12.03.2025, 18:00
Оқылды: 573

Бақыт ұялаған шаңырақ

Баяғыда үлкендер «Құдай екі жақсыны қосса, шаңыраққа қуаныш пен бақыт ұялайды, ырыс пен береке келеді» деп отырушы еді. Сол ыпырас. Алдағы жылы отау құрғандарына 50 жыл толатын Гауһар мен Бекет Нұралиндердің шаңырағына бақыт ұя салған.

snapedit_1740113104572

Нұрғалидің Бекеті 1954 жылы 21 желтоқсанда Ақтөбе облысының Шалқар кентінде туған. Сондағы орта мектепті бітірген 16 жастағы бозбала әкесінің ізімен Оралға оқуға келеді. Сол кезде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының атағы дүрілдеп тұрған еді. Ауыл шаруашылығын механикаландыру, яғни инженер мамандығын таңдайды. Бөтен қалада ет жақын туысы болмаған соң, жатақханада жатты.  Ол кезде шаһардың ортасындағы оқу ғимараттарына қатынап оқу оңай емес-тұғын. Қазіргі   тарихи-өлкетану музейі, педколледж, «Шағала» қонақүйі орындары білім ордасының оқу корпустары болатын. Олардың аралары алшақ, әрқайсысына жетуге 20 минут үзіліс берілетін. Студенттер келесі корпусқа кетіп бара жатып, жолшыбай бауырдан жасалған бәліш пен бір стақан какао сатып алып, жүрек жалғайтын. Бекең де курстастарымен бірге сабақтан қалмау үшін жүгіріп жүретін. Сабақтан кейін сағат 5-терде  студенттер жеке тапсырмаларын қалай орындағаны жөнінде оқытушыға есеп беретін. Содан жетідегі аутобосқа үлгеруге тырысатын. Одан қалсаң, сағат 9-да Коминтерн ауылына баратын аутобосты күтесің не жаяу кетесің... СХИ-дың айналасында дүкен жоқ, орталықтан шай-пайын, айранын арқалап келетін. Албырт жастық шақтағы көрген қиындық-жоқшылықтар көрген түстей болады екен. Бірақ сол ауыртпалық-қиындықтар жас адамды ширатып, тасқайрақтай шыңдайды. Сол кездегі студенттердің сабаққа ықыласы алабөтен, көбісінің кітапханадан шықпайтыны еске түссе, әлі   сүйсінтеді...

«Ол – менікі!»

Бірде Бекең кешке таман жатақханада тұратын немере апасының бөлмесіне бас сұғады. Қыздар әлденеге жаймашуақ күлісіп, шай ішіп отыр екен. Ұзын бойлы, қараторы, сымбатты жігітті көргенде бірінші курстың балауса қыздары именіп қалады. Олар төрден ығысып, орын берді. Төртінші курстың студенті осылайша бірінші курстың аруларымен танысады. Дәл сол кезде ажарлы, көзі қарақаттай, орыс тілінде жатық сөйлейтін, аққұба қызбен  екеуінің тағдырлары бір арнада тоғысатынын әсте ойлаған жоқ. Гауһарда да ондай ой болмаған. Алайда оқуда үздік  әрі институт белсендісінің оқу корпусында ілулі тұрған фотосүгіретін көргенде, бір шешімге келеді. Қасындағы құрбыларына: «Ол – менікі!» деп  азаматқа сырттай ен салады. Осыдан кейін Бекеттің апасының бөлмесінде басталған таныстық жалғасын табады. Өзінің өжет, мейірімді болмысымен  Гауһар 4-курстың мықтысының жүрегін бірте-бірте жаулады.

– Оқуға жаңа түскен кезім ғой, жігітке көз салу ойымда болған жоқ. Бірде славян нәсілді қыздардың Бекетті айналшықтап жүретінін байқадым. Әкемнің жақын ағаларының бәрі білімді, сымбатты, алайда өмірлік қосақтарының діні, ділі бөлек болатын. Сонда ойлайтынмын: «Қазақтың небір сүліктей жігіттері неге басқа нәсілдің бойжеткендеріне үйленеді  екен?» деп. Сол есіме түсіп, Бекеңдей жігіттің сұңқарын өзге біреудің қағып кеткенін қаламадым, – деп жастық алауы жүрегінде жанған қимас сәттерін сағынышпен еске алған Гауһар ханым сөзінің соңын әзілге бұрды.

Осылайша қос студенттің арасындағы достық рәуіште басталған сыйластық соңы махаббатқа ұласты. 21 жастағы Бекет Нұрғалиұлы мен 19 жастағы Гауһар Мұсақызы екеуі 1976 жылы 31 қаңтарда үйленді.

– Студенттік кездегі құрған отбасы қашанда берік болады деп  ұл-қызыма, жастарға үнемі айтамын. Жастықта мөлдіреген тазалық бар. Бұл кезде сен бұдан қандай пайда табамын деп ойламайсың.  30-40 жасқа шейін жүріп қалсаң, таңдай бастайсың әрі өмір көрген соң, біреудің кемшілігін көргіш боласың. Жас кезіңдегідей батылдық болмайды қаныңда. Қайта үй болып кете аламын ба, мінезіміз үйлесер ме екен деген белгісіз қорқыныш пайда болады, – деп көрген-түйгенін бөлісті Бекет аға.

Батиқасын  алып  үлкеннің...

Жарасымды жұптың әкелері замандас, бірі 1926, екіншісі 1928 жылғы, майдангерлердің ұлдары, Құдай қосқан құдалар болып, өмірден сыйласып өтті. «Марқұм әке-шешем Гауһарды қатты жақсы көретін. Жеңгеңіздің қабағы да, қолы да ашық, біреуді жамандауды әсте білмейді. Айтатын сөзін бетке айтатын орысқолдығы бар.  Шалқардағылар қонақ шақыратын болса, түу-у Оралдан Гауһарды шақыртатын. Бірде туысымыздың садақасына 30 тәтті нан пісіремін деп уәде етіп, түнімен ұйықтамағаны бар. Әжем Науша да, анам Зағи да оны келін демей, қызым деп еркелетті. Батиқа-баталарын беріп кетті бізге», – деп әңгімесін жалғастырды кейіпкерім.

WhatsApp Image 2025-03-12 at 18.02.11

Бекеңнің қайын атасы Бөкей ордасы ауданында туған. Алайда полигонның ашылуына байланысты бала кезінде отбасымен Жәнібек ауданына қоныс аударған. Мұса Мұрадымов Атыраудағы педагогикалық және Ресейдің Саратов зооветеринарлық институттарын бітірген. Жәнібек, Казталов аудандарында партком, партия комитетінің ІІ хатшысы қызметтерін атқарған. Бұрынғы Камен ауданындағы «Шипов» совхозында 10 жыл директор, жол құрылыс тресінде кәсіподақ комитетінің төрағасы, Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды. Кейін Жәнібек ауданының «Свердлов» кеңшарында директор болып қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. 63 жасында өмірден озды. Гауһардың анасы Меруерт педагогикалық институтта оқыған, кейін сауда саласында қызмет еткен сұңғыла, көшелі жан еді. Ондай ел басқарған, текті жерде өсіп-өнген қыз жаман болушы ма еді, тәйірі?!

Жас отанасы әрі жас ана бола жүріп, Гауһар Мұсақызы экономист мамандығын алып шықты. Отағасының, балаларының жағдайын жасау, келім-кетім қонақты күту оңай болмағаны анық. Оқу бітіргеннен кейін Оралдағы (ЖБИ) жол-құрылыс материалдары комбинатының темірбетон зауытында экономист болып еңбек жолын бастады. Кейін ауыл шаруашылығы колледжінде, одан кейін педагогикалық институтта экономика факультетінде студенттерге дәріс оқыды.  Алайда жас балаларына қарау үшін оқытушылық қызметін тастап, туристік фирмаға қызметке тұрды. Сонда ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Оған да биыл он жыл толды.

Ортасы Бекеңнің келіншегінің тамақты дәмді пісіретінін, дастарқанды жайнатып жіберетінін білетін. Содан да шығар, министрліктен институтқа келетін комиссияны, жақын шетелдерден келетін қонақтарды шаңырағыңызда қонақ етіңізші деп Бекеңе жиі қолқа салатын. Ондайда Гауһар ханым ерінің мерейін ойлап, келісе кететін. Жас отбасылардың үйінен Құдайдың құтты күні кісі арылмайтын.  Гауһар ханым ұстамдылықпен қонақ күтетін. Бала кезінен көрген-түйген тәрбиесі ғой. Әйтпесе, елге қадірлі адамдарды қонақ етудің өзі стресс, денсаулыққа күш түсіреді емес пе? Институт ректоры Сергей Жұбаев, ғалым Ким Ахметов, Қазыбай Бозымов және басқа да біртуар ағалары әріптес інісінің шаңырағынан дәм татып, келіндерінің қолынан шай ішіп, баталарын берген-ді.  Гауһар алты балалы отбасында өсті. Үлкен ағасы қайтыс болды. Екінші ағасы – зейнеткер. Сіңлісі Меңсұлу жұбайы Нұрберген ашқан шипажайдың ісін қызы Айна екеуі жалғастыруда. Роза есімді сіңлісі – «HAPPINESS» компаниясының  басшысы. Оның жұбайы Ғайнолла өмірден озды. Кенже сіңлісі Тамара – қаладағы №14 мектептің  директоры, оның  жұбайы Миркен  Сауд Арабиясында ауысыммен қызмет етеді.

– Екі ағамнан кейін туған қыз бала шетінеп кетіпті. Содан әжем Күлдырыс қыз тұрмайды деп қорықса керек. Марқұм әжеміз академик Асан Таймановтың туған апасы болатын. Мені  бауырына басып, еркелетіп, өсірді. Содан да шығар, өжет болғаным. Мен 4-сыныпта оқып жүргенімде, анамның үйретуімен тамақ пісіруді үйрендім. Әкеміз қызметтегі адам болды, үйімізден кісі арылмайтын. Бала болсақ та, дастарқан жаюға анамызға қолғабыс етіп, үй жинайтынмын. Қора тазалайтынбыз.  Анамыз мынау ұлдың, мынау қыздың жұмысы деп бөлмейтін. Сол алған өнегемізбен балаларымызды тәрбиеледік. Әселім бес жасынан-ақ маған көмекші болды, ұлым да, қызым да отыра қалып мәнті түйетін.  Оларға үйдің тірлігін үйреттім, үйренгендері өздеріне жақсы, істегендері маған жақсы демейтін бе еді?! – дейді Гауһар ханым.

Тектіден текті туады...

– Өз әкем Нұрғали Ақтөбенің Шалқарында туған.  Әскерден келген соң үйленген. Тұңғыш немере болғандықтан мен әжемнің бауырында өстім. Отбасында жеті ұл-қыз өстік, бір бауырым ержеткенде қайтыс болды. Әкем Оралдағы педагогикалық институтты бітіріп, мектепте тарихтан сабақ берді. Мектеп директоры, Шалқар аудандық партия комитетінде нұсқаушы, халық бақылаушысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Анам да мұғалім болды. Әке-шешеміз балаларын адалдыққа, бауырмалдыққа тәрбиеледі. Сәндеш есімді  қарындасым дәрігер еді, қазір еңбек демалысында. Тете інім Берік – құрылысшы,  Дәулетжан мен Сандуғаш екеуі де – инженер, кенже қарындасым Айгүл – экономист-бухгалтер. Бәрі Ақтөбеде, тек Берік қана Оралда отбасымен тұрады. Анам мен әкем өте ұстамды, нағыз педагог еді. Сабырлыққа үйретті. Біздің кезімізде де алтын медаль бергісі келмесе, кей мұғалім бағаны ойдан қоя салатын жайттар кездесуші еді ғой. Мектепте жүргенімде ағылшын, орыс тілдерінен төрт алып көрмеп едім. Онжылдықты бітіргенімде аттестатымда екі пәннен төрттік тұр. Бұл қайдағы төрт, бес тұру керек қой деп алып-ұшып әкеме келдім. Ол кісі: «Балам, аттестатыңдағы төртте тұрған ештеңе жоқ. Білімің болса, соны оқуға түсіп, дәлелде», – деп сабырға шақырды.

Әкей ешуақытта мынаны былай істе деп айтпайтын. Ой-жоспарымызды сұрап, тек ақыл қосатын. Оқуымды бітірген соң, институтта қалатын болдым. Сол кезде ерлі-зайыпты ғалымдар Үміт пен Қайырлы Сағынаевтар, Василий Исаев деген кафедра меңгерушісі сабақ берді. Кейін ЖОО-да ректор болған Сергей Жұбаев ол кезде факультетімізде декан еді. Декан факультетте қызметке қалуды ұсынды. Жарыммен, әкеммен ақылдастым. Марқұм әкем тек студенттерге сабақ берумен шектелмей, біліміңді әрі қарай жалғастыр, ғылыммен айналыс деп ақыл қосып, батасын берді, – деп асқар тауын сағынышпен еске алды Бекет Нұрғалиұлы.

Профессор ағамыз оқытушылық қызметке тұрғанында аға буын ғалымдардың қамқорлығын көп көргенін, жолында ылғи жақсы адамдардың кездескеніне шүкір дейді. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» демекші, проректор болған Ким
Ахметов, ғалым Қайыр Дүйсекеновтердің ғылыми ізденістеріне сүйсінетін, өзін-өзі ұстауларына еліктейтін. Ресейдің Челябі қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтынан аспирантура бітірді. Декан Сергей  Шұғайұлы оны 28 жасында теориялық механика кафедрасының меңгерушісі етіп жоғарылатты. Ол кездері кафедра меңгерушілігіне 40-тан асқан орта жастағы ғалымдарды қоятын. «Оқып үйренгеніңізді мында енгізу керек» деген талап қойды. 1990 жылы ректор Сергей Жұбаев жас ғалымды Ресейдің Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясында француз тілін үйрену үшін 10 айлық курсқа оқуға жіберді. Тіл үйреніп, одан кейін Африка мен Азияның француз тілінде сөйлейтін елдерінде «Ауыл шаруашылық машиналары» курсын оқыды. Келген соң институттың оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»

Кадр таңдап, оны өсіруде С. Жұбаев қателеспеген.  Бекет аға 1996 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын аттестаттаудан өткізуге жұмыстанды. Соның нәтижесінде оқу ордасына аграрлық университет мәртебесі берілді. Өзі де көп ұзамай университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Кеңес одағы тараған өліара шақта кеңшарлар оқу орнымен аудан-ауылдардағы жастарды оқытуға деп ет, жем-шөп беріп, есеп айырысатын. Университеттегілер соны сатып, оқытушылардың жалақысын беретін, ғимараттардың жылу қазандығын жағуға отын алатын. Көп сатылы жүйе бойынша Оралдағы барлық кәсіптік-техникалық училище, Ақтөбе аграрлық және Оралдағы аграрлық колледждер аталған университет қанатының астына біріктірілді. Осылайша училище бітіргендер Ақтөбе колледжіне, ал оның түлектері университетке барып оқуларын жалғастыратын.  Мұндай жүйенің өңірге де пайдасы тиді. Басқа облыстарда училищелер жекеге өтіп, техникасы талан-таражға түсті. Біздің өңірде  ғана училищелер жекенің қолына өтпей, сақталып қалды.

Ол кезде университетте ауыл шаруашылығы саласына қажетті төрт мамандыққа оқытты.  Басқа мамандық ашуға ЖОО-ның профилі келмеді. 1998 жылы С. Жұбаевтың басшылығымен университет жанынан жеке «Аманат» Орал техникалық институты ашылды. Онда болашақ мұнайшылар екі курс оқып, әрі қарай Атырау, Ақтөбеге барып, оқуларын жалғастыратын. Осы институтқа ректор болып ұйымдастыру қабілетімен  көзге түскен Бекет Нұрғалиұлы тағайындалды. Оның алдында Германиядағы Берлин университетінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша тағылымдамадан өтті.  2001 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің инженерлік-технологиялық институтының директоры қызметін атқарды. Сол жылдары Оралдағы үш оқу орны – өнер институты, педагогикалық және ауыл шаруашылығы университеттері біріктірілді. Біріккен ЖОО-лардың ректоры Базарбай Дамитовтің шақыруымен Бекең Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің және 2002-2003 жылдары Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бірінші проректоры болып қызмет етті. Кейін «Аманат» Орал техникалық институты Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрамына қосылды. Осылайша университет көп профильді оқу орнына айналды.  ЖОО-ның мұндай деңгейге жетуіне өзге басшылармен қатар Б. Нұралиннің  қосқан еңбегі зор.

«Алғаш жұмысқа тұрғанымда ең жасы мен едім, қазір ең үлкені – менмін», – дейді әзіл-шыны аралас, жалпы еңбек өтілі 54 жыл, ғылыми-педагогикалық өтілі жарты ғасырға жуықтаған техника ғылымдарының докторы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры Бекет Нұралин.  Күні кеше 70 жас мерейтойын тума-туыс, әріптестерінің ортасында атап өткен доктордың сымбатына, жайдары мінезіне қарап, осынша жасқа келгеніне сену қиын...

Жапырағы жайқалған әулет

Гауһар Мұсақызы мен Бекет Нұрғалиұлы екеуі алтын асықтай екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы Әміржан Шалқар кентінде үлкендердің бауырында ержетті. Ержеткен ұлды Бекең үйлендірген соң, анасы марқұм бала-келініңді өзің тәрбиелеп, рақатын көр деп қолдарына берді. Қазір ұлы Әміржан мен келіні Гүлбану ата-анасының қолын жылы суға малып отыр. «Келінім – Шалқардың қызы, өте тәрбиелі, көргенді жердің қызы», – деп әнтек мақтанды Гауһар ана.  Екінші ұл Артур, оның келіншегі Аида, қыздары Әсел, күйеу балалары Тимур да қызметте. Он шақты немере-жиені бар. Немерелерінің алды Амиль Астанада, екіншісі Амира Алматыда ЖОО-да оқиды.  Жарасымды ерлі-зайыпты Нұралиндер балаларына «Таза бол, ақшаға құнықпа. Біреудің жамандығын көрсең, кек тұтпа. Егер де біреуге қиянат жасасаң, ол жамандығың өз алдыңнан шығады. «Таспен атқанды аспен ат» деген ақыл-кеңестерін жиі айтатын. Шүкір, балапандары жерге қаратып көрмеді.

немере -жиендермен (2)

– Балаларымызды еңбекке, үлкенді құрметтеуге тәрбиеледік. Қаншама ашубуса да, ұл-қызымыздың көзінше ұрыспайтын болып келіскенбіз. Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондайда Бекең өзін сабырлы ұстайтын, үндемейтін. Негізі, бәрі әйелге байланысты ғой. Біз ұстамды болсақ, ерлеріміздің сыйластығын жоғалтпаймыз.  Біздің арақатынасымызда берік сыйластық орныққан. Отағасы перзенттеріне қосағын құрметтеудің, әке болудың айшықты өнегесін өз ісімен көрсетіп келеді. Демалыс күндері отбасы болып саябаққа демалуға, қыста шаңғы тебуге барамыз. Бұл – отағасының бізге үйреткен дағдысы, – деп сыр ақтарды Гауһар ханым.

Қол ұстасып, кездескен талай қиындықты жеңіп, сәнді де мәнді тірлікке жеткен жұбайлардың бала тәрбиесіндегі ұстанымдары бірдей. Баланы ретімен еркелетіп, жастайынан еңбекке бағыттаған жөн деп санайды. Қаладағы небір сауда орындарынан не базардан керек көкөніс пен жеміс-жидекті сатып алуға жағдайлары көтереді. Бірақ олар оның барлығын өз ауласында өсіргенді жөн санайды. Жас кездерінде саяжайларына ұл-қызын ертіп барып, бірге бақша суаратын. Қазір зәулім коттедждің (оны да өз күштерімен кеңейтіп салып алған) ауласында көктем келе қарбалас тірлік басталады.
Қияр, қызанақ өсіреді, жеміс ағаштарын баптайды. Сосын қыста өздері жапқан көкөніс, салат, өзге де тұздықтарды дастарқанға қойып, жайнатып жібереді. «Өй, бейнеттеніп қайтесіңдер» дейтін ағайындарға: «Таза өнім, енді немерелеріміз еңбекке үйренсін дейміз» деп нық жауап береді. Жарты ғасыр саналы ғұмырдың қуанышын да, қайғысын да бірге бөліскен ерлі-зайыптылардың арасындағы бір-бірін қабақ қағысынан ұғысатын жарасымдылықты аңғарасыз.

Орыстың атақты жазушысы Лев Толстой: «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар», – деп тауып айтқан. Нұрғалидің Бекетінің шаңырағында өзара сыйластық, бір-біріне деген құрмет, сүйіспеншілік үстемдік етеді. Шаңырағы биік, кешкен тірліктері мәуелі, қоңыр күздей берекелі Нұралиндер отбасының мүшелері таң атысымен қызметке, сабаққа асығады. Кеште бәрі үйге, қоңыр леп есетін үй-жайға асығып қайтады. Бұл да бақытты жандардың әдеті емес пе?!

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале