4.10.2019, 12:58
Оқылды: 89

Бала тәрбиесіне байыпты қарайық

Бүгінгі жас буын – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі әрдайым басты назарда болуы керек. Кешегі ата-бабаларымыз: «Баланы – жастан...» деп баланы жасынан өнегелі өмірге, адалдыққа, имандылыққа баулыған. Обал, ұят деген сөздер қазақ баласының санасына ерте жастан ұялайтын. Жалпы дінімізде ұрпақ адамға сынақ, аманат ретінде беріледі. Жас балаға жақсы мен жаманды, ізгілікті үйрету ата-анасының басты міндеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Ата-ананың бала алдында үш міндеті бар. Олар балаға жақсы ат қою, дұрыс тәрбие беру, уақыты келгенде үйлендіру», - дейді. Біз сырттан келетін рухани шабуылға төтеп беру үшін, бірінші кезекте ұлттық тәрбиемізді нығайтуымыз керек. 

aset

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрін түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Осы орайда «Баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сұраққа асыл дініміз не дейді деп жауап іздестіріп көрелік. Бала – ата-ананың қолындағы аманат. Олардың жүректері пәк, таза, гауһардай құнды. Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Кез келген пішінге салуға болады. Құнарлы топыраққа ұқсайды. Құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Балаларға иман, Құран кәрім және Аллаһ тағаланың әмірлерін үйретіп сонымен жүруге дағдыландырса, дін және дүние бақытына қауышады. Бұл бақытқа, сауапқа ата-анасы, ұстазы да ортақ болады. Егер балаға бұларды үйретпесе және бұларды әдетке айналдырмаса ол бала бақытсыз болады. Әрбір жасаған жамандықтарының күнәсі ата-анасына, ұстазына да жазылады.

Шығыстың Аристотелі атанған әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қасы, жауы», - деген. Балаға тәрбие анасының құрсағында жатқан кезден бастап беріледі екен. Дінімізде мынандай бір ғибратты әңгіме бар:

«Баяғыда үлкен ғұлама адамға бір сүт сататын әйел келіп: «Сіздің балаңыз күнде шелегімді бізбен тесіп тастайды. Бала-шағамды бағатын күнделікті күнкөрісімнен қағылып жүрмін», - деп баласының үстінен шағым айтады. Әйел кеткен соң ғалым бала тәрбиесінде қай жерден қателік жібердім деп қатты ойланады. Кешке үйге келген соң әлгі оқиғаны әйеліне айтып, мүмкін бала тәрбиесіндегі жіберген қателігімізді сен байқаған шығарсың? - дейді. Әйелі ұзақ ойланып отырып: «Енді есіме түсті. Осы балаға ауыраяқ кезімде лимонға жерік болдым. Бірде көршінің үйіне кірсем, үйінде ешкім жоқ екен. Дастарханда бір табақ лимон тұр. Қызығып кетіп, біреуін инемен тесіп, шырынын сорған едім», - дейді. Сонда ғалым қателіктің қай жерден кеткенін түсініп, сүт сатушыдан кешірім сұрап, сүттің ақысын қайтарып берген екен.

Бұл әңгімеден алатын ғибратымыз баланың ішкен асына дейін адалдан болуы керек. Өкінішке орай, біз баламыздың қарны тоқ, көйлегі көк болғанына қуанамыз. Ал табыстың қандай жолмен келгеніне көп көңіл бөлмейміз. Сондықтан, әрбір ата-ана адал кәсіппен мал тауып, бала-шағасын адал жолмен асырауы керек.

Тәрбиелі, ізгі ұрпақ – адамның артында қалдыратын асыл қазынасы. Ізгілікті перзент ата-анасының ісін жалғастырып, аманатын орындап, үздіксіз оларға дұға жасап отырады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) балаларға атқа мініп шабу, суға жүзу, күрес, садақ тарту сияқты спорт түрлерін үйретуді насихаттаған. Жалпы спорт баланы сергектікке, батылдыққа, тәртіпке және көпшілдікке тәрбиелейді.

Балаға жасынан имани тәрбие беру – жас жеткіншектің бойына адамгершілік, адалдық, әдептілік сияқты көркем мінезді қалыптастырады. Өкінішке орай, біз балаға білімнің әр саласын үйретуге тырысамыз. Алайда, мінез-құлық тәбиесіне көп назар аудармаймыз. Бала бірнеше шет тілінде еркін сөйлеп тұрса да, оның бойында ұлттық тәрбие болмаса,  оның қазақ қоғамына  берер пайдасы  шамалы болады.

Бірінші кезекте жас ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені көбірек дарытуымыз керек. Біздің барлық ұлттық тәрбиелік құндылықтарымыз имани тәрбиемен сабақтас. Ел болашағын ойласақ келешекте ұлттық тәрбие беретін пәндерді мектеп бағдарламаларына кіргізуіміз керек.

Асыл дінімізде айтылғандай әрбір мұсылман адамның шаңырақ көтеріп, ұрпақ сүюі, тәрбиелі ұрпақ өсіру басты міндеті болып саналады.

Бала – адамның бақыты. Алла Тағаланың берген үлкен сыйы және аманаты. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп: «Әкенің балаға берер ең жақсы сыйы – ол тәрбие», - деп бекер айтпаған. Заңғар қаламгеріміз Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - деуі осы хадиспен үндеседі.

Әсет Раманқұлов,

Орал қалалық Тәжиден Батырұлы мешітінің ұстазы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале