Өңірімізде перзенттерін мейірімге бөлеп өсіріп, енді сол ұрпағының құрметін көріп отырған қариялар жетерлік. Солардың бірі Әлия Хайруллина жақын күндері мерейлі 90 жасын атап өтпек. Жуырда Әлия әжейдің үйіне арнайы бардық. Бала-келінінің айтуынша, осы кезге дейін әр жылдарын сағынышпен еске алып, әңгімелеп айтып отыратын әже, соңғы бір жылда үлкендік кіріп, ауырыңқырап қалыпты. Дегенмен кейіпкеріміз туралы кіші ұлы Сағидолла Катенов мен келіні Алма әңгімелеп айтып берді.

Әлия Хайруллина 1935 жылы 27 қыркүйекте Жаңақала ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген. Бастауыш мектепті туған ауылында оқып, кейін білімін Мәштексай ауылында жалғастырған. Жастайынан еңбекке араласқан ол орта мектепті бітіріп, кітапханада жұмыс істей бастайды. Өмірлік серігі Закария Катеновпен би кештерінің бірінде танысады. Олардың отау құруы да қызық оқиғамен басталған. 1955 жылы Закария ағамыз апамызды ат-арбамен алып қашқаны, артынан қуғыншы келгенде Әлия әжеміздің басына ақ орамал тағып, жібермегені – бүгінде ағайын-туысы еске алып отыратын әсерлі оқиғалардың бірі. Мұның өзі – шынайы махаббаттың жарқын белгісі.
«Анамыздың ұлты – татар. Күнінде әдемі, сұлу қыз болғандықтан, әкеміз басқа жігіттер алып кетер деп қорыққан ғой. Шаңырағына анамызды келін етіп түсіріп, өзі үш жылға азаматтық борышын атқаруға әскерге кетеді. Сонда іште қалған үлкен ұлы әкем келгенде екі жаста екен. Әкемді алғаш көрген үлкен ағам Зайдолланың (қазір өмірден өтіп кетті) «Мына ағай кім?» деп сұрайтыны отбасымыздың әлі күнге айтып жүрер әдемі естелігіне айналған. Сол кезде анамыз жап-жас келін болса да, үш жыл бойы көрші ауылда тұрған төркініне де бармастан, ата-әжеміздің қолында өз міндетін атқарады. Олар ескі үйді бұзып, жаңа үй көтергенде сол үйдің бал-шығын езіп, қабырғасын қаласып, еңбек етеді, – дейді анасы туралы әңгімелеген ұлы Сағидолла Закарияұлы.
Әлия әже жұбайы Закария атаймен бірге 53 жыл өмір сүріп, бес перзент тәрбиелеп өсірді. Барлық баласы жоғары білім алып, әртүрлі салада абыройлы еңбек етуде.

Кейіпкеріміз түрлі кезеңде кітапханада, әлеуметтік салада қызмет еткен. 1985 жылы қалаға көшіп келіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде іс жүргізуші болып қызмет атқарған. Еңбекке адалдығының арқасында ұжым ішінде сыйлы болып, 55 жасында зейнетке шықты. Биыл зейнет демалысына шыққанына да 35 жыл толған. Отағасы бала тәрбиесінде қаталдау болғанымен, сол талаптың өзі балаларының адам болып қалыптасуына үлкен әсер етеді.
«Бірде бірінші сыныпта оқып жүргенімде, бір баламен темекі шегіп көргенмін. Үйге келіп, мүңкіген иісті жоямын деп тоңазытқыштан су ішкенім есімде. Шылым шеккенімді әкем сезіп қойып, белбеумен жазалады. Сол бір сәт өмірлік сабақ болды – содан кейін темекіге жоламадым», – деп еске алады Сағидолла ағай бала кезін.
2006 жылы кейіпкеріміз Әлия әжей мен Закария атайдың алтын тойы тойланып, барлық ауыл-аймағы, дос-жарандары бас қосқан. Бұл тек отбасының ғана емес, тұтас әулеттің қадірлі қос қариясына көрсетілген құрмет еді. Алтын тойдан кейін үш жылдан соң өмірлік жары Закария атай өмірден өтеді.

Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген ана перзенттерін мейірімді болуға тәрбиелеген. Ол ешкімге дауыс көтермей, жайлы мінезімен, ақыл-парасатымен көпке үлгі. Біреу дөрекі сөйлесе де, жылы сөзбен жауап қайтаратын, ренжісе де, іштей кешіре білетін кеңпейілді жан. Бүгіндері Әлия әжей – 12 немеренің, 18 шөберенің аяулы әжесі.
«1986 жылы келін болып түстім. Апам мені бір көргеннен бауырына басты. Келін болғаныма 40 жылдан астам уақыт өтсе де, бір рет дауыс көтеріп көрмеген екен. Күнделікті тірлікте өмірлік өнегенің көбін осы кісіден алдым. Апамнан тамақ пісіруді, дастарқан жасауды, қонақ күтуді үйрендім. Ол кісі ұлдарымды өсіруге де көмектесіп, бар білгенін аямады. Әркез бізге қолдау көрсетумен келді. Апамның қуырдағы ерекше тәтті болады. Әр тағамды баппен жасайды. Өте мейірімді, кісі сыйлай білетін, жүрегі кең адам», – дейді енесі туралы әңгімелеп берген келіні Алма.
Кейіпкеріміз Әлия Хайруллинаның тағылымды өмірі – шынайы махаббаттың, төзімділіктің, еңбекқорлықтың және отбасы құндылықтарының үлгісі. Тоқсан жылдық мерейтой – бір әулеттің ғана емес, бір дәуірдің тарихы. Осындай әжелеріміз аман болғай!
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»