Еліміз бойынша сот 600-ден астам адамды ата-ана құқығынан айырды және 340 ата-анаға шектеу қойды.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов айтты.
«Өңірлердегі әкімдік жанынан құрылған ведомствоаралық мобильді топтар қиын жағдайға тап болған 2 мыңнан астам отбасыны анықтап, мәліметтер құзырлы мемлекеттік органдарға жіберілді. Балаларды тәрбиелеу міндетін орындамайтын 6 мыңнан астам ата-ана профилактикалық есепке қойылды», - деді Әсет Оспанов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, балалардың құқығын қорғау комиссия 1800 материал қараған.
«Сот 600-ден астам адамды ата-ана құқығынан айырды және 340 ата-анаға шектеу қойды. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін 12 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кету керек, балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп оқушылары және ата-аналарға тұрақты түрде дәріс өткізіледі», - деді Әсет Оспанов.