23.05.2024, 10:15
Оқылды: 72

Бақташы, бағым және тарқамай тұрған түйткілдер

Қыр қазағының күнелтіс көзі – төрт түлігі, алдындағы асы да, қалтасындағы ақшасы да сол! Жасыратыны жоқ, көбін атамекендеріне жіпсіз байлап отырған осы  тіршілік  қамы. Әрине, қуанасың һәм құптайсың! Тек жаз шыға ауыл-аймақты әбігерге салатын бір жай бар, ол – мал бағымын ұйымдастыру. Бұл төңіректе оңды істерден гөрі түйіні тарқамай тұрған түйткіл көп. Аталған мәселеге қатысты «ойдан-қырдан» жинаған ақпаратты енді саралап көрейік...

жп дала шынгырлау (4)

Көрнекі фото: zhaikpress.kz

Әлқисса, «Тақымға басар өзге тақырып табылмағаны ма?» деп көпшілік бізді сөге қоймас. Бұған мойын бұрғызған – қаражолдағы қайғылы оқиғалар және мал бағымының «бағы» ашылмауы. Тек өткен жылы өңірде жануарлардың көлікке соқтығысуына қатысты 153 оқиға тіркелсе, салдарынан 2 адам мерт болып, 14-і түрлі дене жарақатын алды. Әттеген-айы, апатқа себепші сол түліктің жартысына жуығының иесі табылмай қалды. Өйткені әлгілерде ен-таңба жоқ. Ол енді бөлек тақырып!

 Тағы бір дерек, малын еркіне жіберген 182 жерлесіміз биылдың өзінде әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оларға салынған айыппұл көлемі – 889 772 теңге. Айтқандай, енді бағымға қосылмағандар бірден арнайы тұраққа айдалады. Былтыр Чапаев ауылында ғана (Ақжайық ауданы) сондай 197 ірі қара мен 18 жылқы қамалса, мал мен көліктің соғылысу

дерегі – 47. Аз ба, көп пе... өзіңіз саралай жатарсыз, қадірлі оқырман! Шынтуайтында, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы қағидалары бойынша аудандық маңызы бар қала, кент, аудан һәм ауыл аумағында бағымға жауапты тұлғалар – жергілікті әкімдер.

«Өлмеген құлға болды жаз» дегендей, жер аяғы кеңіп, төрт түлігіміз тағы өріске шықты. Бағымның бүгінгі жайы қалай, қай жер озық, қай жер қалыс... Қар кетісімен, Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Саида Біркенова Ұрысай, Жаңакүш, Қызылкөл, Ақсоғым, Шоқтыбай елді мекендерін аралағанда ауыл маңында жайылыстың тарлығын һәм жоқтығын өз көзімен көріпті. Сонда сапарлас болған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін (АӨК) құру жөніндегі реттеуші маман Нұрлыбек Қалиев те біраз жайды тарқатып, бұл істің тиімді тұстарын егжей-тегжейлі түсіндіріпті. Құптарлық жағдай, ауырғанын емдеу, жоғалғанын төлеу секілді міндеттер екіжақты келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Мұндай құрылымға асыл тұқымды бұқа сатып алуға субсидия да төленетін көрінеді.

Шыңғырлаудағы бағымның құнына келсек, ұрысайлық бақташы Қанат Зданов ірі қараның басын 1600 теңгеден, оның «әріптесі» һәм ауылдасы Біржан Сәтбаев ұсақ жандықты (қой-ешкі) 700 теңгеден бағуға келіскен. Жаңакүш пен Ақсұғым ауылында да сиыр басына 1600 теңгеден белгіленіпті. Бұдан бөлек АӨК құрылған Қызылкөлде Орынбасар Әбдіров деген азамат сауын малды – 1000, қырға шығарылатын бойдақты 1500 теңгеден қарауды жауапкершілігіне алған. Төрт жаққа шығатын аудан орталығында ірі қараға – 2000, ұсақ малға 800 теңге төленбек. Жуырда бірқатар жауапты тұлғалардың басын қосқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев теміржол маңын қырағы бақылауда ұстау міндетін қойып, көшеде қараусыз қалатындарын бірден қамауға алуды тапсырған. Дұрыс-ақ! Ал қос өзен бойын жайлаған Казталов ауданының 47 елді мекеніндегі мал 89 бағытқа шығыпты. Мұнда бағымға қосылуға тиісті ірі қара саны шамамен 46 мыңды құраса, соның 19711 басы ауыл шаруашылығы кооперативтері (42) меншігінде. Өз алдына қырға шығуға ниет танытқандарға өзен бойынан орын қарастырылуда.

Орта есеппен 140817 басты құрайтын (төл есебі шықпаған) жекенің қой-ешкісі езекпен бағылмақ. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиевтің мәлімдеуінше, қай-қай округте де сол баяғы жайылыс жайы, АШК-ның басыбайлы меншікті жерлері болмауы – өз қиындығын туғызуда. «Қызыл аймақтан» жер уақытша ғана беріледі. Бақташы табу – тіптен қиямет-қайым, әупірімдеп келістіргеннің өзі ұзаққа бармайды.

Осы бір тақырыпты «торуылдап» жүргенімізді білетін әріптесім Жаңақала аудандық газетінде бағым туралы материал шыққанын жеткізбесі бар ма?! Рас, тілші Айзада Ақбасова жергілікті үнпарақтың 2 мамыр күнгі санында (№18) 10 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңақала ауылындағы 1937 ауланың 432-сінен мал өретінін жазған. Бұған қоса мақалада округ әкімі Ақан Қапанов әр басқа 1500 теңгеден төлемақы алуға иелерін келістіріп, бақташының алдына 100 ірі қара салып беруге жұмыстанғанымен, кісі табылмағаны, сосын күні-түні көше кезетін «қаңғыбас» сиырларды қамайтын жердің жоқтығы айтылған. Көше дегеннен шығады, Дариға Халелова деген тұрғын қаралмаған жазықсыз жануар аудан орталығындағы көпқабатты үйлер жанындағы қоқыс контейнерлерінен «нәпақасын» тауып жеп, кештете жатағына оралатынына қынжылыс білдіріпті. Неге дейсіз ғой, бірқатары сауылған сүтті халыққа сатады екен... Кейде зеңгі баба мен қамбар ата тұқымы орталық алаңға қарай ойыстап, ауылішілік көлік кептелісін туғызатыны да қалам ұшына іліккен. Алақандай аудан айнасы көтерген тақырып өзекті. Тіпті мұның бәрі жылда қайталанатын көрініске айналғанын айтқан жекелеген адамдар санитарлық-эпидемиологиялық станса, учаскелік полиция, құзырлы малдәрігерлік жүйе неге үнсіз отырғанына таңданыс та білдіріпті. Сірә, олар газет оқымайды-ау?! Әйтпесе, бірлесіп хаттама тұрғызып, халық үніне құлақ асар еді ғой... Мақала мәтініне күдіктенсе, ортасында бұлтартпас фотоайғақ тұр. Осындай тіршілік түйткілдеріне орай Жымпиты ауылында өткен жиынға Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязовтың өзі қатысып, округ әкімі Мейрам Қайырғалиевпен және тұрғындармен мәселені бірге талқылаған. Бізге жеткен ақпаратқа сүйенсек, қырға шығарылатын ірі қараның басына – 3000, қойға 1000 теңге төленетін бопты. Ауыл қорасынан өретін аша тұяқтылар бағасы – 2500-3000 теңге. Үйірлі жылқының да жылдағыдай шіліңгір шілдеде көлеңке қуалап, көшеде жүруіне жол берілмейді, орындары – «айып тұрағы». Өріске малмен ере шығатын бұралқы иттерді жою да ұмыт қалмаған. Жалпы орталықта белгіленген ережеге сай былтыр 160 ит атылса, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 35-і құрытылыпты.

Мақала дайындау барысында тілдескен Ақжайық ауданы Мерген ауылдық округінің әкімі Жұмабек Ғалымжановтың әңгімесін де ішке бүгіп қала алмадық. Оның айтқаны: «Жасыратыны жоқ, кейінгі үш жыл бедерінде бағымды ойдағыдай ұйымдастырып, жақсы ісіміз үшін мақтау да естідік. Биылдан бастап ол жұмыс қожырады. Оның басты себебі – 92 мүшесі бар «Мерген СК» аталған кооперативіміздің таратылуы. Бұрын осы кооператив арқылы Ақжол ауылдық округіне қарасты «Тінәлі» ауылындағы батыс бордақылау шаруашылығынан асыл тұқымды бұқалар алып келдік. Соларға берілетін демеуқаржы арқылы біраз нәрсенің басын қайырдық. Есепке алынған 400-дей сауынды екі жаққа бөліп, өріс жолынан екі құдық та қазылды. Әрі бақташының айлық жалақысы кідіріссіз төленді.

Өкініштісі, қазір бәрі өткен шаққа айналды. Жауапкершілікті мойнына алатын белгілі бір құрылым болмайынша, бұқа жәй-әншейін енді бізге берілмейді. Ертеңгі есептік кездесуде бұл қозғалады. Қалаға қоныс аударған кооператив басшысының орнына жаңадан кісі іздестірілуде, таяу күндері табылары неғайбыл. Әзірше әркім өз малын өзі не кезектесіп қайырмалап жүр».

Мәреге таяғандағы тоқталған түймедей ой төмендегі. Ел аузындағы сөз: бақташы жоқ! Айтпағымыз, атқа қонатын әлгі адам алдындағы малы мен ай соңында алатын тұрақты айлығын ғана білу керек қой. Тұрғындардан төлемақы жинау мен оны жарату тәртібін (еңбекақы тағайындау, бағым бағасын белгілеу, мініс көлігінің шығынын жабу, т.б.) халық өзі сайлаған қалаулылары һәм жергілікті мәслихат заңдастырып, ауыл әкімдігі оны жүзеге асырсын! Бастысы, кіріс бар, мұның сыртында жергілікті әкімдіктердің «меншігіндегі» бюджеті бар, тарқатылмай тұрған түйін – соны үйлестіру кемшін. Астындағы сүріншек қойторысымен бақташы сиыр қуа ма, әлде, ақшасын бермейтін оның иесін қуа ма...

Міне, әкімдердің ел алдындағы есебі басталды. Тіршілік болғасын, мінбеден айтылатын мәселе жетерлік. Солардың арасында біз қаузап отырған бағым мен аталық мал жайы қосарлана жүрері анық. Мұның шет жағын Мерген ауылының тізгінін ұстаған азамат Жұмабек Серікқалиұлы әлгінде аңғартып өтсе, Сырым елінің Аралтөбе ауылдық округі әкімі Ә. Мұхитов та осындай пікірде. Бақташысымен үш бағытта істі ұйымдастыра білген Әділхан Рақымжанұлы енді тәртіпке мойынсұнғысы келмейтіндерге (қосымнан жалтаратындар) айыппұл салуды бастапты. Әзірше аталған «қара тізімге» іліккендер саны – 3. Әкім осылай өз құзыреті шеңберінде қамшы салдырмағанымен, жеке табынға асыл тұқымды бұқа қосуда сөзбұйдалықтың барын жасырмайды. Ағайынның аузын аққа тигізіп отырған сауындары келер жылы қысыр қалса, обалы кімге? Сондықтан аталыққа қатысты жайлар ауылдық емес, аудандық деңгейде ойластырылса, құба-құп! Тасқала ауданының басшысы Талғат Шакиров өзінің есептік кездесуін бастаған Мерей ауылдық округінде де тұрғындар әп дегеннен жайылымның тапшылығы мен ауыл шаруашылығы кооперативіне қатысты пікірлерін алға тартыпты.

Иә, осы жерден біз де тізгінді тарттық, естіп білгеніміз алдыңызда. Атажұртта отырып, атакәсіптің қиюын келістіре алмасақ, өзгеге өңеш жыртудың өзі артық. Сол баяғы бақташы, бағым, бұқа жайы бүйірден түртіп тұрған... Күнілгері тон пішпейік, бұрынғысының «әні» белгілі ғой, жаңарған аудан әкімдерінің қазіргі қам-қарекеті осынау түйінді тарқататындай көрінеді.

Тоқетері: ел сөзін есептік кездесулерде өз құлақтарымен естіген соң, байыз тауып, креслода отыру да қиын-ау?!

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале