Облыстағы кейбір мемлекеттік мекемелер мемлекеттік рәміздерді заңға сәйкес орналастырмай отыр. Ендігі жерде мұндай кемшіліктерге жол бергендерге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы ҚР мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен болған бұл басқосуда Бөрлі және Шығырлау аудандарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстардың жай-күйі онлайн байланыс арқылы талқыланған еді.
Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оларды заңға сәйкес қолданылуына бақылауды қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жүргізілуде. Бірақ кемшіліктер де жоқ емес. Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасы және техникалық реттеу және метреология комитетінің БҚО бойынша департаменті мамандарының тексеру нәтижесінде Бөрлі аудандық соты мен прокуратурасында, Ақсай қаласының әкімдігінде рәміздердің орналасуына қатысты кемшіліктер анықталған.
Жеңісімен көк туды көкке желбірететін спортшылардың оқып-жаттығытын мекендерінде де «әттеген-айлар» бар боп шықты. Өйткені қаладағы мемлекеттік мекеме саналатын кейбір спорт сарайлары мен дене шынықтыру сауықтыру кешендері де мемлекеттік рәміздерді қолдануда кемшіліктер кездескен. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мәлім еткендей, «Ақжайық» футбол клубы, №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі, облыстық жоғары спот шеберлігі мектебі және облыстық балалар-жасөспірімдер теннис спорт мектебінде Үкіметтің қаулысына сәйкес рәміздерді ауыстыру және жою туралы бұйрық жоқ. Спортқа дарынды мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты ғимаратының сыртындағы маңдайшасын талапқа сай орнатуға жөнінде ескерту берілген. Бұл жұмыстарға Орал қаласы әкімдігі мен ішкі саясат бөлімінің «салақ» қарап, немқұрайдылық танытып отырғанына шүйліккен Ғабидолла Абдоллаұлы мәселені тез арада шешуді тапсырды.
- Комиссияның өткен жолғы отырысында да бұл мәселелер барлық аудан әкімдеріне, осы жердегі басқарма басшыларына айтылды. Сіздер тексеруді күтіп отырмаңыздар. Тексеруге келгенге дейін осы кемшіліктерді жоюға сіздерге не кедергі жасайды? Заң бар, талаптар бар, стандарттар бекітілді емес пе? Прокуратура мен сотта өткен жолы да кемшіліктер табылды. Орал қаласында кемшіліктер кездеседі. Әзірше ауызша ескерту жасаймыз. Келесі жолы тәртіптік жазаға тартыласыздар, - деген Ғабидолла Абдоллаұлы құзырлы мекеме басшыларына бұл жұмыстарды ширатуды тапсырды.
Өз сөзінде Ғабидолла Абдолаұлы облыс аумағында руларын заттық белгі ретінде бекітіп, мемлекеттік Тумен қатар жалаулатып іліп қоятындарды сынға алды. Әсіресе Ақсай қаласында «Москвичи» жанар-жағар май стансасында Тумен қатар тұрған белгі сынға ілікті.
- Өзінің руын тауар белгісімен көрсету дұрыс емес. Бұл басқаларға теріс үлгі болып есептеледі. Ал біз елді ауызбіршілікке шақыруымыз керек. Бара-бара мұндай тауар белгісін басқа рудың да өкілдері жасап алады. Заң бойынша да шектеу бар. Әділет министрлігінде тауар белгісі бекітілгенде, ол белгі қоғам үшін қолданылмау керек. Мысалы, мен барып жалпыға ортақ қандай да бір тауардың белгісін алып, менікі деп айтуыға құқым жоқ. Сол секілді кез келген рудың белгісі де жалпыға ортақ қолданылады. Сондықтан да ол өз руластарының құқығын шектейді. Меніңше бұл жерде қандай да бір заңдық тұрғыда қателік кеткен секілді. Егер ол тап осылай ру белгісін жекешелендіріп алған болса, заңдық тұрғыда шешімін табуы тиіс, - деген облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырды.
Шара барысында сондай-ақ ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуы туралы айтты. Оның сөзінше «QAZAQSTAN» деген сөз еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасындағы жаңартылған стандартта қолданылатын болады. Сондықтан да 1 қаңтарда бюджетті нақтылар кезде барлық мемлекеттік мекеме Елтаңбаны осы стандартқа сай өзгерту үшін қаражат бөлінуін қарастыру қажет.
Басқосуда комиссия мүшелері де өздерінің ой-пікірдлерін білдірді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен тәуелсіздік алғалы 27 жыл өтсе де, мемлекттік рәміздерді тиісінше қолдана алмай жүрген мемқызметшілер тарапынан орын алатын кемшіліктерді әкімшілік айыппұл салу арқылы «түзетейік» деген ұсынысын айтты. Ал «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев шекара бекеттері, автоөткелдерде мемлекеттік рәміздерге деген ықыластың өте нашарлығын атап өтті.
Ясипа РАБАЕВА,
zhaikpress.kz