ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын қайда қарау және шағымдарды қайда жіберуге болатыны туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірінші кезекте, Ержан Қазанбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндерді әкімдіктер әр өңір үшін жеке белгілейтінін және елдің басқа өңірлеріне таралмайтынын түсіндірді.
«Шекті бағалар туралы мәліметтер ашық болып саналады және «Әділет» порталы мен әкімдіктердің ресми сайттарын қоса алғанда, ашық көздерде орналастырылады», - деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, Ержан Қазанбаев қандай мемлекеттік органдарға бағаның өсуіне қатысты шағымдармен жүгінуге болатынын айтты.
Бірінші арна - бұл әкімдіктер. Өйткені бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарда сауда желілерінде баға қоғамдық бақылауды тарта отырып, сауда үстемесінің 15 пайызынан аспауы үшін сауда үстемелерін, сыйақыларды бақылау бойынша құрал бар.
Екінші тетік - Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті және комитеттің аумақтық департаменттері. Сонымен қатар жақын арада аумақтық департаменттер арқылы жүгіну мүмкіндігі пайда болатын Сауда комитетіне, сондай-ақ E-tutynushy платформасы арқылы жүгінуге болады. Ол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын көтеретін дүкенге шағым беруге мүмкіндік бар.
Үшінші мемлекеттік орган - бұл ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және оның аумақтық департаменттері. Оларға азық-түлік өнімдерінің жасанды тапшылығы немесе баға алыпсатарлығы пайда болды деген күдік туындаған жағдайда жүгіну керек. Осыдан кейін әкімдіктер, Сауда және интеграция министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан белгілі бір ден қою іс-шаралары қабылданады.