10.09.2025, 10:32
Оқылды: 204

Байқау үздіктері анықталды

Биыл – қазақ  поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл. Осыған орай өңірде ақын рухына тағзым ретінде бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – "AMANAT" партиясы облыстық филиалының бастамасымен өткен облыстық әдеби байқау.

 DSC04256

Аталмыш өнер бәйгесіне өңірдің түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жас ақын-жазушылар қатысып, өз шығармаларын поэзия, проза және балалар әдебиеті жанрларында ұсынды. Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында әдеби байқаудың қорытындысы салтанатты түрде жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.

– "AMANAT" партиясы тек саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелермен шектелмей, ұлттық руханият пен әдебиетті, мәдениетті дамыту ісіне де өз үлесін қосуды маңызды санайды. Қадыр ақын – қазақ  руханиятының асқар шыңы, сөзі халықтың жүрегіне жол тартқан қаламгер. Байқау жас қаламгерлерге шабыт сыйлап қана қоймай, Қадыр мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды, – деді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.

Байқауға қатысқан 21 үміткер өз туындыларын қазылар назарына лақап атпен ұсынды. Бұл тәсіл әділ баға беру мақсатында арнайы қолға алынған. Шығармалардың ауторлары тек жеңімпаздар анықталған соң ғана жария етілді.

"Поэзия" аталымында жүлде  алғандар:

  • ІІІ орын – Азамат Бақиев (Жаңақала ауданы)
  • ІІ орын – Меңдібек Лұқпан (Тасқала ауданы)
  • І орын – Ақтілек Әлібекұлы (Теректі ауданы)

"Проза" аталымында:

  • ІІІ орын – Нұрлан Едігенов (Орал қаласы)
  • ІІ орын –Ақмарал Омарова (Казталов ауданы)
  • І орын – бұл аталымда берілген жоқ.

Ынталандыру сыйлығы Жаңақала ауданынан қатысқан Жанайдар Болатбекұлына табысталды.

"Балаларға арналған шығарма" аталымы бойынша:

  • ІІІ орын –Тұрсынай Сейтжанова (Ақжайық ауданы) және Нұргүл Әбдірешева (Жәнібек ауданы)
  • ІІ орын – Адақ Ғимран (Шыңғырлау ауданы)
  • І орын – Айнұр Мендалиева (Орал қаласы).

– Қадыр ағамыздың көркем мұрасын жаңаша зерделеп, оны жас ұрпаққа жеткізуде мұндай байқаулардың маңызы зор. Бұл – өскелең  буынның рухани әлемін байытатын, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілігін арттыратын іс. Қадырдай алыпты қадірлеген елдің рухы биік болады, – деді Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов.

Байқау қорытындысы арқылы тек үздік қаламгерлер ғана анықталып қойған жоқ, сонымен қатар жас әдебиетшілердің арасынан ұлттық идеяны арқау еткен, қазіргі қоғам мен болашаққа ой тастайтын тың шығармалар жазуға қабілетті жастар да танылды.

Түгелбай  Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале