Александр Кирпичев соғысқа 1942 жылы аттанғанда он сегіз жаста болатын. Оны алдымен тоғыз ай Оралға көшірілген Ленинград байланыс училищесінде, сосын үш ай Мәскеудің радиомамандарын даярлайтын мектепте оқытты.
– Мен морзе аппаратын жақсы меңгердім. Мәскеуде оқығанда жартылай аш құрсақ жүрдік. Далада жұмыс істейтін қыздарға тамақтан өтетін бірнәрсе әкеліп берулерін сұрағанда, олар бізге тамыр жемісті өсімдіктің бір түрін ұсынатын. Соны қорек қылдық, - дейді ол.
Оқудан соң оны 33-інші гвардиялық-механикаландырылған полктің минометтік батальонына жіберді. Бұл жерде ол Кеңес әскері ұшақтары мен жаудың «мессершмидтерінің» әуеде бетпе-бет келіп, қалай шайқасқандарын көзімен көрді. 1944 жылы тарихта аты қалған Корсунь-Шевченко операциясын да айналып өтпеді.
– Бұл нағыз екінші Сталинград еді. Біздің батальон жаудың қоршауында қалды. Жарылыс, от-жалынның ортасында болдық. Бұдан да аман қалып, Берлинге жеттік. Оған жақындағанда шет жағындағы үйлер әдемі, газонда гүлдер өсіп тұрғанын көрдім. Бірақ Берлиннің орталығына жақындаған сайын соғыс салған лаңнан қирап қалған үйлерді көп ұшыраттық. Ал қаланың нақ ортасы толықтай бүлінгенін көріп, көңіл күйге қаяу түсті, - деп еске алады Александр Кирпичев.
1946 жылы ол елге оралды. Небәрі 23-те болатын, алайда өзін біраз жасқа мосқал сезінді. Соғыста бастан кешкен қиындық оның жасын ұлғайтып, едәуір есейтіп тастаған еді. Елге келгесін білімін жалғастыруға бел буды. Мәскеудің ветеринариялық академиясын бітіріп, кандидаттық диссертация қорғады, ғылыми-зерттеу институтында қызмет істеді. Соңғы жылдары зейнетке шыққанға дейін Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында дәріс берді. Жұбайы Вера Николаевнамен екеуі 67 жыл жұбын жазбай қатар өмір сүрді. Александр Федосеевич жыл сайын аталған оқу орнындағы әріптестерімен, студенттермен кездесулер өткізіп тұрды. Емен-жарқын болған жүздесулерде соғыс ардагері майданда басынан өткерген жайттарды айтып, қарулас достарын еске алады.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress