Ұлттық спорт түрлерінен «Бабалар ізімен» атты облыстық лига салтанатты түрде ашылды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған ұлттық спорт жарысының бағдарламасына асық ату, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек, қазақ күресі және тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері енді. Бірнеше айға созылатын бәсекеге Орал қаласы мен аудандардан 300-ге жуық спортшы қатысады.
Елмен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерімізді кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын ұстанушылардың санын арттыру және жастар мен жеткіншектердің жалпы халықтық ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен додалар бастау алды.
«Орал» спорт клубында жалауы желбіреген ұлттық спорт салтанат құрған лига ашылуына облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов және Орал қаласы спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов және барлық аудан командалары қатысты.
–Спорт – адамзат өміріне алапат күш сыйлап, тәнге қуат, жанға рух сыйлайтын қастерлі дүние. Сергек болудың, сау болудың бірден бір жолы – спортпен шұғылдану. Салауатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақты спортпен және дене шынықтырумен белсенді шұғылдануға тарту – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Ал ұлттық спортымызды ұлықтау бабалар аманатын орындау. Былтыр бастау алған «Наурызнама» концепциясына сәйкес наурыздың 20-сы ұлттық спорт күні болып белгіленді. Осынау айтулы датаға орайластырып, тамаша шараның ашылуына ұйымдастырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Жастардың, бүкіл ұлттың денсаулығы, еліміздің қуаты көп жағдайда оның табысты түрде жүзеге асуына байланысты. Еліміздің еңсесін көтеруде, мемлекетіміздің өркендеуі жолында биік белестерді бағындыруларыңызға, дүбірлі додаларда жеңістерге қол жеткізулеріңізге, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруларыңызға шын жүректен тілектеспін. Келе жатқан наурыз мерекесі құтты болсын,– деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Бірнаше айға созылатын спорттық эвент аясында асық ату, дәстүрлі садақ ату сияқты ұлттық ойындар, күрес, тоғызқұмалақ секілді интеллектуалдық спорт түрлерінен кең ауқымдағы жарыстар өткізіледі. Лигада жеңіске жеткен қатысушылар мен үздік көрсеткіш көрсеткен спортшыларға арнайы дипломдар мен медальдар табысталады. Сонымен қатар, лиганың келесі кезеңдерінде аударыспақ, жамбы ату, көкпар, тай, құнан жарысы, теңге ілу сияқты басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Бұл жарыстар сәуір және мамыр айларында өтеді. «Бабалар ізімен» облыстық лигасы ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту және кеңінен насихаттау, салауатты өмір салты қағидаларын бекіту, сондай-ақ спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі. Осы жарыс арқылы ұлттық мұрамызды сақтау, спортты насихаттау және жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеледі.
Қазір асық ату, жекпе-жек, қазақ күресі, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен жарыстар басталды.
Айта кетейік лига бәсекелері мамыр айына дейін созылады.
Түгелбай Бисен