«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2019 жылдың 17 шілдесінен басталды. 11 желтоқсан күнгі есеп бойынша БҚО-да 169 клиент осы бағдарлама бойынша өтінім берген. Олардың 92-сі пәтер кілтін алды, тағы 69 қатысушы оң шешім алып, тұрғын үй іздеуде. Бұл туралы журналистермен кездесуде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» БҚО филиалының директоры Аида Ипатова мәлімдеді.
Жаңа әлеуметтік бағдарламаға көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және кәмелетке толмаған балалармен толық емес отбасылар қатысуда.
Олар үшін несие сомасының 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған жағдайда жылдық 2% мөлшерлеме бойынша қарыздар беріледі. Қарыз мерзімі - 20 жылға дейін.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен алғашқы және екінші нарықтан пәтерлер немесе жеке үй сатып алуға болады. Қарыздың ең жоғарғы сомасы 10 млн. теңге.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысында «ТҚЖБ арқылы несиелік тұрғын үй құрылысы» бағытмен барлығы 9 нысан, оның ішінде 2 нысан Ақсай қаласында, 7 нысан Орал қаласында тапсыру жоспарлануда. Пәтерлердің жалпы саны - 1 369, жалпы ауданы – 78 857 ш.м. Бір шаршы метр құны – 140 000 теңге.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша (жеке тұрғын үй құрылысы) 2020-2021 жылдары Подстепный ауылының Тоқпай елді мекенінен аз қабатты көп пәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Үйлердің саны – 20, жалпы ауданы – 12 504 ш.м. Бір шаршы метр құны – 120 000 теңге.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен қатар, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз клиенттері үшін «Өз үйім» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатуды жоспарлап отыр. Орал қаласында, Айталиев көшесі, 5-үйде орналасқан бұл бес қабатты тұрғын үйді «ХимМашСтрой-Сервис» құрылыс компаниясы салған. Бұл үйдегі 1 бөлмелі пәтердің құны 8,3 млн. теңгеден басталады, 2 бөлмелі пәтер 13,2 млн. теңге, үш бөлмелі пәтер 17 млн. теңге тұрады.
«Өз үйім» бағдарламасының артықшылығы – оның шеңберінде меншікте басқа тұрғын үй алуға рұқсат етіледі. ТҚЖБ-да жылдық 7% ставка бойынша қарыз алып, қарыз алушы үш жыл ішінде жылдық 5%–дан төмен мөлшерлемеге ауыса алады. Осы тұрғын үйді сатып алу үшін шотта оның құнының 50% болуы қажет.
Толық ақпарат алу үшін БҚО, Орал қаласы, Сырым Датов көшесі, 28 мекенжайы бойынша банк филиалына хабарласу керек немесе www.hcsbk.kz сайты арқылы кеңесшімен тілдесуге болады.
Нұрлыбек Нұрланұлы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер