22.10.2021, 11:30
Оқылды: 126

Бала тәрбиесі босаңсып кеткен жоқ па?

Таяуда  Теректі  ауданының  Подстепный  ауылындағы  №1  орта  мектептің оқушылары   арасында орын алған  төбелес  көпшілікті  бейжай  қалдырмады.

Подст1 (2) 

Облыстық полиция департаменті  баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, оқиға 4  қазан күні сағат 19:30-да, яғни сабақ аяқталғаннан кейін болған. Нақтырақ айтқанда,  7 және 8-сыныптар оқушылары арасында  төбелес орын алған. Оқиға салдарынан Подстепный ауылында тұратын  2009 жылы туған Е. есімді  мектеп оқушысы зардап шеккен. Ол Орал қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Соған орай кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі 9 қазан күні Подстепный ауылдық полиция бөлімшесіне  арызбен жүгінді. Аталған дерек бойынша 15 қазанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтіп, онда аталған дерек егжей-тегжейлі  қаралған.

Мәселенің мән-жайын анықтамақ ниетпен әуелі  зардап шеккен 7-сынып оқушысының анасы Мейрамгүл Құбашеваға хабарластық. 12 қазан күні сөйлескенімізде баласының миы шайқалып, ауруханаға түсуіне мектеп әкімшілігі кінәлі екендігін алға тартқан  Мейрамүл Боранбайқызы бізбен «Ертеңіне ауыл амбулаториясында кездессек» деген ұсынысын білдірді. Біз белгіленген уақытта барғанымызда Мейрамгүл Құбашева келген жоқ. Ұялы телефоны сөндірулі болды. Бір сағатқа жуық күтіп, бір хабарын біле алмаған соң №1 орта  мектепке  бас  сұқтық.

Төбелеске кім  кінәлі?

– Оқиғадан кейін, яғни 5 қазан күні таңғы сағат 7.00-де Мейрамгүл Құбашева баласының жағдайын айтып, әлеужелідегі мектеп чатына жазды. Мен вацаптағы жеке чатына хабар жолдағанымда ол кісі ортақчатқа хабарлама жазып жатты да, маған жауап бермеді. Чаттағы жазбаны оқыған соң, анасының жекесіне «Сауығып кетіңіздер» деп жазып жібердім. Содан соң бірден орынбасарларымды жинап, құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысын өткізуді тапсырдым. Комиссия мүшелерінің қатарында мектептің психологі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым, сынып жетекшілері және ата-аналар, оқиғаға қатысқан оқушылар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болды. Оқиға мектептің ішінде болмаса да, дерек тіркелгендіктен, мәнжайды анықтауымыз керек еді. Бұл мәселеге қатысты оқушылар да түсініктеме берді.   Түсініктеме алу барысында екі тараптан да түсінбеушілік орын алғаны белгілі болды. 8-сынып оқушысының айтуынша, жәбірленуші досымен алда келе жатып, қатарлас  сыныпта оқитын оқушыға өздері тиіскен. Олардың арасында дау туған. Жәбірленуші қатарлас сыныпта оқитын баланы ұрып жатқан жерінен 8-сынып оқушысы ажыратпақ болып барады. Ол түсініктемесінде «Мен оны бір соқтым, ол есінен танып құлап қалды. Содансоң бетінен желпіп есін жиғыздым. Досы мамасына хабарласып, баласының құлап қалғанын айтты. Мамасы келіп баласын алыпкетті» деп жазған.

Мейрамгүл Боранбайқызы бізде дефектолог болып жұмыс жасайды.  Ол комиссия отырысындағы сөзінде «Мен баламды оқиға орнынан алып кеттім. Бірақ баламның бетінде дақ, ісік барын бірден көрген жоқпын. Үйге барған соң ол бөлмесіне кіріп кетті. Тамаққа шақырғанда әуелі  келмеді. Үйдегілер қайта шақырып келгенде бетіндегі гематомды көріп, травмпунктке апардым» деді. Дәрігерлер балаға  «орташа жағдайдағы ми шайқалу» депдиагноз қойған. Оны анасынан естідік. Комиссия отырысында біз Мейрамгүл Боранбайқызынан «Кімге шағымданасыз?» деп сұрағанымызда, ол кісі ата-ана мен оқушыларға қояр кінәсі жоқ екендігін айтып, білім ұясында тәрбие жұмысы әлсіз, мектеп әкімшілігіне шағымданамын деді. Мен осы талаптарын жазбаша әкеліп беруін өтінгенімде ол кісі бас тартты. Мейрамгүл Боранбайқызы бұл жерде педагогтан бұрын ана ғой. Сондықтан мектеп директорының оқутәрбие ісі жөніндегі орынбасары ол кісіге жәбірленуші баланың да мектепішілік бақылауға алынатындығын ескертті. Өйткені төбелесті ол өзі, яғни жәбірленген бала бастаған. Кейіннен ол кісі әлеуметтік желіге осы оқиғаны баяндап, жазбалар жариялады. Бірақ жазбада оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғаны нақты көрсетілмеген. Мектептің ауласында, мектеп ішінде болған жағдайға біз жауап береміз. Мектеп ауласынан шыққаннан кейін әрі қарай перзенттерін атаналардың өздері қадағалау керек.  ҚР «Неке және отбасы туралы» заңында оқушының мектептен тыс уақытына ата-ана өзі жауапты екендігі жазылған. Оны мектеп қызметкерлері де, ата-аналардың көпшілігі біледі деген ойдамын. Бұл оқушылар екі жыл қатарынан үйде онлайн оқыды. Сондықтан қазіргі уақытта оқушылар мектеп тәртібіне бейімделуде, – деп мектеп директоры Эльмира Өтепбергенова (суретте) бізге болған оқиға  туралы  айтып  берді.

Біз мектеп директорынан жәбірленуші оқушының анасының фейсбуктегі жазбасына қатысты  сұрақ  қойдық. Онда директордың  қатаң сөгісі бар екені, оған   бір ай ішінде сабақ кестесі мен тарификация бойынша екі рет айыппұл салынғаны, сабақ кестесі оқушыға емес, мұғалімдердің жағдайына қарай жасалатыны жазылған.

– Сабақ кестесін жасақтау, реттеу мектеп директоры  орынбасарының тікелей функционалдық міндеті болып табылады. Маған оқу жылы басталғалы бері ешбір мұғалім сабақ кестесіне сәйкес өз ыңғайына реттеп беруге өтініш жасаған жоқ. Сондай-ақ география пәнінің мұғалімі Тілекқабыл Нұрышевтың арызы негізінде облыстық білім сапасын бақылау департаментінің тексерісі барысында сабақ кестесінде кеткен кемшілік үшін әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша айыппұл салынғанын растаймын. Бірақ бұл айыппұл осы мәселе бойыншабір рет қана салынған болатын.  Салынған айыппұл өзіме қатысты болғандықтан жеке мәліметті менен басқа ешкім білуі тиісті емес еді. Тарификация бойынша  айыппұл салынғаны жөніндегі тағылған айып негізсіз. Мейрамгүл Боранбайқызы жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауап береді, – деді Эльмира  Өтепбергенова.

«Менің   баламның қатысы  жоқ»

Жәбірленген  оқушының анасы, аталмыш мектептің дефектолог-педагогі Мейрамгүл Құбашева  осы жәйттерге қатысты денсаулығы  сыр бергендіктен уақытында кездесе  алмай  қалғанын айтып,  ойын ортаға салды.

– Баламның жағдайы бірқалыпты. Оның  халін сұрап мектептен психолог, мектеп басшысы келген емес. Тек әлеуметтік педагог келіп кетті. Оған қазір өзім психолог, өзім мұғалім  болып, қолдау көрсетудемін. Болған жайтқа орай іс қозғау үшін баламды соққыға  жыққан  оқушыға  қатысты арыз  жазылды. Бірақ артынан «талабым жоқ» деп қайтарып алдым. Себебі мен ол баланы кінәламаймын. Ол да менің балам сияқты өтпелі кезеңде жүр. Ол әдейі  соққыға жығайын деп ойлаған жоқ. Бар мәселе мектеп әкімшілігінің  тәртіпті қадағаламауына байланысты болып тұр. Сондықтан мен ол баланың психологиясына әсер еткім келген жоқ. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторды олардың сыныбына кірмеуін өтіндім. Себебі сыныптастарының көзінше одан жауап алса, ол баланың  психикасына әсер етуі мүмкін. Бұл оқиғаға менің баламның қатысы  жоқ деп ойлаймын.  Ол қасында келе жатқан досын жақтаймын деп осы жағдайға тап болды. Негізгі туындаған жағдайға қатарлас  сыныптың оқушысы себеп болған. Балам қасындағы сыныптасын жақтаған. Оны ұрған 8-сыныптың оқушысы түсінбей қалған.  Есінен танып қалуы себебі – құлаған жерде қатты зат болған сияқты. Себебі әл күнге дейін қарақұсының тұсы ауырып жүр. Мектеп директоры мәселенің аныққанығын білмейді. Ұлымды соққан бала өз кінәсін мойындап, енді қайталанбайды деп кешірім сұрады. Негізі, бұл мәселеден айқай-шу шығарғым келген жоқ. Бар болғаны мектеп ұжымы болып, оқушы тәртібіне араласайық деген ниетпен ортақ чатқа жазған болатынмын. Негізінде тиісті құрылым өкілдерін мен шақыруым керек  қой. Олар әріптес ретінде бірінші менімен сөйлесуі керек еді. Оқиға болған күннің ертесіне  мектепке сөйлесейін деп келдім. Бірақ басшы орнында болмады. Сәлден  кейін телефон шалып, «Осындай кабинетке келесіз бе?» деп шақырды. Мені күтіп отыр екен бәрі. Мектеп басшысының «Қатарлас оқитын баланың ата-анасы балаңызға арыз жазайын деп отыр. Арыз жазған жағдайда осы мәселе қаралады. Сіздің балаңыз да арнайы есепке алынады» деген  сөзжаныма батты. Сондықтан сол жерде «Жәбірленіп, ауруханада жатқан менің ұлым.  Сонда өзі жоқтың көзі жоқ деп жаланы менің балама ысырып қойғыларыңыз келіп тұр ма?»  деп сұрадым.  Ұлым өтірік айтпайды, оған сенемін. Ол спортқа жоқ, бірақ ән айтып, домбыра тартады. Соңына дейін менің баламды кінәлап келді. Ол ауруханадан шығып, есі кіргесін жергілікті полицияға түсініктеме берді. Өзім олардың әңгімесіне араласқан жоқпын, –деді Мейрамгүл Боранбайқызы.

ФБ-дағы   жазба

Жәбірленушінің  анасының фейсбук желісіндегі жазбасынан үзінді  келтіре кетейік. Онда: «Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Осыған дейін көз жұма қарап келдім. Осы жолы жанды жеріме тиді. Бұған дейін білім ошағындағы  тәртіпсіздік туралы мектеп басшысына ескертіп айтып  келдім. Алдын алу жұмыстары жүргізілген жоқ. Осы жағдай болып, тексеріс келеді деген кезде, үш күннің ішінде дайындық жасап қойып отыр. Сонда бұл кім үшін? Кімді алдайды? Оқушылардың жағдайы бірне-ше рет ескертіліп, айтылған болатын. Мектеп басшысы талап ете алмай отыр. Мектеп басшысының қасында тұрып та оқушылар жаман сөз айтатын жағдайға жетіп отырмыз. Мектеп формасы сақталмайды. Тек оқушылардың арасында емес, мұғалімдер арасында да. Ұстаздарымыз өздері дене бітімдеріне қарамастан жабыстырып шалбар киетін болса, оқушыдан не күтуге болады?

Мектеп басшысы оқушы жағдайын білмек түгілі, алаңдамады да. Сыбайластық болған жерде өзіне деген сенім мықты болады ғой. Басында қатаң сөгісі бар бір ай ішінде сабақ кестесі мен тарификация бойынша екі рет айыппұл салынып отыр. Сабақ кестесі оқушы жағдайына қарап емес, мұғалімдердің жағдайына қарай жасалып отыр. Сонда әркім өз мақсатын көздесе, оқушының жағдайын кім ойлайды. Жылы сөйлегенге жібіп, қатты айтқанға жек көрінішпен қарайды ғой қазіргі қоғамда. Жағымпазданған адамның деңгейі жоғарылап тұр, білімі сай келмесе де. Бұл тек өз мүддесін ойлау. Өз жұмысына жауапсыздық танытып отырған басшыға неге шара қолданбай отыр? Сонда оқушының  білімі мен тәртібі маңызды болмай тұр ма? Мектепте орын алып отырған оқиға мектеп басшысының айтуынша, көтеретін үлкен мәселе болмай тұр»  деп жазылған.

Құзырлы құрылымдар не  дейді?

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мамандарының айтуынша, бала ауруханаға 4 қазан күні түскен. Медициналық тексеріс кезінде оқушының бас пен мидың жабық  жарақатын (ЗЧМТ) алғаны анықталған.  Ем алып, жағдайы бірқалыпты болғандықтан,  8 қазан күні ауруханадан шығарылған.

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Фарида Сүлейменова  бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қорытындысы  әлі  шықпаған.

Түйін

Байқағанымыз, соңғы кездері бала тәрбиесі тым босаңсып кеткен секілді. Қоғамдық көлікке мінген шамамен 5-6-сыныптар оқушыларының бейбастақ сөздер айтатынын жиі байқаймыз. Жасөспірім ұл-қыздардың қарияларға орын бермегенін көріп жүрміз. Бір-екеуіне ескертіп, орнынан тұрғызуға тура келді. Мектеп ауласындағы оқушылардың да бір-бірін балағаттап, жаман сөздермен сыбап жатқанын бір емес, бірнеше рет естідім. Таяуда ғана Түркістан қаласында сыныптасынан таяқ жеп, қаза болған оқушының оқиғасы да өзгелерге сабақ болу керек. Әлгіндей қайғылы жағдай баланың жүгенсіз кеткенінен орын алып отыр. Бұған бір жақты мектеп кінәлі деуге болмайды. Арада біраз уақыт өтсе де,  бұл оқиғада оқушылар төбелесіне кім кінәлі екендігі нақты анық-талған жоқ. Осы мақаланы жазу барысында оқушылар арасындағы келіспеушіліктен бөлек мектептегі мұғалімдер арасында өзара түсініспеушіліктер бар екенін байқадық. Әркімнің өз шындығы бар. Бұл мәселені құзырлы құрылымдар анықтап, ақ-қарасын айыра жатар. Дегенмен бала психологиясы, бала құқығы мұғалімдер арасындағы кикілжіңнің  тасасында қалып қоймауы керек.

Р.S. Бет қатталып жатқанда,  бұл мәселеге орай өткізілген БҚО полиция департаментінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның көшпелі отырысының қорытындысы жарияланды. Онда былай деп жазылған: «Орын алған оқиғаға қатысы бар балалар мектепішілік арнайы есепке алынсын. Подстепный ауылындағы №1 орта мектеп әкімшілігінің жауапты лауазым иелері тәртіптік жауапкершілікке тартылсын. Әр сыныптың ата-аналарымен жиналыс өткізіліп, оқушыларды сабақтан кейін үйге алып кету жұмыстары ұйымдастырылсын. Әр сынып жетекшісі оқушылардың сабақтан кейін үйге жеткенін бақылауға алып, орын алған кикілжіңдер бойынша ата-аналармен, оқушылармен жұмыстар өткізсін. Учаскелік полиция инспекторлары мектеп әкім-шілігімен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары арасында тақырыптық сынып сағаттарын, түсіндіру жұмыстарын жүргізсін».

Гүлжамал Жолдығалиқызы,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале