18.01.2024, 11:00
Оқылды: 120

Ажырасуға не себеп?

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаеваның мәлімдеуінше, 2020 жылы – 1535, 2021 жылы – 1489, 2022 жылы – 1463, 2023 жылы 1528 жанұяда сот арқылы ажырасу орын алған екен.

fc2993f8-9850-4ad5-bba5-c11e9545b054

Фото: istockphoto.com

Ажырасуға көбіне ішімдік, жұмыссыздық, яғни тұрғындардың уақытты бос өткізуі себепші болатын көрінеді. Алайда шаңырағы ортасына түсіп, өмір жолдары екіге айырылған ерлі-зайыптылардың арасында жалақасы жоғары лауазымды қызметтерді атқаратындар да бар. Демек, ажырасуға біржақты қарай алмаймыз. Кезінде «махаббаттың құдірет күші әлдилеген» қос жүректің екіге бөлінуіне түсініспеушілік те себеп болады. Мінез-құлықтары, өмірлік ұстанымдары, көзқарастары алғашында аса байқалмағанмен, кейін үйлеспейтіні, үндеспейтіні аңғарыла бастайды. «Махаббат – екі адамның бір-біріне қарауы емес, бір бағытқа қарауы» деген сөз бекер айтылмаған.

– Ажырасу – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Өкінішке орай, ерлі-зайыптылардың ортақ мәмілеге келе алмай, екі жаққа кетуін қалыпты жағдай ретінде қабылдау әдетке айналып бара жатыр. Ажырасуға бірінші себеп – сүйіспеншілікті, өзара сыйластық пен сенімді жоғалту.  Екінші себеп – тұрақсыздық, отбасы тұтастығының бұзылуы. Бұл қызғаныш, жалғыздық, пәк сезімге, ақ некеге опасыздық, жұмыссыздық әсерінен және сезімді жоғалтудан, қауіпсіздікті, қамқорлықты сезінбеуден туындайды. Үшінші себеп – тума-туыстың ерлі-зайыптылардың жеке өміріне араласуы. Төртінші себеп – ішімдікті шамадан тыс көп ішу. Соңғы жылдары бұған нашақорлық қосылды. Бесінші себеп – ауторитарлық мінез-құлық, жұбайының немесе өзінің ауторитаризмге бейімділігі. Мұның басты белгісі – маңызды отбасылық мәселелерді шешуде, өзара қарым-қатынас кезінде зайыбының ығына жығылуды қаламау. Алтыншы себеп – жанұялық міндеттердің, отбасылық шаруалардың әділ бөлінбеуі, әйел адамға көп жүк түсуі. Біз отбасы мәселелерін жан-жақты зерттеуге тиіспіз. Қазіргі таңда жас ата-аналарға арналған курстар бар. Курстарда рөлдік ойындар, тренингтер, дәрістер ұйымдастырылады. Жастардың психологиялық ерекшеліктері анықталып, буклеттер, нұсқаулықтар әзірленеді, – дейді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, педагогика және психология магистрі Ләззат Маденова  (суретте).

5c535fc7-6774-4236-a37e-eb0430bcd0f5

Осы мәселені егжей-тегжейлі талқылау мақсатында бірқатар маманға хабарластым. Олардың пікірінше, бүгінгі таңда жанұядағы зорлық-зомбылық салдарынан ажырасқандар өте көп. Бұл туралы Орал қаласындағы «Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» директорының міндетін атқарушы Мариэтта Дәулетиярова (суретте) кеңінен әңгімелеп, біраз  мағлұмат  айтты.

718f0319-dac0-4fbc-97fc-4ab9491f9dc2

Көмектесуге қашанда дайын

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында 2013 жылы қалалық әйелдерге арналған оңалту және бейімделу орталығы ашылған. 2019 жылы бұл ғимараттың атауы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» болып өзгертілген. Сондай-ақ 2020 жылы маусым айында дағдарыс орталығының жанынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес көпбалалы, табыс кірісі аз  отбасылардың мүшелеріне ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсету, әлеуметтік жағынан осал топтардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында отбасы орталығы ашылған. Қазіргі таңда дағдарыс орталығының қызметіне жүгінгендерге құқықтық-психологиялық көмек көрсетіліп келеді. Сондай-ақ үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

– Орталыққа тұрғындар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, медициналық мекемелер және полиция қызметкерлерінің жолдамасы бойынша қабылданады. Біз Орал қаласының №2 соты және мамандандырылған әкімшілік сотының өкілдерімен, әйелдер істері  мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен, полиция қызметкерлерімен, облыстық қоғамдық даму басқармасындағы мамандармен, сондай-ақ кітапханашылармен бірге жұмыс істейміз. Сонымен қатар мектеп психологтерімен, әлеуметтік педагогтермен, студенттермен, ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Орталық айқай-шудан қорқып қалған, қиын жағдайдан шыға алмай жүрген, психологиялық-моральдық көмекті аса қажет ететін тұрғындарға, оған қоса 2022 жылдың қаңтар айынан бастап жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмаған балаларға сегіз (8) бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Олар – тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, экономикалық, еңбек және құқықтық қызмет. 2021-2023 жылдар аралығында 356 тұрғынға қызмет көрсетілді. Оның 237-сі – бала, 118-і – әйел, ал біреуі – ер адам. Жұмыс барысында қызмет алушының әлеуметтік жағдайын, жанұясын әбден зерттейміз. Телефон арқылы психологтің немесе заңгердің көмегіне жүгінетіндер бар. Әлгіндей мамандардан ақыл-кеңес сұрау үшін орталыққа келіп-кететіндер аз емес. Орталықта жалпы саны 22 маман  жұмыс істейді, – деді Мариэтта Тарханқызы.

Инспекторлар жұмысты ширатуда

ҚР Ішкі істер министр-лігінің нұсқауымен қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің жанынан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топ құрылып, бүгінгі таңда екі инспектор жүйелі жұмыс істеуде. Олар заң және бекітілген жоспарға сәйкес қылмыстардың алдын алу үшін барын салуда.

4f1f0da1-35be-497b-8c7f-66f24becd01e

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың инспекторы Гүлназ Ибрагимнің (суретте) айтуынша, 2023 жылы Орал қаласы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 10-нан астам қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ сол жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес 1374 қорғау нұсқамасы шығарылса, соттың шешімімен 336 тұлғаға ерекше талап қойылған. 35 тұлға қалалық полиция басқармасының жолдамасымен дағдарыс орталығын паналаған. Зорлық-зомбылыққа тап болған 50-ден астам әйелге консультативтік-құқықтық көмек көрсетілген. Сенім телефонына 40-тан астам әйел қоңырау шалған.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрғындардың полиция қызметіне деген сенімін арттыру, оларды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыспен таныстыру бағытында былтыр 19-23 маусым аралығында «Адамның өмірі мен денсаулығы – баға жетпес байлық» атты облыстық акция өтті. 27 қыркүйекте дағдарыс орталығында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездестік, түрлі бағытта пайдалы ақыл-кеңес айттық. «Жайық таңы», «Ағайын», «Тұғырым» қоғамдық бірлестіктерімен бірге бірқатар шаруа атқардық. Семинар-тренинг өткіздік. Оның ұйымдастырылуына Орал қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер ісі және отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Анаргүл Сисенова көмектесті. 25 қараша және 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтті.

Акция аясында облыс орталығында орналасқан «Elephant» шығармашылық студиясында жанұяның қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында іс-шара ұйымдастырылды. Ал отбасы орталығында өткен жиында ой-пікірімізді ортаға салып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды талқыладық. Сонымен қатар сауда үйлерінде тұрғындарға жаднамалар таратылды. Қорғау нұсқамасы беріліп, есепке тіркелгендерді учаскелік полиция инспекторларымен бірге тексердік. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширатуға тиіспіз. Себебі жұбайынан жәбір көргендердің көбі ажырасып тынуда, – дейді Гүлназ Аманкелдіқызы.

Уақытша бөлек тұру керек

Орал қаласындағы отбасы орталығының ашылғанына үш жылдан асты. Мұндағы мамандар бүгінде сергелдеңге салынған тұрғындарға барынша көмектесіп, ерінбей жұмыс істеп келеді. Отбасы орталығының психологі Индира Шүкірбаеваның сөзіне сүйенсек, одан ажырасудан басқа амалы қалмағанын алға тартып, кеңес сұрайтындар көп. Ол келушілердің пікірін мұқият тыңдап, өзінше қорытынды жасап, пайдалы кеңес айтуға тырысады.

– Бүгінгі таңда балаларымен бірге пәтерден пәтерге көшіп жүрген отбасылар аз емес. Ай сайын жалақының біраз бөлігін пәтер иесіне береді. Содан қаржының жетіспеушілігі туындайды. Материалдық жағдайы жақсармағасын да, адамның көңіл күйі болмайды. Ондай адам ұрыс-керіске жанжалдасуға, үнемі тұнжырап жүруге бейім келеді. Кейбір ер-азаматтар жұбайына күш көрсетіп жатады. Мұндай жағдай әйелдің жан дүниесін жараламай қоймайды. Ажырасуға тағы бір үлкен себеп – әке мен шешенің немесе ағайын-туманың екі жастың жеке өміріне орынсыз араласуы, олардың іс-әрекеттерін талқылап, баға беріп отыруы. Бұл кезде ер адам кімді қолдарын білмей, уайымға салынады. Ішіндегі жауапсыз сұрақтар ашу-ызаға бастайды. Дау-дамай туындап, жанжал шығып, соңы ажырасуға ұласады. Кейбір жас отбасылар араға уақыт салып, қайта қосылады. Негізі, осындай жағдайларда уақытша, кем дегенде бір-екі ай бөлек тұрған дұрыс. Бұл әдісті кеңес сұрағандарға айттым. Нәтижесі жаман емес. Былтыр Б. есімді келіншек орталыққа келіп, менен көмек сұрады. Күйеуінің ұрып-соғатынын, қатты шаршағанын айтты. Негізі, кеңес берер алдында ерлі-зайыптылардың екеуімен де тілдескен жөн. Мен жаңағы Б. есімді әйел затына оның күйеуі, яғни А. есімді азаматпен тілдесіп, оның да пікірін естігім келетінін жеткіздім. Көп ұзамай орталыққа екеуі бірге келді. А. есімді азамат: «Мен жұбайымды жақсы көремін. Балаларымның әкесіз өскенін қаламаймын. Тынымсыз жұмыс істеймін. Табысымды керек-жарақтарды сатып алу үшін әйеліме беремін. Ол сол қаржыны ұқыпты жұмсай алмайды. Балаларды жуындырмайды. Жұмыстан келген кезімде үйдің іші шашылып жатады. Кейде тамақ әзір болмайды. Амал жоқ, дәмханалардан тамақтанамын. Сол себепті арасында оны ұратыным рас» деп шындығын айтты. Осыдан кейін оларды бірнеше мәрте шақырып, ойларын тыңдадым. Ақыл-кеңесімді де аяған жоқпын. Қазіргі уақытта екеуі бірге тұрып жатыр, – дейді Индира Жоламанқызы (суретте).

a24b83e4-6dfc-4766-974f-0b368e9d5470

Меңзипа Қаматаева,

Орал қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз:

219e46d1-b43c-4ad5-b384-430f8f319479

– Кейде жастар тым ерте үйленеді. Соның кесірінен опық жейді. Үйлену – жауапкершілікті талап ететін өте маңызды қадам. Сол себепті мұндай шешім қабылдар алдында жастар жауапкершілік арқалай алатынына сенімді болуы тиіс. Бір-бірін шын сүйетіндер қандай қиындық болса да жеңіп, қол ұстасып, өмір бойы бірге жүреді. Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қағида бар. Қазіргі жастар көрсеқызарлыққа, асығыстыққа салынып, үйленіп алады да, өкінішті өмірге тап болады. Өмірде ең қиыны – жар таңдау. Бұрынғы заманда қыздарда таңдау еркіндігі бол-ған жоқ. Қазіргі кезде қыздар өзі ұнатқан жігітке тұрмысқа шығуға толық  құқылы. Сондықтан бас қосар, шаңырақ көтеріп, отау құрар  алдында қыз бен жігіт бір-бірін әбден зерттеп, шешім қабылдауға барынша асықпағаны жөн. Жастар қиындықтарға төзіп, бір-біріне кешірімді болуы керек. Сыйластық бар жерде ұрыс-керіс болмайды. Үйленген жан қара басының ғана қамын ойламауы тиіс. Ажырасқан уақытта жас жұбайлар ғана зардап шекпейді, ерлі-зайыптылардың ата-анасы, ұл-қыздары қиналады. Сол себепті отбасын құруға қатысты шешім қабылдарда  жан-жақты ойланған абзал.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале