Оралдағы Достық үйінде ҚР «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының ІІІ конференциясы өтті.

Бұл іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, аталмыш партия төрағасы Азаматхан Әміртаев және партияның облыстағы белсенді мүшелері қатысты. Басқосу барысында «Байтақ» жасылдар партиясы өңірлік филиалының жаңа басшысы және атқарушы хатшысы сайланды. Партия төрағасы Азаматхан Сайлауұлы партия мақсатын кеңінен таныстырып, елдің экологиялық ахуалын назарда ұстау керектігін айтты.
– Биыл партияның құрылғанына үш жыл толды. Біз «Таза ауа, Таза су, Таза жер – Таза адами қарым-қатынас!» ұранын ұстанамыз. Бүгінде Қазақстанның барлық облысында партияның филиалы және 150-ге жуық аудандық бөлімшесі бар. Партия өкілдері мекемелер маңында отырғызылған түптерді күтіп ұстау бойынша қоғамдық бақылау жүргізеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында биыл елдің түкпір-түкпірінде сенбіліктер өтті. Осының нәтижесінде, қалаларда көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Саябақтарға, көшелерге егілген көшеттер бүршік атып, көпшілік орындар жасыл желекке айналды. Біз осылайша өскелең ұрпақты тал-теректі күтіп ұстауға баулып қана қоймай, олардың бойында экомәдениетті қалыптастырамыз. «Байтақ» жасылдар партиясының қолға алар тың бастамалары әлі алда, – деді партия төрағасы А. Әміртаев.
Одан кейін аталмыш партияның облыстағы филиалының басшысы анықталды. Әріптестерінің қолдауына ие болған Тұрсынбек Байтеміров «Байтақ» жасылдар партиясы өңірлік филиалының директоры қызметін атқарады. Айта кетелік, осы күнге дейін бұл қызметті Бақытжан Мұштанов абыройлы атқарып келген еді. Жаңа басшы жаңашыл бастамалар көтеріп, партияның қоғамға тигізер пайдасын арттыруға күш салатынын жеткізді. Іс-шара барысында партияның алдағы жоспарлары да пысықталды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»