21.05.2025, 10:00
Оқылды: 119

«Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасы аяқталды

Наурыздың 20-сы күні басталған «Бабалар ізімен» атты ұлттық спорт лигасы мамыр айында құнан және тай бәйгесімен аяқталды. Ұлт спортын ұлықтап, жастардың оған деген қызығушылығын арттыру, ауыл-аудандар мен қаладағы талантты спортшыларды іріктеп, жарыс тәжірибесін  жинақтауға мүмкіндік беретін лига 10 спорт түрін қамтыды.

М Салык 0

Ұлт спортын ұлықтаған лиганың қорытынды жарысы Орал қаласы Бортау ауылының маңындағы атшабарда өтті. Бабы келіскен бала тұлпарлардың жарысын тамашалауға келген халық қарасы көп болды. Бәйге жанкүйерлері үшін ошақ құрылып, қазан асылды. Кәуап пісірілді, палау да ұсынылды. Өнерпаздар әннен шашу шашса, Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров лига ұйымдастырушыларына ризашылығын білдіріп, ұлттық спортты ұлықтап жүрген жандардың ісіне береке тіледі. Осы жарыстың басы-қасында жүрген «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымовтың айтуынша, бәйге алдында әр ауданда іріктеу кезеңі өткен.

– Жарыс ережесі бойынша әр ауданнан 5 тай мен 5 құнан финалдық жарыста бақ сынауға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта «Ақ бидай» спартакиадасы ұйымдастырылады. Осы сында үздік болғандар сол жарысқа жолдама алады, - деді Орынбасар Ғилымов.

«Бабалар ізімен» лигасының қорытынды жарысы тартысты өтті. Облыстық бәйге федерациясының президенті Сатқали Байзуллин жарысқа құнан мен тай жарысының таңдалуының да өзіндік мәні барын айтады.

– Осы бәйгеде үздік шыққан құнандарды ел шемпионатына жібереміз.  Бұл жарыс сол байрақты бәсекеге дайындық. Ал тай жарысын таңдауымыздың себебі жас шабандоздардың шеберлігін шыңдау, – деді Сатқали Байзуллин.

Құнан бәйгеде Азамат Жұмашев бас жүлде иеленсе, екінші орын Мадияр Нұрманғалиевке, үшінші орын Жантөре Шимерденге бұйырды. Ал тай жарысында Бақтыгерей Аяпбергеновтің тайы оза шапса, Нұрқанат Әміров пен Армат Ғаббасовтың жүйріктері үздіктер қатарынан көрінді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйлық ұсынылды. Бәйге 1-5-орын иеленген аттарға берілді.

Дәстүрлі садақ  ату

Ұлттық спорт лигасының ең қызықты жарыстарының бірі – дәстүрлі  садақ ату. Мергендер додасын Орал қаласының  «Oqzhetpes» командасы жеңіп алды. Екінші орын  Ақжайық ауданының  командасына, үшінші орын Сырым ауданының садақшыларына бұйырды.

Жекпе-жек

Жігіттер жекпе-жегінде Тасқала ауданы жеңіп алса, екінші орын ОБЖСМ-ға, үшінші орын  Казталов ауданына бұйырды.

1c589171-f0d3-44b1-a6a1-b4359f67b0d1

Тоғызқұмалақ

«Бабалар ізімен» облыстық лигасында интеллектуалды спорт түрлерінен де жарыстар өтті.  Ақыл-ой мен есепке негізделген тоғызқұмалақ жарысында Бөрлі ауданының спортшылары озық шықса, екінші орын Орал қаласына, үшінші орын  Бәйтерек ауданына бұйырды.

cf6fb1fc-e6aa-4015-af3a-15cebe42b2ae

Қазақ күресі

Көпшіліктің қызығушылығын тудырған сайыстардың бірі – қазақ  күресі. Барлық аудан жампоздары күш сынасқан додада бірде-бір палуаны жеңіліс таппаған Бөрлі командасы жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орынға 40 алтын алған Жәнібек, үшінші орынға палуандары 34 рет жеңіс тұғырына көтерілген Бәйтерек ауданы жайғасты.

Аударыспақ, теңге ілу

Жылқының да, жігіттің де алапат күшін талап ететін аударыспақ сайысында  Жәнібек ауданы 27 ұпай еншілеп, жеңімпаз атанды. Бұл аудан аударыспақшыларының ешбірі қарсыласқа есе жібермеді. Екінші орын Ақжайық ауданы, үшінші орын Ұлттық спорт мектебінің командасына бұйырды. Ал қатысушылардың ептілігі мен шапшаңдығын сынайтын теңге ілу сайысында Асан ОБЖШМ командасы бірінші, Ақжайық командасы екінші, «Орал» СК командасы үшінші орын иеленді.

2c79563e-26af-4610-8bab-60b7ccc08b8e

Көкпар

Епті де білекті жігіттер додасы  қызықты өтті. Деркөл ауылында өткен көкпаршылар сайысын көруге келген көрермен де көп болды. Бірнеше күнге созылған жарыс қорытындысында Шыңғырлау ауданының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ақжайық, үшінші орынды Қаратөбе командалары жеңіп алды.

Жамбы ату, асық ату

Шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін асық ату ойынында Ақжайық бірінші, Шыңғырлау екінші, Теректі спортшылары үшінші орын алды. Ал жамбы атуға небары екі-ақ команда қатысты. Қорытындысында Ақжайық ауданы жеңімпаз атанса, «Орал» СК екінші орынды қанағат тұтты.

Ұлттық спортты ұлықтауға арналған жобаның ауторы, «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов келер жылы аталмыш бәсекені бұдан да қызықты, әрі кең ауқымда өткізу жоспарда екенін айтты.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале