Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру мәселелеріне арналған брифинг өтті.
«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қазыбек Ұзықановтың баяндауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (бұдан әрі – ӘМАТ) бағаның өсуін тежеу үшін мемлекет кәсіпкерлерге «айналым сызбасы» бойынша жеңілдікпен несие береді. «Айналым сызбасы» бойынша сауда кәсіпорындары мен өндірушілер жеңілдетілген несие ала отырып, тауарларды белгіленген бағамен ұсынуға міндеттеме алады. Бұл тетікке кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ әлеуметтік азық-түлік түрлерін өндіретін, сататын сауда кәсіпорындары, кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Аталмыш тетікті іске асыруға өткен жылы жергілікті бюджеттен 1 212 111 000 теңге, биыл жергілікті бюджеттен қосымша 2 050 000 000 теңге бөлінді. Тұрақтандыру қорын қаржыландырудың «айналым сызбасы» бойынша комиссия шешімінің негізінде жергілікті тауар өндірушілер мен көтерме жеткізушілерге 3 145 474 000 теңге сомасына қарыз беру туралы шешім қабылданып, оның 1 146 975 000 теңгесі бюджетке кері қайтарылды.
ӘМАТ бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері Орал қаласында және 11 ауданда 14,5 тонна сүт (2,5% май), 170 тонна картоп, 68 тонна пияз, 47 тонна қырыққабат, 37 тонна сәбіз, 11 тонна макарон, 60 тонна қарақұмық, 204 тонна қант, 47 тонна күріш, 91000 литр күнбағыс майы және 334000 бөлке әлеуметтік нан сатылды. Бүгінгі таңда «айналым сызбасы» бойынша өндірушілерде 156 тонна көлемінде күріш, 68 тонна қарақұмық, 500 тонна сәбіз, 992 тонна көлемінде пияз, 1 582 тонна картоп, 286 тонна қант қоры бар. Сондай-ақ «Jelaev Nan» дүңгіршектерінде бір бөлке әлеуметтік нан 90 теңгеден сатылуда.
Биыл картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімдігі мен жергілікті көкөніс өнімдерін өндірушілер арасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша меморандум жасалды. Осы меморандумдар аясында облыстың резервтік қоры үшін 2 025 тонна картоп, 435 тонна пияз, 56 тонна сәбіз және 112 тонна қырыққабат қоймаға жиналған. Қажет болған жағдайда резервтік қордан алынған өнім маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін пайдаланылады. Келесі жылдың басында жергілікті өндірушілерге «Белес Агро», «Пойма май комбинаттары» ЖШС-лары бір келісі 250 теңгеден 100 тонна макарон өнімін, литрі 700 теңгеден 100 000 литр көлемінде күнбағыс майын жеткізу үшін қарыз беру жоспарланған. Сондай-ақ қант, қарақұмық және күріш сатып алу үшін жергілікті көтерме жеткізуші «Губашева С.К.» ЖК-ға несие қарызы берілмек. Украина жеріндегі геосаяси жанжалға байланысты биыл қант бағасы күрт өсті. Үкіметтің тапсырмасы бойынша қант бағасының қайта өсуіне жол бермеу мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Тараз қант зауыты» ЖШС қант зауытына қарыз (870 000 000 теңге) берді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасады.
– Азық-түлік түрлері бойынша бағаның өсу себептерінің бірі әлемдегі геосаяси жағдайларға тікелей байланысты. Атап айтқанда, көрші елдерге салынған санкциялар себебінен тауар жеткізу логистикасы өзгеріп, қосымша шығындар мен жеткізу уақыттары ұлғайды. Рубль бағамының өсуіне байланысты өңірімізге Ресейден жеткізілетін азық-түлік (сүт өнімдері, қант, жармалар) және ауыл шаруашылығы өндірісіне қолданылатын (тыңайтқыштар, жемдік қосымшалар және т. б.) тауарлардың бағасының көтерілуіне әсер етті. Бұл өз кезегінде өндірілген тауар құнының өсуіне әсер етті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында делдалдық сызбаларды анықтау бойынша комиссия жұмыс істеуде. Комиссияның мақсаты баға қалыптасу барысында жосықсыз делдалдарды анықтап, алып тастау болып табылады, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатқалиев. Оның баяндауынша, күні бүгінге комиссияның 26 отырысы өткізілген. Отырыстардың барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің шекті шамасынан асып кеткен жағдайлары анықталды. Сәйкесінше 6 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту түрінде әкімшілік шаралар қолданылды (2021 жылы - «Лидер», «Вега», «Алтындар», «Суровский» сауда желілері, 2022 жылы - «Алтындар», «Анвар» сауда орындары. Қазіргі кезде комиссия тапсырмасына сәйкес уәкілетті құрылымдар 4 сауда желісінде 7 азық-түлік тауары (бірінші сұрыпты ұн, күріш, тұз, макарон өнімдері, тауық еті, картоп, пияз) бағаларының өсуіне байланысты талдау жүргізуде. Талдау қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар анықталса, сәйкесінше шаралар қабылданады. Одан басқа бағаның өсуіне байланысты тұрғындардан түскен шағымдар бойынша (барлығы 20 шағым) жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша сауда үстемесін асырғаны үшін 10 субъектіге ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды, 10 субъект бойынша бұзушылықтар анықталмаған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің сөзінше, өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында 127 шаруашылық жиналатын өнімнің 15%-ын нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен сату туралы меморандумға қол қойды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz