Бүгін Орал қаласындағы бірқатар сайлау учаскесін аралап, ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының қалай өтіп жатқанын көзбен көріп келдік.

Біз аралаған сайлау учаскелеріндегі комиссия төрағаларының айтуынша, әзірге бәрі бірқалыпты өтуде. Бірінде сағат 10:30-ға дейін дауыс берушілердің 10 пайызы келген болса, енді бірінде 25-30 пайызы дауыс беріп үлгерген. Ең бірінші келіп қатысқан тұрғындарға және он сегізге жаңа толып, алғаш рет дауыс бергелі жатқандарға арнайы сыйлықтар да үлестірілген. Бізді қуантқаны – отбасымен, туған-туысы және балаларымен келген тұрғындардың белсенділігі.

Қаланы шарлап жүріп, №463 және №268 сайлау учаскелерінде осынау маңызды күні ата-анасына еріп, сайлауды көруге келген балғын балалардың тосын сыйға тап болып, шаттанған сәтіне куә болдық. Өз кезегінде комиссия мүшелері де балаларға «Мемлекеттің дамуына ықпал ететін азамат болғайсың!» деген ақ тілектерін айтып, сыйлықтарын үлестіріп жатыр. Қамшы ұстатқаны тізгінде болсын дегені, ертегі кітабын ғылымға құмартып, ғалым атансын деген ниетте берген шығар деп жорыдық өзімізше. Сол мезетте жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды» деген сөзі еріксіз ойға оралды. Айтқандай-ақ, бала кезінен осы елдің азаматы екенін сезініп өскен ұрпақ өзінің дауысын ел үшін маңызды санап, жауапкершіліктен жалтармайтын адам боп өседі. Ұлттың бүгіні де, болашағы да – саналы ұрпақ. Баланы ертіп әкелген әкеге де, анаға да, ере келген жеткіншектерге де риза болып қалдық біз.
Әркімнің таңдау еркі өзінде. Ал сайлауға бір кісідей атсалысып, белсенділік таныту әр азаматтың міндеті екені анық.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»
Фото авторы: Мәди Салық