Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай марапатталғандардың қатарында ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері де бар. Өткен шараны құттықтау сөзбен ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов жиналғандарды ҚР Конституция күнімен және Ата Заңның қабылданғанына 25 жыл толуымен құттықтады.
-Әрбір мемлекет үшін Конституциясы өте маңызды. Ата Заңымызда мемлекетіміздің дамуының негізі көрініс тапқан. Соның арқасында Қазақстан халықтың әл-ауқатын көтеруде, экономикалық реформаларды өткізуде әлемге танылды. Еліміздің Ата Заңында басты құндылық адам, оның құқықтары мен бостандығы деп жазылған. Осы құндылықтарды қорғауда қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарады, – деген Нұрлыбек Даумов Мемлекет және облыс басшылары атынан мерекелік марапатты салтанатты түрде табыс етті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елімізде азаматтық қоғамның дамуына, өңірдегі түрлі әлеуметтік маңызды мәселелердің шешілуіне атсалысып келе жатқан қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің бір тобы «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында жалпыұлттық социал-демократтар партиясы филиалының жетекшісі Қадиша Мұқанова, «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлбаршын Мұштанова, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Санкаева, «AQJAIYQ» телеарнасының бас редакторы Гүлмира Тілеубаева, облыстық «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Наталья Портнягина, облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Әбілхалықов және газет тілшісі Гүлбаршын Әжігереева және басқалары бар.
zhaikpress.kz