Бұрын кішкентай балалар жылдың маусымы ауысқан кезде көштің қалай, қайда бағытталатынын, су қай жерден шығатынын, тіпті жеті атасына дейін білген. Үлкендер елдің батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман қылатын да тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған. Бала ес білгеннен бастап «Сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқасүйер жарсың, отбасының асыраушысысың» деген сөздерді санасына құйып отырған.
«Тәрбиесіз бала білім ұғар ма,
Олай болса, уысыңнан шығарма.
Ұл мен қызын шолжаңдатса бетімен,
Тартар күйік, ет кескендей етінен» деген қанатты сөздерді Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырда айтып кеткен. Сондықтан аталарымыз ұл-қызын ерекше жақсы көрсе де, шолжаңдатып, еркелетпей, қас-қабағымен тәрбиелеген. Баланы лайықты тәрбиелеуге қазақтар 5-6 жасқа толғанда ғана шындап кіріскен. Осы кезден бастап оларды үй шаруасына араластыра бастаған. Мәселен, ұл бала мал қарауға көмектессе, қыздар тамақ әзірлеу, кір жуу, үй жинау, жүн түту сияқты жұмыстарды жасап, анасына сіңлілері мен інілерін бағуға көмектескен. Ұлының тәрбиесін әкесі, ағалары жауапкершілікке алса, қыз баланың әдепті, иманды, ибалы болып өсуін анасы мен әжесі немесе әпкелері қадағалаған. Оның іс тігіп, тағам дайындай білуін, ұқыпты болуын әрдайым санасына құйып, үйретіп отырған. Ұлының келешекте нағыз ер-азамат болуы, елін қорғап, адал қызмет етуі үшін әкесі жанын салып үйретуге тырысқан. Ат құлағында ойнайтын, қамшы өрудің шебері болатындай етіп тәрбиелеген. Ұл-қызына кішіпейіл, қанағатшыл, қамқор, ізетті бол деп ылғи жалықпай айта берген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпеуді, біреудің ала жібін аттамауды, ешкімге қиянат жасамауды ұқтырған. Бұл – біздің халқымыздың жазу-сызу әлі дұрыс дами қоймаған дәуірлерден бері келе жатқан даналығы.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №8 санынан оқи аласыздар.
Бет материалын дайындаған
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz