Орал қаласында мониторинг тобы БАҚ өкілдерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шолып өтті. Іс-шараны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

Пресс-турға сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова, БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатқалиев, «AQJAIYQ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорын басқару департаментінің директоры Ораз Жұмабаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Ситказиев қатысты. Мониторинг жұмыстарына «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық партиялық бақылау комиссиясы мүшелері – Нұргүл Ашықова, Нұрлан Рахымжанов, Нұрлан Қадыров, Марзия Нұрмұхамбетова да қосылды.
Қатысушылар Орал қаласындағы «Алтындар» және «Пешеход» сауда нысандарын аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сатылымдағы бағасына кешенді талдау жүргізді. Тексеру барысында ұн, нан, қант, өсімдік майы, сүт өнімдері, жұмыртқа, картоп және басқа да негізгі өнімдердің бағасы, жеткізу тізбегі, көтерме құны мен тұрақтандыру қоры арқылы іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігі қаралды.
Пресс-тур барысында сауда нысандарының өкілдерімен бағаны тұрақты деңгейде сақтау жолдары, маусымдық ауытқуларды болдырмау және тауар қорын толықтыру мәселелері талқыланды.
Кәсіпкерлер бағаның қалыптасуына әсер ететін факторлар жөнінде өз пікірлерін білдірсе, мемлекеттік құрылым өкілдері нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстың үздіксіз жүргізіліп отырғанын атап өтті.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты мониторингтің тұрақты түрде жүзеге асырылатынын айтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында нақты индикаторлар белгіленгенін түсіндірді.
– Біздің департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға сәйкес әрбір сауда субъектісі мұндай өнімдерге өндірушінің бағасынан 15%-дан аспайтын сауда үстемесін белгілеуі тиіс. Біз осы талаптың орындалуын әкімшілік бақылау арқылы қамтамасыз етеміз. 2025 жылдың өткен кезеңінде 172 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Оның 85-іне ескерту беріліп, 87 субъект 1 млн 71 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Бұл істердің басым бөлігі – облыс әкімдігі жанындағы арнайы комиссияның жұмысы аясында анықталған сауда үстемесінің негізсіз асырылуы фактілері. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар арасында ірі көтерме жеткізушілер де, шағын бизнес өкілдері де бар. Біздің мақсат – бизнеске қысым көрсету емес, нарықтағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар тағамдарды қолжетімді бағамен ұсыну. Сондықтан тү-сіндіру жұмыстары да, бақылау да қатар жүргізіледі, – деді департамент басшысы.
Ал Ораз Жұмабаев тұрақтандыру қорының өңірді негізгі өнімдермен үздіксіз қамту бағытындағы жұмыстарымен таныстырды.
– Қазіргі уақытта «Ақжайық» тұрақтандыру қоры жергілікті кәсіпкерлермен 5 мың тонна картоп жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Осы аптадан бастап өнім супермаркет желілеріне сатылымға шығарылды. Қордан босату бағасы – 140 теңге, ал сөрелерде 154-161 теңге аралығында саудалануда. Бұдан бөлек, жергілікті өндірушілермен пияз, қырыққабат және сәбіз жеткізуге жалпы 1,3 млрд теңгенің келісімшарттары рәсімделді. Биыл тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Оның 1,3 млрд теңгесі көкөніс сатып алуға, 300 млн теңгесі жұмыртқа бағасын тұрақтандыруға бағытталып отыр, – деді ол.
Облыстағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиев былай деді:
– Қазақстан бойынша бекітілген әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің ішінде біздің өңірде күріш пен тұздан басқасының барлығы өндіріледі. Осы тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қалалық кәсіпкерлік бөлімі мен сауда департаменті бірлесіп, жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 30 отырыс өткізіліп, соның нәтижесінде 162 әкімшілік шара қабылданды. Оның ішінде белгіленген бағаның 15 пайыздан асуы, бағалық көрсеткіштердің болмауы сияқты заңбұзушылықтар бар. Сонымен қатар облыс орталығындағы Ықсанов көшесінде және аудандарда тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Жалпы сомасы 600 миллион теңгеге жуық өнім сатылды, 400-ге тарта жәрмеңке өтті. Әр апта сайын статистикалық мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ба-ғасында айтарлықтай өсім жоқ, бағалар тұрақты, – деді Мейрам Жасұланұлы.
Пресс-тур өңірдегі баға реттеу механизмдерінің ашықтығын арттыруға, БАҚ өкілдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нақты жағдайды көрсетуге мүмкіндік берді. Осындай мониторингтік шаралар алдағы кезеңдерде де жалғасын табады деп жоспарлануда.
Жанерке Мерекеқызы
«Орал өңірі»