Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Полежаевты биылғы 20 сәуір күні Орал қаласындағы Сырым Датұлы көшесінде өзі басқаратын бөлімге тиесілі 990 АR07 «KIA Seltos» көлікпен келе жатқанда полиция қызметкерлері тоқтатқан. Тексеріс нәтижесінде А. Полежаев машинаны мас күйде басқарғаны анықталады. Сол себепті оған ҚР Әкімшілік құқық- бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен айып тағылып, кінәлі деп танылды.
Спирттік ішімдік ішіп, автокөлік тізгіндегені үшін Полежаев 15 тәулікке абақтыға жабылып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Жуырда өткен облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жоғарыда аталған азаматтың мәселесі қаралып, Бәйтерек ауданының әкіміне Бәйтерек ауда-нының жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Сергеевич Полежаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ретті жерінде айта кетелік, Полежаев бұған дейін де күнделікті қызметтік міндетін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін ескерту алған екен.
Кеңестің кезекті жиынында Тасқала ауданындағы Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллинге қатысты тәртіптік іс материалы да қаралды. Ол ішімдік iшіп, қоғамдық орынға мас күйде келген. Кеңес отырысына өзі келген Орынбек Жамбылұлы кінәсін толық мойындады. Ол мас күйде қоғамдық орынға баруына ауылдастар арасындағы айқай-шу түрткі болғандығын тілге тиек етті.
– Оқиға орын алған күні үйге келген достарыммен аздап сыра ішкенімді мойындаймын. Сол күні ауылда қайғылы оқиға болды. Түн ортасында қара жамылған үй жанында қатты музыка ойнап тұрды. Қасыма досымды ертіп, музыка шығып тұрған үйге барып, даусын бәсеңдетуді сұрадық. Олар түсіністік танытты. Шыға бергенде көшеде дау-дамай шыққанын көрдік. Ауыл әкімі болған соң жігіттерді сабырға шақыру үшін ол кикілжіңге де араласуыма тура келді, - деді О. Насимуллин.
Негізі, әлгі жерге полиция қзметкерлері де келіп, оқиғаға қатысты азаматтарға хаттама толтырған. Ауыл әкімінің ішімдік ішкені де арнайы сараптамадан соң анықталған. Облыстағы Әдеп жөніндегі кеңес Тасқала ауданының әкіміне Тасқала ауданы Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллинге «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Екі бірдей тәртіптік іс қаралғаннан кейін кеңес мүшелері «Мемлекеттік қызмет туралы» заң талаптарын бұзудың алдын алу бағытында Бөкей ордасы мен Бөрлі аудандары әкімдіктерінде жүргізілген тексеру қорытындылары бойынша қабылданған шаралар жөнінде аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Бұған қоса мемқызметшілердің сенімгерлік басқаруға берілген мүлік пен қызметтiк аутокөлікті өзге мақсатқа пайдаланбауы да кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалған жоқ.
Сондай-ақ облыстық жергілікті атқарушы құрылымдардың мемқызметшілерінің әдеп қағидаларын сақтауы жөнінде де келелі әңгіме өрбіді. Осы тақырыпта Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айман Хайруллинаның есебі тыңдалды.
Арал Бопышұлы
zhaikpress.kz