарлықтай өсіп, жақсарды. Прокуратураның басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс істеуінің арқасында ауыр, аса ауыр қылмыстардың саны азайғанын облыс тұрғындары сезіне бастады. Түйіндеп айтсақ, жұртшылық соңғы кездерде құқық қорғау құрылымдарының (соның ішінде прокуратураның) тегеурінін, заңи салмағын, заңның үстемдігін түсіне бастады. Мұның бәрі Ұлы құжатымыз - Конституциядан тамыр тартып жатыр ғой! Ал енді ұлық мереке қарсаңында  әріптестерімді, прокуратура қызметкерлерін облыстың бас газеті «Орал өңірі» арқылы айбынды мерекеміз – Конституция күнімен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына бақыт, береке, қуаныш тілеймін!

Сұхбаттасқан:
Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале