25.09.2025, 12:00
Оқылды: 235

Бәйтеректе метанол өндіретін зауыт салынады

Облыста ірі газ-химия кешені  салынады.  Бұл  жоба  бірнеше  жылдан  бері  талқыланып  келеді.  Қыркүйек  айында Шанхай Ынтымақтастық  Ұйымының  саммиті  аясында  өткен  Қазақстан-Қытай  Іскерлік  кеңесінің  8-отырысында  ірі  инвестициялық  жобалар  бойынша  тараптар  көптеген  келісімшартқа  қол  қойды.  Соның бірі  – осы  кешен  жобасы. 

метанол

Бұл саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқаны белгілі. Оған дейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев инвесторлармен кездесу үшін Қытайға барған.

«Құрылыстың бас мердігері – «Сан Бао «Шыңжаң сауда-өнеркәсіп корпорациясы» ЖШС (XinjiangSanbaoIndustrialGroupCo) анықталды. Ltd.). Сонымен қатар облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің 28-30 маусым күндері Қытай еліне жасаған жұмыс сапары барысында Foshan City Construction Engineering Co, Ltd компаниясымен меморандумға қол қойылды. Аталған компания да инвесторлардың бірі», – деп жауап берді сауалымызға БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы.

250 жұмыс орны ашылады

Аталған басқарманың мәліметі бойынша Бәйтерек ауданының Белес ауылдық округінде қуаттылығы жылына 130 мың тонна метанол өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның бастамашысы – «Zhaik Petroleum Ltd» ЖШС. Құрылысқа шамамен
75 млрд теңге (139 млн АҚШ доллары) инвестиция салынбақ. Құрылыс мерзімі – 2,5 жыл.

Негізгі мердігер – Қытайдың Xinjiang Sanbao Industrial Group Co., Ltd. компаниясы. Жобаны қаржыландыруда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ (жабдықтарды сатып алу) және Qazaqstan Investment Corporation (Baiterek венчурлық қоры, BV Management) (құрылыс-монтаж жұмысты) маңызды рөл атқарады.

Құрылыс кезеңінде шамамен 400 адам жұмысқа тартылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орны құрылады. Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы жобаның өңірдің өңдеу өнеркәсібін, әсіресе химия саласын дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ жеке инвестиция көлемі артып, облыс экономикасының әртараптануына мүмкіндік береді.

Зауытқа қажет шикізат «QazaqGaz» АҚ арқылы жеткізіледі. Өндірілген метанол негізінен еліміздің ірі мұнай өңдеу зауыттарына (Атырау, Шымкент, Павлодар) және мұнай өндіру компанияларына (ҚПО, ТШО, ҰОС) бағытталады. Бұл өндіріс ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, Ресей импортын ығыстыруы тиіс.

Метанол қайда қолданылады?

Метанол – түссіз, иіссіз сұйықтық, қазіргі заманғы өнеркәсіптің маңызды шикізаты.

Ол: мұнай-газ саласында қоспа ретінде, гидрат түзілуінің алдын алу үшін;

химия өнеркәсібінде формальдегид, пластмасса, бояғыштар, еріткіштер жасау үшін;

энергетикада биоотын мен жасыл энергетика саласында болашақта сұранысқа ие өнім ретінде қолданылады;

фармацевтикада және тұрмыстық химияда да кеңінен пайдаланылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда метанол өндірілмейді, өнім түгелдей дерлік Ресейден импортталады. Сондықтан жаңа зауыт іске қосылса, елдегі ішкі сұраныс қамтамасыз етіліп қана қоймай, экспорттық әлеует те ашылады.

Облыста салынатын метанол зауыты – аймақ пен ел үшін стратегиялық жоба.
Ол импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, мұнай-газ және
химия өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді. Ең бастысы, Қазақстан алғаш рет метанол өндірісін жолға қоймақ.

 

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале