Осындай атаумен 27 ақпан күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында халықтық «Әже сәлемі» вокалды тобының 20 жылдығына орай «Әжелер бесік тербейді» атты концерт өтті.
Концертте Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла «Әже сәлемі» вокалды тобының жетекшісі Мәнзилә Нұрмұханбетоваға құттықтау хат ұсынып, естелік сыйлық табыс етті.
– Бұл өнегелі ұжым өңіріміздегі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, Қадыр орталығымен үнемі байланыс орнатып келеді. Бүгінде ансамбль осы орталықта үлкен-үлкен кештерде өнер көрсетуге дайындалып, емін-еркін шығармашылықпен шұғылданып жүр. Қазақ халқы үшін ата мен әже – даланың данышпандары, бейресми академия. Әженің тәрбиесін алған бала өзінен гөрі өзгенің, яғни, ел-жұртының қамын көбірек ойлайды. Біз көрген әженің өңі өткен өмірдің шежіресіндей, түрі күллі тарихтың бейнесіндей болып тұратын. Осы кешке «Ағалар әуені», «Ару аналар», «Асыл әже», «Әжелер» вокалды топтары қонақ ретінде қатысып отыр. «Әже сәлемі» ансамблін 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілеймін! – деді Бауыржан Ергенұлы.
Қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубы ұйымдастырған кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева сөз алып, ансамбль ұжымына деген ізгі ниет-тілегін ақтарды. «Сәулем-ай», «Қымыз құйғыш», «Ақтамақ» және басқа да халық әндері шырқалды. Дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген «Әже сәлемін» көрермендер қолдап-қошеметтеп отырды.
Концерт соңында қалалық мәдени-ағарту бірлестігі директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов ансамбль жөнінде аз-кем мағлұмат айтып, өнер ұжымына алғыс хат табыстады. Өз кезегінде «Асыл әже» вокалды тобының жетекшісі Жаңылай Арыстанова және кештің басқа да қонақтары ақжарма тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, 2013 жылы ансамбльге «халықтық» атағы берілді. Ұжым 60-75 жас аралығындағы зейнеткерлерден құралған. Құрамында «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және түрлі салада қызмет атқарған өнерлі әжелер бар.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz