Сәрсенбіде Орал шаһарына іргелес қоныс тепкен Круглоозерный ауылында №23 мектепке дейінгі ұйымның жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Қала күні қарсаңында заман талаптарына сай жабдықталған 100 орындық мемлекеттік балабақша есігін айқара ашты.
Мемлекет басшысы балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен 100 пайыз қамтуды тапсырды. Қалада балабақшаларды ашу үрдісі жақсы жүруде. Бүгінде тек мемлекет қаражатына емес, жеке инвестиция есебінен де типтік жобаға сәйкес салынған бөбекжайлар қатары толығып келеді. Қазіргі кезде облыс орталығында 80-тен астам жеке меншік балабақша бар. Соңғы екі жылдың ішінде 600 орындық төрт балабақшаны іске қосқалы отырмыз. Соның бірі осы – балабақша, - деген қала әкімі Абай Шыныбеков ауыл тұрғындарына, балабақша ұжымына және қонақтарға құтты болсын айтты.
Бұдан кейін круглоозерныйлық көпұлтты әжелерден құралған «Қазына» ансамблі ән шырқап, шашу шашты. Инвестор компания «Қамқор Құрылыс» ЖШС-ның директоры Таңат Нұрғазиев шараға жиналғандарды құттықтап, балабақша директоры Светлана Жұмахаеваға символикалық кілт табыс етті.
Ауылдағы 50 орындық балабақша бұрын Круглоозерный орта мектебінің ғимаратында орналасқан еді. 2018 жылы «Қазтелекомның» ескі ғимаратын «Қамқор құрылыс» ЖШС сатып алып, 2020 жылы жеке инвестициясына қайта құру жұмыстарын жүргізген. Жөндеу жұмыстарымен «Aibas Company» айналысқан. Облыстық бюджеттен 203425 млн теңге бөлініп, бұл нысан қалалық білім беру бөлімінің теңгеріміне берілді. Енді, міне, сырты да, іші де көркем, жайлы орынға №23 балабақша қоныс тепті. Ондағы музыкалық және спорттық залдар, дамыту, ойын және жатын бөлмелері, асхана толықтай жабдықталған.
Жалпы ауданы 919,7 шаршы метрді алатын ғимарат өз алдына газбен жылытылады. Орталық сумен қамту жүйесіне қосылған. Жаңа балабақшаның ашылуымен жаңа 20 жұмыс орны ашылады.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, қалада 50 мемлекеттік, 84 жеке меншік балабақшада 16 мыңдай бала қамтылған. Бұдан бес жыл бұрын жеке балабақшалар саны саусақпен санарлық болса, қазір олардың саны – 84. Биылғы шілде айында жеке мектепке дейінгі мекемелерге тапсырыс ретінде 1300 балаға орын берілді. Круглоозерный ауылындағы №23 мектепке дейінгі ұйымның 100 орын болып ашылуы осы ауылдағы балақандарды балабақшамен толық қамтуға мүмкіндік берді. Шаһарда 10 мыңдай бала бөбекжай кезегі тізімінде тұр. 3-6 жас аралығындағы балақайлар мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайыз қамтылған.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz
Гүлдана Әжғалиева,
Круглоозерный ауылының тұрғыны:
- №23 бөбекжайға Сымбат, Сұлтан, Ислам есімді балапандарым барды. Қазір олар мектепте білім алуда. Енді жаңа балабақшаға Инабат балам барып жүр. Мұндағы тәрбиешілер мен олардың көмекшілері, жалпы ұжымдағылар балаларға мейіріммен, қамқорлықпен қарайды. Содан да шығар, демалыс күндері үйде болғанда балабақшаға барамын деп тұрады. Өзім амбулаторияда медбике болып алаңсыз қызмет етемін. Балаларымның тәрбиешілері Жеміс Батырғалиқызына, Мархабат Мақсотқызына жақсы тәлім-тәрбиесі үшін ата-аналық алғысымды айтамын.