4.05.2023, 14:45
Оқылды: 13

«Бала күнінен шыңдалып өскен ер жігіт әскери өмірге тез бейімделеді»

Отан қорғау  –  ер-азаматтар  үшін қасиетті борыш. «Ел басына күн туса, етікпенен  су  кешетін», кең байтақ даланы қорғайтын ұл тәрбиелеу, жауынгерлік міндетін атқаруға  үгіттеу қазіргі уақытта аса маңызды мәселеге айналды. Осыған байланысты облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов қорғаныс саласындағы жаңалықтар мен мерзімді әскери қызметке шақыру  жөнінде қойған сауалдарымызға жауап берді. 

альберт бекмуханов

– Альберт Маркистұлы, былтыр қанша жігіт әскерге алынды? Әскерге шақырылған азаматтардың неше пайызы әскерге жарамды болып шықты? Биыл қанша жас армияға алынады? Көктемгі кезеңде әскерге шақырту басталды ма?

– Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 4 наурыздағы №827 мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлығына сай былтыр 1263 азаматты Қарулы күштер қатарына тартуға тиіс болдық. Әскерге шақырылған азаматтардың 53 пайызының денсаулығы жарамды және шектеулі жарамды деп танылды. Көктемде 503 адам шақырылды, жоспар 90 пайызға орындалды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 62  (52%),  Қарулы күштеріне 235 (96%), Ішкі істер министрлі-гінің Ұлттық ұланына 206 (105%) сарбаз алынды. Күзгі кезеңде 702 жігітті армияға алу жоспарланғанымен, облыстан 596 адам әскерге аттанды (85%). Олардың 58-і (41%) ҰҚК-ның Шекара қызметіне, 304-і (97%) Қарулы күштеріне, 204-і (93%) Ұлттық ұланға қабылданды. 2023 жылдың наурыз-маусым айларында  601 азаматты әскерге шақыруға тиіспіз.

– Әскерге шақырту комиссиясының құрамында кімдер болады? Куәландырудан өткізуге міндетті медициналық комиссия мүшелеріне қандай талаптар қойылады? Білікті медицина қызметкерлері жеткілікті ме?

– 2012 жылғы 16 ақпандағы ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының талабына сәйкес шақыру комиссиясы және медициналық комиссия құрамы бекітіледі.

Куәландырудан өткізуге қызмет ететін медицина мамандарын жергілікті денсаулық сақтау басқармасы тағайындайды. Жұмыс өтілі, мамандығы бойынша сертификатының болуы ескеріледі. Медициналық куәландыру жұмысының сапасын жақсарту медициналық персоналдың толық болуына тікелей байланысты. Жетіспеген мамандарды сертификаты бар басқа білікті дәрігер-мамандар алмастырады. Аудандық деңгейде медициналық комиссиялар мамандарға мұқтаж. Жалпы облыс бойынша кадр тапшылығы бар (медкомиссиялар құрамының  83,9%-ы ғана толыққан). Бұл республика бойынша көкейкесті мәселеге айналды (облыс бойынша 282,75 штат бірлігі тапшы, оның ішінде қалалық ұйымдарда – 169, аудандық ұйымдарда – 113,75). Биыл өңірге 47 маман келді, оның 26-сы  аудандарға  жіберілді.

– Бұл түйткілді шешу үшін жұмыстанып жатырсыздар ма?

– Кадр тапшылығы мәселесін шешу және медициналық комиссия мүшелерінің жалақысын өсіру мақсатында бірқатар шара қолға алынды. Атап айтсақ, облыстық медициналық комиссиядағы дәрігерлердің еңбекақысы 163%-ға, орта және кіші медициналық құрамдікі  95%-ға өсіріліп, наурыз айынан бастап қайта есептелініп төленді.  ҚР ЖОО түлектерімен, облыстың барлық медициналық ұйымдарының басшыларымен онлайн кездесулер ұйымдастырылды. Enbek.kz порталында жергілікті атқарушы құрылым ұсынатын әлеуметтік қолдау шараларына сай медкомиссиядағы бос орындар туралы ақпарат орналастырылды. Жергілікті бюджет қаражатының есебінен 15 маман резидентурада оқуда. Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін жас мамандарға 1 миллион теңге көлемінде біржолғы өтемақы беріледі. 2022 жылдың сәуір айында облыстық көпбейінді аурухана базасында М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің филиалы ашылды.

Филиалда медицина саласының 13 бағыты бойынша резидентурада (интернатура түлектері) білім алып, ауруханада тәжірибе жинақтайды. Филиалда 700-ден астам резидентті оқыту жоспарланған. Қазіргі уақытта 39 маман біліктілігін  арттыруда.

– Альберт Маркистұлы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің материалдық-техникалық базасы қандай деңгейде? Бұл бағытта қандай мәселелер бар? Аудандардағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер ғимараттарының жай-күйі қалай? Кейінгі жылдары күрделі жөндеу жүргізілді ме?

– Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің материалдық-техникалық базасы жақсы. 2022 жылы Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы, Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандары қорғаныс істері жөніндегі бөлімі әкімшілік ғимараттарының  шақыру (жиын) пункттері екіге бөлініп,  жергілікті атқарушы құрылымдардың теңгеріміне берілді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен ағымдағы және күрделі жөндеу үшін қаражат бөлу жұмысы қарастырылуда.

Қазіргі таңда Бөрлі ауданындағы шақыру (жиын) пункті орналасқан әкімшілік ғимарат 1963 жылы салынған, апатты жағдайда. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Н. Төреғалиев жаңа ғимарат салуға өкім берді және жақында құрылыс жобасына  дайындық  басталады.

–  Кейінгі жылдары қорғаныс істері саласындағы заңдарға қандай толықтырулар мен өзгертулер енгізілді? Әскерге шақырылған азаматтар қалай іріктеледі? Оларға қатысты  талаптар  өзгерді  ме?

– Қорғаныс министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында 2022 жылғы 5 желтоқсанда өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасақталды. Соған сәйкес әскерге шақырылушыларға және әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметін өтеу кезеңінде банктік қарыздар және (немесе) шағын несиелер  бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы төлемдерін кейінге қалдыруға рұқсат етілді. Яғни әскери міндетін атқарған кезеңде шақырылушы азаматтың несие төлемі тоқтатылады.

Интегралдың шлюз базасы жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. Бұл база арқылы барлық ведомствоаралық ақпарат жүйеленіп, әскери есептің электронды жүйесі жүзеге асырылады. Әскерге шақырылушы тұрғылықты жерін өзгерткенде жергілікті әскери басқару құрылымына (военкоматқа) барып, бұрынғыдай әскери есепке отыру жөнінде өтініш жазып отырмайды,  яғни аутоматты түрде әскери есепке тұрады.

Қорғаныс министрлігі және Білім және ғылым министрлігінің арасында 2022 жылғы меморандумға сәйкес әскерге шақырылушылардың және әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызметін өтеп келгеннен кейін, Қазақстанның жоғары оқу орындарына Ұлттық бір-ыңғай тестісіз оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Яғни әскерге шақырылушының әскери қызметін өтеу кезінде жеткен жетістіктері болса, грантқа түсу мүмкіндіктері қарастырылған.

Қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі әскерден кейінге қалдыру және әскерден босату мемлекеттік қызметін көрсетеді. Кез келген әскерге шақырылушы egov.kz порталындағы «Е-Лицензиялау» қызметі арқылы (2012 жылғы  16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңының 35 немесе 36-баптарында көрсетілген негіздер болса) арыз бере алады және төрт күнде жауап алады.

Бұл қызмет көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 5 қарашадағы №605 «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы бұйрығында көрсетілген. Әскерге шақырылған азаматтар денсаулық жағдайына, бойына, біліміне, мамандығына қарай іріктеледі. Оларға қатысты талаптар өзгерген жоқ.

– Әскерге шақырылған жігіттердің денсаулығында қандай кінәраттар көп кездеседі? Қорғаныс істері жөніндегі департамент облыстық білім басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істей ме? Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында қандай іс-шаралар  өткізесіздер?

– Бүгіндері медициналық комиссия қорытындысымен әскерге шақырылушылар арасынан прогрессивті тіс аурулары, миопия, жүрек-тамыр аурулары, дене салмағы индексінің бұзылғаны байқалады. Шақыру комиссиясы денсаулығын оңалту үшін азаматтарға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде емделуге мүмкіндік береді. Батыс Қазақ-стан облысының жергілікті әскери басқару құрылымдары білім басқармасымен (бөлімдерімен) әскери патриоттық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында тығыз байланыс  орнатқан.

Өскелең жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру және оларды Отанға қызмет етуге, ел, жер тарихын құрметтеуге шақырудың, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін және аумақтық біртұтастығын қорғауға үндеудің маңызы зор. Осы мақсатта  жергілікті атқарушы құрылымдардың және облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімдерінің өкілдерімен бірлесе отырып, мектептерде ұйымдастырылатын кездесулерге қатысамыз. Аймақтарда білім бөлімдерінің ықпал етуімен балаларды «Жас сарбаз» клубына және «Smart sarbaz» сыныптарына тарту жұмысы тұрақты жүргізіледі. Бала күнінен спортпен шұғылданып, шыңдалып, шынығып өскен ер жігіт әскери өмірге тез бейімделеді. Жігіттер жастайынан Отанды қорғау –қасиетті борыш екенін түсініп, әскери міндетіне жауапкершілікпен қарағандары абзал.

 

Нұртай Текебаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале