Сарапшылардың айтуынша, дүние жүзінде туризм табыс көзі ретінде мұнайдың орнын басып келеді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын мұнайымен «күн көрген» Индонезия бүгінде экономикасына туризмнің түсімін ұлғайтты. Бұл – бір ғана мысал. Туризмге басымдық берген мемлекеттердің шегі жоқ. Көршілес Өзбекстан да көне қалаларымен қатар астанасына дейін туристерді шақырып әлек. Қазақстанда да туризмді дамыту үшін бірқатар бағдарлама жазылып, бюджеттен ақша бөлініп жатыр. Салыстырмалы түрде құйылған қаржы көп емес. Бірақ сол қаражаттың өзі «көзге көрінбейді». Әлі күнге дейін қордаланған проблемалар шешілмей келеді. Туризмдегі кәсіпкерлер де дабыл қағып жатыр. Tengritravel.kz тілшісі Қазақстанда туризмнің дамуын тежеп тұрған мәселелерді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымовтан сұрады.
Фото: © instagram/nurshaty_m
Қазақстанда маусымдық демалыстың табысы төмен, жұмысы көп. Халық тарапынан қызығушылық та жоғары емес. Сол себепті маусымдық туризмге қызығатын маман табу қиын. Кадр жетпейді. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Иә, бұл проблема бар. Қазақстанда жылдың төрт мезгілі де болғандықтан, әр өңір тек белгілі бір маусымда турист қабылдай алады. Мысалы, Алакөл көлінің жағалауында жылына 3 ай ғана жұмыс істейтін 460 орналастыру орны бар. Тек қыста жұмыс істейтін демалыс базалары да сондай – басқа мезгілде жабық. Бір маусымда 460 демалыс базасы бойынша кадрларға орташа қажеттілік шамамен 9 мың қызметкер.
Ұлттық палата ретінде мәселені Үкімет алдында көтердік, Еңбек министрлігі қолдаған және Еңбек кодексіне енгізілген тиісті түзетулер болды. Алайда, бұл түзетулер алынып тасталды, себебі Жоғарғы Сот қолдамады. Енді мемлекеттік органның шешімін күтеміз.
Өткен жылы мен Астанадан Таразға көлікпен бардым. Гугл картамен жүріп, ескі Кеңес үкіметі кезінде салынған жолға түсіп кеттім. Жолда бір жазу жоқ. Айналып шықтым. Қоқыс жәшігі, жол белгісі деген әлі реттелмеген. Жалпы елімізде мұндай қанша белгі керек? Оның саны бар ма?
Сіз атап өткен мысал жұмсақ инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне жатады. Шынымен, туристік орындар мен әуежай, теміржол вокзалындағы жағдайды тексеру, қалааралық жол белгілерін түгендеу ерекше назар аударуды қажет етеді. Ұлттық палата 2020 жылдың маусымында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, туристік маршруттардағы жол белгілерін, қоқыс жәшігі және басқа қажет заттарды түгендеу жұмысын ұйымдастырды.
Республикалық маңызы бар 3 қалада және 14 өңірде ең танымал 430 турмаршрут анықталды. Түгендеу деректерін қарасақ, шамамен 1244 жол көрсеткіші, 613 санитариялық-гигиеналық тораптары, 157 тұрақ жабдығын орнату қажет. 3 132 км кірме жолды жөндеу, 716 қоқыс жәшігін, 1738 орындықты, 800 беседканы, 70 сауда нүктесін және 350-ге жуық қосымша персонал керек. Осы уақытқа дейін жауапты мекемелер осы олқылықтардың орнын толтырған болуы керек.
Туризм дегенде балаларды да ұмытпауымыз керек. Жазғы лагерь, сауықтыру орталықтарының жағдайы қалай? Балаларға демалыс ұйымдастыратын кәсіпкерлердің қандай мәселелері бар?
Бұл бағыттағы мәселеге тоқтақталсақ... Ерекше қорғалатын табиғи аумақта балалардың демалысын ұйымдастырумен және сауықтырумен айналысатын ұйымдар үшін салық бар. Бұл салық кәсіпкерге жүктеме деуге болады. Мысалы, Ақмола облысының «Көкшетау» мемлекеттік табиғи паркінің аумағында орналасқан «Сұңқар» балалар сауықтыру орталығы парктің аумағын кесіп өтетін әр бала, қызметкер және адам үшін 345 теңгеден төлейді.
Жазғы маусымда балалар үшін төлем шамамен 9 млн теңге болады. Тағы жазғы маусымның 3 айында 50 қызметкер үшін 1,5 млн теңге төлейді. Балаларға арналған туристік жолдамалар қымбатқа шықпауы үшін кәсіпкер барлық төлемді мойнына алады, салдарынан балалар демалысын ұйымдастыру табыс әкелмейді. Сондықтан нарықтың осы сегментінен көптеген кәсіпкер басқа бизнеске ауысып жатыр. Бұл проблеманы Ұлттық палата бірнеше жылдан бері айтып келеді, заңнамаға тиісті түзетулер бірнеше рет ұсынылды, алайда Ұлттық экономика мен Қаржы министрліктері мұны бюджетке шығын болады деп қолдамайды. Сонда балалардың есебінен мемлекеттік бюджетті толықтыру болып тұрғаны. Егер бұл мәселе реттелмесе, бизнес бұл салаға мүлдем келмеуі мүмкін.
Кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын алып үлгермейді
Әйтсе де, мемлекет тарапынан қандай да салық жеңілдіктері, қолдау бар. Субсидия бөлінеді. Оны кәсіпкерлер толық алып жатыр ма?
Әрине, мемлекет туризмдегі кәсіпкерлерді қолдауға мүдделі. Қолдап та келеді. 2020 жылдың 1 қаңтарында туризмдегі кәсіпкерлерге шығынның бір бөлігін мемлекеттік қолдаудың жеті шарасы бойынша өтеу бар. Алайда кейбір мәселелердің кесірінен, кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын – субсидияны толық ала алмай келеді.
Мәселен, туристік нысан салу, көлік алу және шетелдік туристерді қабылдау бойынша субсидия алатындар өте аз болды. Ал тау шаңғысы жабдықтарын сатып алуға және жол бойындағы сервис объектілерін салуға шығындарға субсидияны ешкім алған жоқ. Еліміз бойынша субсидиялауға өтінім аз түсті. Себебі өтінім беруге аз уақыт беріледі. Биыл, мысалы, 1 наурызға дейін көбі үлгермеді. Одан қалса, өңірлерде өтінімді қабылдайтын комиссияның құрамы бекітілмей, қиындық туындады. Комиссия болмаған соң кәсіпкерлер өтінім бере алмады. Сөйтіп онсыз да қысқа уақыт одан сайын қысқарды. Алматы және Ұлытау облыстарының туризмнің мүдделі субъектілерінің екі жылдан бері субсидия алуға өтінім беру мүмкіндігі жоқ. Осындай мәселелерде де бар.
Шетелдіктерден туристік алым алудың операторлары болып белгіленген қонақ үйлер бірнеше айдан бері туристік алымның төлеу ережелерін түсіне алмай келеді. Саладағы кәсіпкерлер тарапынан сұрақ көп. Вed tax: жүйесі қалай болатыны туралы нақты ереже бар ма?
Шетелдіктерден туристік алым алу еліміз үшін жаңа тәжірибе болғандықтан, түрлі қиындықтардың болатыны заңды. 2022 жылдың қарашасынан бастап туристік алымды алу бойынша нақты және бірыңғай нұсқаулықтың, болмау салдарынан бухгалтер және салықтық әкімшілендіру мәселелері шешілмей келеді.
Қонақүй бухгалтерлері үшін туристік алымды алу механизмдері бойынша арнайы семинарлар мен видео сабақтарды әзірлеу қажет. Мұны шұғыл жасау керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ, қонақүйлер есеп берген кезде жеңілдетілген оңай формасы болғанын талап етіп отыр. Онда тек қонақүйдің атауы, шетелдік туристердің жалпы саны және туристік жарна бойынша жиналған қаражаттың жалпы сомасы көрсетілгенін қалайды. Қалтаға қонымды қонақүйлерде тұратын, төлем қабілеті төмен шетелдік туристер осы мәселеге қатысты наразылығын білдіріп отырғандығын ерекше атап өткен жөн. Олар сапарлары мен саяхаттары кезінде жалдамалы пәтерлерде тұрақтайтынын жасырмай айтып отыр. Бұл мемлекеттің де, бизнестің де мүддесіне қайшы. Сонымен қатар, барлық тиісті заңнамаға өзгерістер енгенге дейін осы бағыттағы барлық процесті тоқтата тұрған абзал. Жалпы жаңа ережелерді 2024 жылдан бастап Астана және Алматы қалаларына пилоттық режимде енгізіп көрген дұрыс деген ойдамыз.
Елге келген шетелдіктерге виза беру және шекарадағы бақылау 15 сағатқа созылады
Қазақстанға келгенде виза алатын шетелдіктер бар. Кеден бақылауынан өткенде порталдың жұмысы туристерді тежейтінін естідік. Кәсіпкерлер тарапынан шағым жасағандар бар ма?
Иә, Ұлттық палатаға туристік топтарды қабылдайтын туроператорлардан шағым түсіп жатыр.. Мысалы, Тайваннан туристік топты қабылдаған туроператорлар бірнеше мәселенің барын жеткізді. Туристер келген кезде біздің тараптан болған қиындықтарды шешкенше шетелдік әуежайда 15 сағат күтіп тұрады.
Негізгі мәселелерге келген кезде визаны алу үшін ұзақ уақыт күту (бір топ үшін - 3 сағаттан астам уақыт), визалық - көші-қон порталының қателерді айтуға болады. Туроператорлар туристік топтарды көптеп қабылдауды жоспарлап отырғанын ескере отырып, бұл мәселелерді уәкілетті органдар шұғыл шешуі қажет.
Жылдарға созылған жол мәселесі
Туризм туралы айтқанда жол мәселесін қозғамай кетуге болмайды. Қанша турист шағымданып жүргеніне жылдар өтті. Клиентінен қағылған кәсіпкерлер де айтып келеді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, былтыр 39 жобаға қаржы бөлінген. Бұл бағытта кәсіпкерлердің талабы орындалып жатыр ма?
Жол жөндеу деген күрделі мәселеге айналып кеткені рас. Біздің палата жергілікті атқарушы органдармен және турбизнеспен бірлесіп, Қазақстанның туристік объектілеріне апаратын автомобиль жолдары мен кірме жолдарды тексердік. Сонда ел өңірлерінің ұзындығы 4197,6 км автомобиль жолын 166 бағыт бойынша жөндеуге және реконструкциялау қажет екені анықталды. Оның ішінде жергілікті маңызы бар автожолдар - 84, облыстық маңызы бар автожолдар - 33, республикалық маңызы бар автожолдар - 49 болды.
Жалпы 2 мың шақырымға жуық жолға күрделі жөндеу керек. Егер жолдар жөнделсе, онда ішкі туризмнің өзі 1,5 есе артып, жылына 6,3 миллион адамға дейін жетеді. Аралас салалардың дамуына да серпін береді. Сол себепті жол тезірек жөнделсе, туризмнің дамуына кепіл бере аламыз.
Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Рахиля Бекназарқызы