24.07.2025, 15:30
Оқылды: 288

Бәйтеректе шаруа ширақ жүруде

 

Кеше облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Бәйтерек ауданына жұмыс  сапарымен барды.

фото динара гизатова

Сапар барысында Қалияр Шадиярұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері аталмыш аудандағы кәсіпкерлермен жүздесті. Аудан әкімі Марат Тоғжанов ауданның экономикалық ахуалын баяндады. Олар алдымен Рубежка ауылдық округіндегі «Рубцов» жеке кәсіпкерлігінің егіс алқабын аралады. Шаруашылық иесі Владимир Рубцов 830 гектар жерде картоп, сәбіз, орамжапырақ өсіп жатқанын айтады. Ол биыл егіс алқабына суару құрылғыларын сатып алған. Мемлекет субсидия арқылы құны 40 миллион теңге тұратын суарғыштың 80%-ын өтеп берген.

– Қазір бұл жеке кәсіпкерлік 32 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Астық жинау науқанында жұмысшылар санын екі есеге арттырамыз. Биыл 200 гектарға жуық жерге картоп егілді. Былтыр 80 гектарға картоп дақылы егілген болатын. Суару құрылғылары қондырылғандықтан, егіс көлемін ұлғайтуға шешім қабылдадық. Бүгінде 800 гектар жеріміздің 630 гектары суару құрылғыларымен жабдықталды. Енді мол көкөніс өнімін сақтау мақсатында қойма салу жоспарда бар. Ол шамамен 3-4 мың тоннадан астам өнімді сақтай алады, – деді А.Рубцов.

Қалияр Шадиярұлы көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма салу жөніндегі жобаны жасақтап, басқармаға тапсыруын сұрады. Алдағы уақытта субсидия негізінде қойма құрылысына қолдау білдіретінін жеткізді.

Одан кейін Рубежка ауылындағы «МырзаДжан» шаруа қожалығының күздік егін жинау жұмысымен танысты. Шаруашылық иесі Рафаэль Амирханянның айтуынша, бүгінде «МырзаДжан» шаруа қожалығы шөп пен бидай егеді. Шаруа қожалығының меншігінде 3300 гектар жер бар. 2024 жылы 1 гектар жерден төрт центнер бидай алса, биыл оның көлемі жеті есе көбейген.

– Қазір шаруашылық меншігіндегі барлық жерге дән мен дақылдар егілді. 2024 жылы егінді суаруға арналған құрылғыларды сатып алдық. Техниканың барлық түрі бар. Соның ішінде үш комбайн астық жинауда. Бидай сабақтары көтеріліп, сабаны дәнге толды. Көбіне ауыл тұрғындары, мал өсіруімен айналысатын жеке шаруалар бума шөп пен бидайды бізден тұрақты сатып алады, – деді қожалық иесі.

2025 жылдың 26-27 шілде  күндері ауыл шаруашылығына арналған «Агрофест – 2025» іс-шарасы өтеді. Бұл ауқымды жоба Бәйтерек ауданындағы Сұлукөл ауылында жүзеге асады. Облыс әкімінің орынбасары Сұлукөлге арнайы барып, көрме алаңын шолып, бас ұйымдастырушы Арман Бисеновпен сұхбаттасты.

– Бұл өңірдің агроөнеркәсібін дамытуға пайдасын тигізеді. Мұнда өзге аймақтардан кәсіпкерлер келіп, мал тұқымдары мен заманауи техникаларын әкеледі. Келушілерге де бар жағдай жасалады. Балаларға арналған ойын алаңы бой көтеріп, онда аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтереді. 200 адамға отырғыш қойылып, алаң бума шөптермен қоршалады. Барша облыс тұрғындарын осы сенбі мен жексенбі күндері «Агрофестті» тамашалауға шақырамын, – деді бас ұйымдастырушы.

Іссапар аясында Бәйтерек ауданы Январцев ауылындағы «Перспектива КАН» ЖШС-на бет бұрып, мал азығын дайындау жұмыстарын көрді. Одан кейін Январцев ауылдық округінің ветеринариялық пунктіне барды. Бәйтерек аудандық ветеринариялық стансаның директоры Әсет Әубекеров нысанның ішін таныстырып, Қалияр Шадиярұлы мен аудан басшысына алғыс білдірді. Осы ауылдың тұрғыны, «Қазына» ЖК басшысы Сержан Ғайсин болашақта мал бордақылаумен айналысқысы келеді. Бүгінде ауыл жанынан мал союға арналған орын салып жатыр. Құрылыс толық аяқталса, бұл кешен бір сағатта сегіз бас малды союға күші жетеді.

– Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Өзіміздің қаражатымызбен мал бордақылау орнын салып жатырмыз. Жалпы 50 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалады деп жоспарланды. Мал бауыздалып, ілгіште терісі сыпырылып, арнайы еткескіш көмегімен бөлінеді. Келер күндерде көлемді тоңазтқыш қойылып, зерттеуге арналған кабинет жасақталады. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, алыс-жақыннан әкелінген малдарды соямыз, – деді «Қазына» ЖК басшысы С.Ғайсин.

Жұмыс сапары аталмыш ауданға қарасты Январцев ауылындағы  «AYLA ENVIRO» ЖШС, Раздольное ауылдық округіндегі «Достық» ШҚ-ға жалғасты.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале